ҚАЗАҚ НЕОГРАФИЯСЫ – ҚОҒАМ ЖАҢАРУЫНЫҢ АЙНАСЫ
Мақала қазіргі қазақ тіліндегі лексикалық жаңашылдықтарды қазақстандық қоғамдағы өзгерістердің айнасы ретінде қарастырып, осыған байланысты оларды жинау, зерттеу, бірізді түсініктемелер беру және лексикографиялық анықтамалар жасау мәселелеріне арналған. Зерттеу барысында қолданылған полипарадигматикалық талдау жаңа сөздер мен жаңа қолданыстарды кешенді түрде әдеби тіл нормасына сәйкестілігі, узуалды немесе окказионалды тілдік бірлік болуы, варианттылығы, өнімділігі, жаңалығы тұрғылардан сипаттама жүргізуге мүмкіндік берді. Тілде орын алып жатқан лексикалық инновациялар мен даму барысын қадағалау негізінде жасалған қорытындылардың лексикографиялық қырлары қазақ неографиясын қоғам жаңаруының айнасы ретінде қызығушылық туғызады.
Тірек сөздер: неография, жаңа сөз, қазақ тілі, жаңа сөздер мен жаңа қолданыс сөздігі.
Еліміз егеменді мемлекет болып, қоғамда жүріп жатқан әр алуан саяси–мәдени реформалар өмірге жаңа ұғым, жаңа құбылыстармен бірге олардың атауларын да коммуникативтік қажеттіліктен қолданысқа енгізіп, көптеген жаңа сөздердің (лексикалық бірліктердің) пайда болуына алып келді. Бұл – қоршаған болмыстағы өзгерістерге тілдің негізгі қарым–қатынас құралы ретіндегі басты қызметін атқаруға деген қоғамдық қам– харекеті әрі тілге тән табиғи заңдылық. Сондықтан тәуелсіздік кезеңінде көптеген жаңа сөздердің туындауы – көпұлтты Қазақстан халықтары тілдерінің бәріне ортақ құбылыс деп білеміз. Ал, басқа тілдерге қарағанда қазақ тіліндегі неологиялық зерттеулердің белсенді жүргізіле бастауы, мемлекеттік тіл мәртебесіне байланысты жаңа лексикалық бірліктердің пайда болу факторлары ерекше қызығушылық тудырып, зерттеушінің назарын көбірек аудартады.
Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жарияланған материалдарды талдау нәтижесі тілдегі жаңа сөздердің пайда болу, қалыптану (кодификациялану) үрдісін зерттейтін сала ретінде неологияның едәуір жанданғанын көрсетеді. Жаңа сөздерді зерттеуші тіл мамандары соңғы он бес – жиырма жыл аралығында неологияны тіл білімінің лексикологиясы мен сөзжасамының арасындағы бағыт деп танитын болды. Бұл көзқарас әрбір жаңа сөз бен қолданыстың тілде белгілі сөзжасам тәсілдер арқылы пайда болатынына негізделеді. Сөзжасам барлық сөздердің тілде пайда болу жолдары мен әдіс–тәсілін қарастырса, неология – тек қана жаңа сөздердің сөзжасамдық құрылымы мен тетіктерін талдайды.
Бұл – жаңа сөздердің лексикалық–семантикалық, стилистикалық және басқа да сипаттамаларын ескере отырып, оларды бір жүйеге түсіру (тәртіпке келтіру), тілдің лексика жүйесіндегі алатын орнын талдау қажеттілігін аңғартады. Жаңадан пайда болған сөздердің үлкен легі «тілді тұтынушылардың» әлеуметтік–коммуникативтік сұраныстарына сәйкес қандай да коммуникативтік жағдайларда қолданыс аясына қарай ажыратылады, лексикалық дублет сөздердің бірқатары тіл тәжірибесінде орнықпай, қолданыстан шыға бастайды. Ал синоним сөздердің семантикалық, стилистикалық немесе эмоционалды–экспрессивтілік ерекшеліктері мен сапа–белгілері нақты жіктеле келе, мәнмәтіндегі қолданылу мүмкіндіктері де айқындала түседі. Сонымен, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген, ғасырлар тоғысқан кезеңде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің сөздік қорында бұрын–соңды болмаған жаңа сөздер мен жаңа қолданыстар пайда болып, неологизмдер қатары өсуде. Олар реттеліп, лексика–семантикалық, стилистикалық мәнді белгілері, ерекшеліктері көрсетіліп, қолданыс аясының ара–жігі анықталып жүйелене түсті.
Қазіргі неологияның екі бағытта дамуы белгілі. Олар сөздік қорының жаңару мәселелері мен жаңа сөздердің лексикографиялық сипаттамасын анықтау.
Қазақ әдеби тілі лексикасы динамикасындағы жаңалықтар мен өзгерістерге байланысты ғылыми сипаттағы лексикографиялық еңбектер қатарында атқаратын маңызды істердің бірі – тіл дамуының белгілі бір кезеңінде пайда болған жаңа атаулар мен қолданыстарды тану, бір жүйеге түсіріп жинақтау, олардың қолданыстағы жай–күйін жіті қадағалап отыру. Бұл бағытта алғаш рет қолға алынған ғылыми–тәжірибелік ізденістер 1985–1990 жылдардағы авторлар ұжымы дайындаған «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» атты жинақтан, 1992 жылғы «Жаңа атаулар» сөздігінен басталып, бүгінде жалғасын тауып отырған ғылыми– теориялық зерттеулердің жүргізілуі мен сөзжасам, терминжасам тәжірибесіне негізделген қазіргі қазақ тілі лексикасынының даму сипаты көрсетілген еңбектердің жарыққа шығуы болып табылады. Демек, қазақ әдеби тіліндегі лексикалық «жаңалықтарды» дер кезінде жинақтап, қолданыстағы нормалық шегін, мағыналық өрісін анықтау маңызды болмақ. Проф. Ш. Құрманбайұлының: «Соңғы жылдар көлемінде қазақ тіліндегі сөзжасам, терминжасам үдерісі біршама жанданып, сөздік құрамымызға жүздеген жаңа атаулар қосылды. Сондай атауларды уақтылы жинақтап, олардың қолданысын қадағалап отыру тіл үшін өте маңызды. Мұндай жұмыс лингвистер тарапынан жүйелі түрде жүргізіліп отырмаса, жаңа қолданыстарды дер кезінде сараптан өткізіп, олардың арасынан сәтті жасалғандарын іріктеп алу мүмкіндігін қолдан шығарып аламыз» деген ой–пікірінде бұл мәселеге тіл мамандары тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыру қажеттілігі баса айтылған [1, 4].
Тілде жаңа сөздер мен мағыналардың пайда болуы – тіл үшін оның өміршеңдігін дәлелдейтін табиғи үдеріс. Бұл бізді қоршаған ақиқат өмірде болып жатқан жаңалық– өзгерістермен байланысты және де бүкіл қолданыстағы тілдерді олардың ажырамас қасиеті ретінде сипаттайды. Табиғат пен қоғамдағы ақиқат өзгерістерден басқа танымның үнемі жаңарып отыратын үздіксіз үдерісі жаңа сөздер мен мағыналардың жасалуында маңызды рөл атқарады, олардың нәтижесі жаңа сөздерден көрініс табады. Осыған байланысты жаңа сөздер туралы ғылым ретінде неология: а) тілдің даму жүйесінде оның әлеуметтік–тарихи шарттылығы ретінде жүретін номинативтік үдерістер механизмін табуға және сипаттауға тиісті тілдің сөздік құрамын толықтыру мәселелеріне арналған зерттеулерден және ә) жаңадан пайда болған лексикалық–семантикалық сөздердің әрбірінің мағынасы, басқа сөздермен тіркесі тізімінен тұратын және сондай зерттеулердің өзінше нәтижесін көрсететін сөздіктер мен жаңа сөздердің анықтамалықтарынан тұрады. Мұнда, кейбір ғалымдардың пікірінше, ондай сөздікте белгілі уақыт ішінде пайда болған неологизмдер келтірілгені өте маңызды, тіпті егер жаңадан пайда болған сөз бір рет қолданылса да окказионализмге жатады [2].
Дамыған тілдерде, зерттеулер мәліметі бойынша, бір жылдың өзінде газет– журналдардан жазып алынған неологизмдер саны ондаған мың бірліктерді, жаңа атауларды құрайды. Олардың қолданысын қадағалап отыру, жіті бақылау, мағынасын түсіну, стилистикалық мәніне байланысты ерекшеліктерін білу және т.б. қарапайым тіл қолданушы үшін лексикалық қорымызда болып жатқан жаңалықтарды толық тану мүмкін емес. Мұндай жағдайда жол табудың бір амалы – белгілі бір дәуірде, кезеңде пайда болған жаңа сөздерді жинақтап бірізге түсіру, мағынасын түсіндіру, яғни лексикалық инновациялар үдерісінің даму сипатын айқындайтын арнайы неологизмдердің сөздігін жасау әрекеті болмақ.
Жаңа сөздер пайда болған хронологиялық (мерзім) межесін көрсету неліктен маңызды? Бұл жөнінде тіл білімінде біршама теориялық тұжырымдар жасалған. Қазақ терминологиясын бірізділендіру және аударма жасаудың нәтижесінде пайда болған жаңа қолданыстарды сөз мәдениеті аспектісінде зерттеген Айман Алдаш орыс тілінде лексикалық «жаңалықтарды» даралау үшін бірнеше көрсеткіш (автордың терминологиясында – межелер) ұсынылғанын атап өтеді: «…солардың ішінде зерттеушілердің негізгі тірек ететіні – жаңа сөздердің пайда болған мерзімі. Бұл белгі–меже аса маңызды, өйткені ол сөзтізбе жасау, картотека қорын түзу жұмысымен тығыз байланысты» [3, 43]. Демек, тілдік хронологиялық өлшем бойынша лексикалық жаңа бірліктерді топтастыру да аса маңызды болып табылады. Бұл бағытта біраз еңбектер жарияланып, олардың сөзжасамдық, терминдік табиғаты, нормалану дәрежесі мен әдеби тілде қалыптану мәселелері қарастырылған. Әсіресе, академик Р.Сыздықтың еңбектерінде бұл мәселелер кеңінен талқыланып, лингвистикалық сараптаудан өткізіліп, тілдік деректермен дәйектеліп тұжырымдалады [4]. Айталық, ғалымның тілдегі жаңалықтар жайлы мына бір таным–түсінігіне назар аударалық: «Жаңа қолданыстарды өзге де тілдер тәжірибесіндей, қазақ дүниесінде де жаңа қолданыстарды тіркеп, түсіндіріп, мысалдарын келтіріп ұсынып отыруды бастағанымыз да, әрі қарай жүргізіле беретіндігіміз де құптарлық іс. Және жаңа сөздер мен жаңа мағыналарды жинастыруды кезеңдерге орай әрбір 10–15 жыл барысындағы лексикалық жаңалықтар деп жүргізген тиімді. Мұндайда ең соңғы жаңа бірліктермен қатар, мұның алдындағы онжылдықтарда пайда болғандарының орнығу немесе ығысу процесі көрінетін болады, бұрын сәтсіз шыққандарының алмастырылғаны, қысқасы, «қозғалыс» сипаты айқындала түседі» [5, 181]. Осы сөздікте жиналған материал соңғы ширек ғасырда пайда болған лексика–семантикалық «қозғалыстар» сипатының нақты көрінісі десе артық болмайды. Мысалы, айдар, әпенді, баян, жүктеу сияқты сөздер бұрыннан қазақ тілінде болғанымен (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде берілген), жаңа мағынамен қолданысқа кіргендіктен бұл еңбекте де тіркеліп орын алды.
Бұл қайсыбір тілде пайда болған неологиялық бірліктердің «жаңалық» сипат– белгілерін өте жылдам жоғалтып, жалпы ұлттық әдеби тілдің игілігіне айналуымен байланысты. Демек, жаңа сөздер мен мағыналар сөздігінің міндеті – тілде пайда болған жаңа сөздерді дер кезінде байқау, тілді кез келген пайдаланушы оларды бірдей дәрежеде түсінетіндей және өз сөзінде қолданатындай етіп олардың мағынасы мен қолдану ерекшеліктерін тани білуі тиіс. Бұл, өз кезегінде, қоғам мүшелерінің тиімді әрі ыңғайлы қарым–қатынас жасауына жағдай туғызады.
Егер «тіл тұтынушысы» бір тілді емес көп тілді білетін болса, жаңа сөздер мен мағыналар сөздігіне деген қажеттілік арта түседі және бұл жердегі негізгі мәселе әр тілде сөйлесушілерді бірлестіруге, олардың өзара түсінісуін мен ынтымағын қамтамасыз етуге бағытталған біріктіруші міндет жүктеледі. Бұл – мемлекеттік тілді игерту тұрғысынан шешімін табуы тиіс. Өйткені мемлекеттік тілді нашар білетін және оны жаңадан үйреніп жүрсе де, сол тілде сөйлесуге бар ынта–ықыласымен кіріскен адамдар түгілі сол тілде еркін сөйлейтін адамдар арасында да жаңа сөздер легін игеріп үлгермейтіндіктен, тілдік кедергілер пайда болуы мүмкін, сондықтан жаңа сөздерді көпшілікке барынша түсіндіріп отыру аса қажет.
Жаңа сөздер мен мағыналар сөздіктері лексикографиялық тәжірибеде ерекше орын алады, өйткені белгілі уақыт ішінде қандай да бір тілде пайда болған жаңа сөздерге, жасалуы мен қолданысына тіл мамандарының айрықша назар аударуына мұндай сөздіктердің ықпалы зор және тіл қолданушылар арасында жаңа сөздер мен оның мағыналарын жете тануға, оларды тілдік тәжірибеде дұрыс қолдану қағидаларын игеруге бағдар болатыны даусыз. Неологизмдердің дәлме–дәл ұғымдық көрінісін, олардың мағыналарын, қолдану ерекшеліктерін түсіндіру міндеті жүктелген жаңа сөздердің арнайы сөздігін жасау қажеттілігі әлеуметтік–экономикалық және лингвистикалық факторлардан туындайды. Қазіргі қазақстандық қоғамда жүріп жатқан «лексикалық дүмпу» жағдайларында қазақ тілі жаңа сөздері мен мағыналары сөздігінің маңыздылығы олардың мемлекеттік тілде сөйлесуге ұмтылған адамдардың әлеуметтік қажеттілігіне айналып отырғандығынан деп түсіну қажет. Тілде пайда болған жаңа сөз тілдің сөздік құрамын толықтыру көзі болғандықтан, жаңа лексикалық қолданыстарды тіркеу, олардың тілге немесе сөзге қатысты дәрежесін бағалау – неологиялық сөздіктердің міндеті болып табылады. Олар белгілі бір тіл құралдары арқылы берілетін шағын мәнмәтінді, олардың лексикалық маңызын грамматикалық және стилистикалық ерекшеліктерін ескере отырып, лексикалық жаңа сөздерді қолдану шарттарын көрсету сияқты практикалық міндеттерді шешуге арналған және тілдік инновация маркерлері қызметін атқарады. Жаңа сөздердің пайда болу механизмін теориялық тұрғыдан түсіну, тілде олардың туындау себептері мен заңдылықтарын анықтау, тілдің әрбір даму кезеңіндегі олардың мәртебесін белгілеу және т.б. жаңа сөздердің арнайы сөздіктерінде қазіргі қазақ тілінің лексикалық инновация үдерісін толық көрсету мүмкіндігін береді.
Жаңа лексикалық бірліктер сөздіктері жалпы лексикографиялық жүйеде өз орны белгіленген ерекше микрожүйе жасайтыны анық. Сөздіктердің тәжірибедегі жіктелуін ескере отырып, қазір қолданыстағы қазақ неографиясын құрайтын сөздіктерін [6] тілі бойынша – бір тілді; лексикалық ауқымы бойынша – арнаулы; көлемі бойынша – толық; безендірілуі және ақпаратты нақтылау бойынша – баспалық, сөздік корпусында материал беру тәртібі бойынша – жиілікті деп бөлінетіндігін ескерген жөн.
Неологиялық сөздіктерді зерттей келе, жаңа сөздерді лексикографиялық сипаттауға арналған ғылым ретінде неографияның белсенді дамуын атап өткен жөн, оған жаңа сөздер ғұмырындағы сатылық идеясының авторы, Ресей ғалымы Н.З. Котелованың еңбектері дәлел бола алады, бұл идеяның негізінде сөздер ғұмырының үш басқышы немесе үш сатысы туралы ілімі жатыр. Сонымен, сөз ғұмырының бірінші сатысы – сөйлесудің әрқилы талаптарынан туындаған, нақты коммуникатор сөйлегенде (жазғанда) сол сөздің пайда болуы; екінші сатысы – сол сөздің реципиенті (тыңдаушының сөзіне қосылуы; үшінші сатысы – сол сөздің жаппай қолданысқа енуі. Сөздің сатылы дамуына құрылған неологиялық сөздіктер типологиясына сәйкес тілдегі жаңа сөздің ғұмырын көрсететін басылымдардың үш түрі бар: бұл: а) күтілмеген тілдік өзгерістер легін көрсететін жыл сайынғы сөздіктер; ә) он жылдық кезеңді қамтитын анықтамалық сөздіктер, немесе Н.З. Котелованың терминологиясы бойынша, жаңа сөздер мен мағыналардың «онжылдық» сөздіктері [7]; б) неологиялық түсіндірме сөздіктер, немесе бірнеше онжылдықта пайда болған сөздерді қамтитын, әлі академиялық түсіндірме сөздіктерге енбеген, бірақ жалпы қолданыста (узуста) орныққан [8; 50] неологизмдер жиынтығы. Егер сөздіктердің алғашқы екі түрі жаңа сөзді сипаттау міндетімен шектеліп, нормативтік мақсаттар қоймаса, сөздіктің үшінші түрі қалыпты норма жүйесіне жатады: тек «уақыт сынағынан өткен», жалпы тілдік игілікке айналып, әдеби тілге енген сөздерді ғана қабылдайды.
Жоғарыда айтқандай, еліміз тәуелсіздікке ие болып, соңғы ширек ғасырдан астам кезеңде қоғамдағы көптеген өзгерістерге сай жаңа сөздердің пайда болуы қазақ неографиясын жаңа ізденістерге тартады. Соның ішінде қазіргі қазақ тілінің жаңа сөздер мен жаңа қолданыстар сөздігін құрастыру қажеттілігінен туындайтын лексикографиялық тәжірибеде қалыптасқан ұстанымдарға көз жүгіртсек. Олар сыртқы өлшемдер (кіріспе бөлімі, қысқартулар тізімі, сөздіктің өзі, түрлі қосымшалар) мен сөздік құрастырудың негізгі өлшемдерін ажырату деп бөлінеді. Сыртқы өлшемдер қатарына, болашақ қолданушы тұрғысынан қарағанда, сөздіктің коммуникативтік мақсаты мен міндеті, сөздік көздерінің саны мен сапасы жатады. Сонымен бірге сөздіктің макро– және микроқұрылымы (материалдың орналасуының дәстүрлі әліппелік ұстанымы т.б.) деген ұғымдар да ескеріледі. Сөздік мақаласына (словарная статья): бас сөз, оның анықтамасы (дефинициясы), грамматикалық, стилистикалық белгілер және дәйексөздер (мысалдар) кіреді.
Қазіргі неографияда cөздік корпусын құрастыру және неологиялық типтегі сөздік мақаласының анықтамалықтарын дайындау мақсатында арнайы ұсыныстар жасалды. Мәселен, неологизмдер сөздігінде:
— сөздермен бірге басқа да лексикалық жаңалықтарды да, мәселен, сөздердің жаңа мағыналарын, жаңа морфемаларды, тұрақты сөз тіркестерін (дәстүрлі түсіндірме сөздікте сөз сөзтізбенің негізгі элементі болып табылады) белгілеп қою мақсатқа лайық болуы керек;
— авторлық сөз тіркестері болмауы тиіс: жаңа сөз шынайы және қатаң құжаттық мәнмәтіндер күйінде (авторлық сөз тіркестері ерекшелігі болып табылатын кейбір түсіндірме сөздіктерден өзгеше) берілуі керек.
— көркемдеу материалы міндетті (түсіндірме сөздікте көркемдеу материалы факультативті);
— сөздің этимологиясын барынша толық және дәл келтіру қажет, бұл оның семантикалық–деривациялық «уәжін» айқындайды және жаңа сөздік бірлігінің мағынасы мен қолданысына демеу болады:
— сонымен қатар, белгіленген тілдік бірліктер қолданылатын мәнмәтіннің құжаттық және жағдаяттық құрамдас бөліктерін нақтылау үшін ақпараттық категориялар жүйесін үнемі жетілдіріп отыру, белгілердің қосымша әрекет–тәсілдерін енгізу ұсынылады.
Бұл сөздік мақаласын прагматикалық аймақпен толықтыру, яғни жаңа сөзді: а) әлеуметтік және кәсіби көрсеткіш; ә) жаңа сөздік бірлігін жасына, ұлтына, аумақтық ерекшелігіне қарай қолдану; б) жағдайдың үндестігі (ресми – бейтарап – ресми емес); в) сөздің диахроникалық тереңдігі (архаикалық – тарихи – жаңа); г) оны қолданудың жиілігі бойынша сипаттауға мүмкіндік береді. Бұдан байқайтынымыз, сөзтізбе сөздік мақаласына прагматикалық аймақтың енгізілуі неологизмдерді сөздік қолданушы мүддесінде дәлірек лексикографиялық сипаттауға жағдай жасайды, бұл тілге дұрыс көзқарасты қалыптастырады.
Қорытындылай келе, қазақ тілі жаңа сөздерінің сөздіктерін қалыптастыру «тіл тұтынушысы» көзқарасы тұрғысынан жасалған белгілі бір өлшемдер (критерийлер) негізінде жүзеге асырылады. Жаңа лексикалық бірліктерді сипаттауға арналған неографиялық басылымдар жаңадан пайда болған сөздер жайлы барынша толық ақпарат береді: жұртшылық тарапынан жаңа атаулардың қабылдану деңгейін анықтайды, ойды жеткізудің құралдары мен тілдік формаларының даму сипатын көрсетеді, сөздіктің мақсаттары мен міндеттері, оның макро және микроқұрылымын қалыптастыратын көздері мен өлшемдері туралы мағлұмат береді, бұл аталым (номинация) актілерінде көрініс табатын адамзат қоғамы тарихын дәл бақылап отыруға мүмкіндік береді әрі «тіл тұтынушысының» жаңа сөзді дұрыс түсініп қабылдауына зор септігін тигізеді.
Тілдің әлеуметтік тұрғыда әртараптануына әкелетін әлеуметтік факторларды ескеру жаңа сөздер мен жаңа қолданыстарды функционалды–прагматикалық тұрғыда қарастыруды талап етеді. Сондықтан жаңа сөздер мен белгілі сөздің жаңа мағынасын (соның негізіндегі жаңа қолданысын) тілдесу (қатынас) кезінде пайда болатын түрлі жағдаяттар мен коммуникатордың жасы, айналысатын кәсібі, мамандығы, білімі, ұлты, жынысы т.б. ерекшеліктеріне байланысты туындайтын жаңа мағыналар мен жаңа мәнмәтіндерге мұқият көғіл бөліп, тереңірек зерттеуді қажет етеді. Тілдесудің жағдаяты бірдей болғанымен әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері белгілі сөзді өздеріне тән лексика–семантикалық вариантта қолдануы немесе керісінше бір тұлға әртүрлі тілдесу жағдаятта экстралингвистикалық факторларға сай әртүрлі сөйлеу әдебі мен мәнерін қолдануы әбден орынды. Сондықтан біз осындай жайттарды ескере отырып, сөздер мен мағыналарды талдау барысында кең мәнмәтін аясында қарастыруды жөн көрдік. Белгілі сөз жаңа, бұрын қолданбаған сөз тіркес пен сөйлемде, тақырыбы басқа контекстте көрініс тапқан кезде сол жаңа қолданыс әрі қарай жалғасын тауып тілге сіңе бастауы мүмкін немесе сол бір қолданыспен ғана шектеліп қалуы да кездеседі (мысалы, отбасы – жанұя – үйелмен).
Сөздікте, лексикографиялық дәстүр бойынша, омоним сөздер арнайы белгіленуі қажет. Мысалы: Белтемір І – гриф (штанги) и Белтемір ІІ – турник. Кейбір жағдайларда, сөздің мағынасын нақты белгілеу үшін, аударманың мағынасы күңгірттеу болып көрінгенде, оның мағынасын айқын көрсету үшін қосымша түсініктеме беріп, сөзбе–сөз аудармасын да беріледі. Мысалы: Еншілес – дольщик, досл.: имеющий долю.
Неологияда өзекті болып табылатын мәселелер бұл зерттеуде әрбір лексикалық бірлікті сараптауда орын алуы анық. Олар, мысалы:
– жаңа сөздер мен жаңа қолданысқа әкелетін жаңа мағыналардың айқын көрсеткіші – стилистикалық бояуы десе болады, себебі жаңа лексикалық бірлік тілде пайда болғанда, біраз уақыт стилистикалық бояуын сақтайды. Тек көпшіліктің қолданысына енгенде ғана оның жаңалығы жойылып, стилистикалық тұрғыда нейтралды бірлікке айналады;
– жаңа лексикалық құрылымдарды қоғамның прагматикалық қажеттіліктерімен сәйкестендіре талдау;
– олардың құрылымдық модельдері мен бірге қолдануына қойылатын тыйымдарды қарастыру;
– әртүрлі әлеуметтік–кәсіби, жастарына байланысты, тағы басқа топтардың жаңа сөздерге деген көзқарастарын қалыптастыру (қабылдануы/ қабылданбауы) ;
– тілдің әлеуметтік тұрғыдан бөлінуін ескере отырып
Әдебиеттер 1 Құрманбайұлы Ш. Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар. – Алматы: Сөздік–Словарь,
2012. – 294 б.,
2 Заботкина В.И. Новая лексика современного английского языка: учеб. пособ. для инс–тов и фак–тов иностр. яз. – М.: Высшая школа, 1989. – 126 с
3 Алдаш А. Сөз мәдениеті: жаңа қолданыстар негізінде. Монография. –Алматы: Сардар, 2015. – 43 б.
4 Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілі – 60 жылда (дамуындағы тенденциялар) // Қаз ССР ҒА Хабарлары. Тіл–әдебиет сериясы. 1977. – №3, 1–8 б.
5 Сыздық Р.Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар. – А., 2009. – 181–б.
6 Сыздықова Р., Сарыбаев Ш., Алдашева А., Уәлиев Н. Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар. – Алматы: Ғылым, 1990. – 136 б.; Құрманбайұлы Ш. Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер. – Астана: ІС–Сервис ЖШС, 2009. – 256 б.
7 Новое в русской лексике. Словарные материалы. Под ред. Н.З.Котеловой. – М.:
Русский язык, 1980; 1981; 1986; 8 Котелова Н.З. Проект словаря новых слов. – Л., 1982. – 210 б.
Б.Х. Исмагулова, Г.К. Тойшибаева
КАЗАХСКАЯ НЕОГРАФИЯ – ЗЕРКАЛО ОБНОВЛЕНИЯ ОБЩЕСТВА
Статья посвящена рассмотрению лексических новаций в современном казахском языке как отражении происходящих в казахстанском социуме перемен и связанной с этим проблемы их собирания, изучения, единообразного толкования, лексикографического описания. Использованный в работе полипарадигматический подход к неологизму как ключевой единице неологии позволил осуществить комплексный анализ новообразований (слова или его значения) в аспекте нормативности, узуальности / окказиональности, вариативности, продуктивности, новизны. Результаты мониторинга происходящих в языке лексических инноваций и тенденций дальнейшего развития представляют интерес в лексикографическом аспекте и дают основание рассматривать казахскую неографию как отражение обновления общества.
B.Kh. Ismagulova, G.K. Toyshibayeva
KAZAKH NEOGRAPHY – A MIRROR OF SOCIETY RENEWAL
Article is devoted to consideration of lexical novations in a modern Kazakh language as a reflection of changes happening in the Kazakhstan society and the problems of its collecting, studying, uniform interpretation, the lexicographic description connected with it. The polyparadigmatic approach to a neologism used in this paper as a key unit of neology allowed to carry out the complex analysis of new growths (words and its meanings) in the aspect of normativity, uzuawity / occasionality, variability, efficiency, novelty. Results of monitoring of the lexical innovations and tendencies of further development occurring in a language are of interest in a lexicographic aspect and give the grounds to approve the Kazakh neography by a mirror of society renewal.
ӘОЖ 801.31.313.4 (5Қ)
А.К.Колпенова, Б. Шалабай
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті,
Көкшетау қаласы, Қазақстан
k.asiya_k@mail.ru, bshalabai@mail.ru
ТҮРКІ ӘЛЕМІ САБАҚТАСТЫҒЫ: МӘДЕНИ–ТІЛДІК ЭТНОНИМДЕР (А. ӘБДІРАХМАНОВ, О.А. СҰЛТАНЬЯЕВ ЕҢБЕКТЕРІ БОЙЫНША)
Лингвистиканың жаңа парадигмада зерттелуі ономастика мәселелерінің де кешенді сипатта, ғылымдардың тоғысында қарастырылу қажеттілігін күшейтіп отыр. Осыған орай мақалада ономастиканың бір саласы топонимиканы да жаңа аспектіде қарастыру мақсат етіледі. Мақалада Көкше өңірінен шыққан тілші–ғалымдар Айтым Әбдірахманов пен Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевтың еңбектері бойынша топонимдер мен этнонимдердің этимологиясы этнолингвистиканың объектісі ретінде зерделенеді. Этнонимдер мен этнотопонимдердің түркі халықтарының мәдени–тілдік сабақтастығын тарқатар жәдігерлер екені тұжырымдалады. Этнонимдер этномәдени құндылық ретінде және түркі халықтарының ортақ мәдени сабақтастығын айқындайтын тілдік феномен ретінде танылады.Сондай–ақ мақалада этнонимдердің халықтың ментальді танымындағы бейнесі көрсетіліп, түркі халықтарының болмысы, танымы, менталитеті туралы пайымдаулар жасалады. Мақалада А.Әбдірахманов пен О.А. Сұлтаньяевтың «Көкшетау өңірінің жер–су атаулар сөздігі» еңбегінің Көкшетау өңірінің сан ғасырлық тарихынан сыр шертер құндылығы айрықша аталып, «Арықбалық» және «Зеренді» топонимдерінің этимологиясы түркі халықтарына ортақ тілдік–мәдени,тарихи аспектіде қарастырылады.
Тірек сөздер: этнолингвистика, этноним, этнотопоним, топоним, түркі әлемі, тарих, ұлыс пен ұлт, мифология.
Әрбір тарихи–әлеуметтік кезеңнің өзіндік рухани құндылықтарын қалыптастыратын таным–талғамы өз кезегімен келесі тарихи кезеңдегі жаңа ұрпақтың таным–талғамы мен тәжірибесінің елегінен өтіп, сұрыпталып, заман талабына сәйкес жаңа құндылықтардың өзегіне айналып, ұрпақтан–ұрпаққа жалғасады. ХХІ ғасыр құндылығы адам феномені болғандықтан, тілді де адам болмысымен, этнос танымымен, ұлт мәдениетімен біртұтастықта қарау ұстанымы – антропоцентристік парадигманың негізгі өзегіне айналып, лингвистиканың жаңа бағыттарын дүниеге әкелді. Соның бірі – этнолингвистика. Академик Ә.Қайдар: «Этнолингвистика – этностың инсандық һәм дүнияуи табиғатын тереңнен танып білу үшін басқа емес, тек тіл феноменінің өзіне ғана тән ғажайып мүмкіншіліктері мен қазына байлығын зерделеп зерттеуді мақсат ететін ғылым», – деген анықтама беріп, этнолингвистиканың этнос, этнос болмысы, этнос тілі, тіл әлемі деген ұғым–түсініктерге ерекше мән беретінін және этнолингвистиканың этностың шығу тегін ғана емес, сол этностың мәдени өмірін, ұлттық дүниетаным мен менталитетін паш етуге мүдделі екенін айтады [1,10].
Лингвистиканың жаңа парадигмада зерттелуі ономастика мәселелерінің де кешенді сипатта, ғылымдардың тоғысында қарастырылу қажеттілігін күшейтіп отыр. Осыған байланысты, ономастиканың бір саласы топонимиканы да жаңа аспектіде қарастыру бұрынғы ғылыми тұжырымдарды жоққа шығармай, оны жаңа қырынан аша түсетінін айта келіп, мақаламызда топонимдерді, оның ішінде этнонимдер мен этнотопонимдерді этнолингвистика аясында қарастырып, этностың болмысымен, танымымен байланыстыра зерделеуді мақсат етіп отырғанымызды назарға салғымыз келеді.
Белгілі бір этностың болмысын бағамдап, басқа этноспен сабақтасып жатқан мәдени тарихын тарқатар жәдігерлердің бірі, этнос тілінің тілдік табиғатын айқындауға тікелей қатысты тілдік бірліктер – этнонимдер мен этнотопонимдер этнолингвистиканың объектісі болып табылады. Ойымызды ғалым М.Копыленконың ғылыми тұжырымымен дәлелдей кетейік: «Этнонимы – закономерный объект этнолингвистики, учение об этнонимах – этнонимия – является ее разделом» [2,61].
Этнонимдер – ру, тайпа, белгілі бір ұлыс пен ұлттың этникалық атауы. Қазақстан топонимдерін басқа туыстас тілдермен тұңғыш салыстыра зерттеген түрколог ғалым Айтым Әбдірахманұлы өзінің «Қазақстан этнотопонимикасы» еңбегінде: «Этнотопонимдердің негізін құрайтын компонет – этноним. Этноним дегеніміз ру, тайпа, халық аты, ал оны зерттейтін білім саласын этнонимика деп атаған жөн. Этнонимнің, оның иесі этностың пайда болу, даму, тарихтан орын алуы сияқты мәселелерін тіл арқылы танып білу керек», – деп [3, 14], сол кездің өзінде–ақ антропоцентристік парадигмаға негізделген ой тұжырымдайды. Ғалым этнонимдер мен этнотопонимдердің этимологиясын ғалымдардың пікірін салыстырып, саралай отырып Тіл – Этнос – Мәдениет үштігі аясында қарастырып зерделеу арқылы түркі әлемінің рухани, мәдени сабақтастығын көрсетеді. Осы ретте ғалым Ә.Қайдардың: «Сөздер мен сөз тіркестерін төркіндете зерттеу этимологияның төл міндеті болса да, бұған кейде этнолингвистиканың да мұқтаж екендігін көреміз. Әсіресе, мағынасы күңгірттенген бірліктердің мәнін ашып, жасалу мотивтері мен қолданыс шеңберін айқындауда этнолингвистиканың этимология көмегіне жүгінуіне тура келеді», –деген [1,15] пікірін тілге тиек етіп, этнонимдер мен этнотопонимдердің этимологиясын этнос болмысымен байланыстыра зерттеген ғалымдар А.Әбдірахманов пен О.А.Сұлтаньяевтың этнолингвистика ғылымының қалыптасуына да үлкен үлес қосқанын ерекше айтып өткіміз келеді.
Бүгінгі таңда ономастика, оның ішінде топонимика саласын когнитивтік, этнолингвистикалық, этномәдени, лингвомәдениеттік аспектіде зерттеу ғылымда үлкен бағыт алуда. Қазақ топонимикасын лингвокогнитивтік аспектіде қарастырған ғалым Қ.Қ.Рысберген өзінің зерттеуінде мәдениеттің биоморфтық кодына анықтама беріп, оның репрезенттанттарының бірі ретінде мифологиялық кейіпкерлер жөніндегі ежелгі түсініктерді атайды. Мәдениет коды туралы сөз қозғауымыздың себебі, төменде қарастырылатын этнонимдер этномәдени құндылық ретінде және түркі халықтарының ортақ мәдени сабақтастығын айқындайтын тілдік феномен ретінде танылады.
Сондай этнонимдердің бірі – Ашина.
Көне түркілердің болмысы мен дүниетанымын танытатын мифтерге арқау болған, тарих тылсымынан терең сыр тартатын Ашина этнонимі туралы көптеген ғалымдардың пайымдауларын өз зерттеуінің методологиялық негізі етіп ала отырып, А.Әбдірахманұлы осы этнонимнің этимологиясы туралы өз тұжырымын жасайды. Ғалым Л.Н.Гумилевтің, С.Кляшторныйдың, С.Аманжоловтың, Ю.Зуевтің зерттеулеріне терең талдау жасай келе, мынадай ғылыми тұжырым ұсынады: «Аши//ашина – көне түркі сөзі, фонетикалық варианттардағы ачу//ачи//әж//әже сөздерімен түбірлес»,–дей келіп, [3, 29] ғылыми дәлел ретінде аңыздардағы (бір аңызда қасқырдан тараған ұрпақ Ашина деп аталған, екінші аңызда түркі тайпасының ұлдары аналарының атымен аталатын болған) ру анасы Ашина есімін алады, яғни аши//ашина сөзінің этимологиясын ачу//ачи (ана, әже) сөзімен байланыстыруы іргелі елдің негізін қалаушы Ана (ұрпақ қасиеті ана сүтімен беріледі) деген ұлттық танымды айшықтайды, ананы ерекше құрметтеген мәдениетімізді танытады. Сонымен қатар белгілі ғалым Л.Н.Гумилевтің: «Ататегін білу және оларды әдейі жаттап алу – ортаазиялық халықтардың өзгеше сипаты. Сондағы ең бір қызықты жері, олардың көпшілігі әуелгі тегін әртүрлі аңнан бастайды. Мысалы, моңғолдар – көкбөрі мен ақмаралдан, телестер – бөрі мен хұн шаньюнінің қызынан, түріктер – хұн ханзадасы мен қасқырдан тараған деп есептейді. Ашин – қасқыр, бөрі деген сөз» [4, 22], – деген пікірі, біріншіден, түркі халықтарының мәдениетінде ататек ұғымының да ерекше орын иеленетінін көрсетеді, екіншіден, Ашина этнонимінің түркі халықтарына ортақ бөрі тотемінің тууына негіз болғандығын дәлелдейді. Бұны А.Әбдірахманұлы да айтып өтеді: «Қосымша айта кететін нәрсе көне түркілердің туы осы күнгідей матадан жасалмаған, құрыққа орнатылған қасқырдың басы болған. Сол себептен де көне аңыздарда түркілердің атасы Ашина қасқырдан туған делінетін аңыздың осыған қатысы болуы тиіс. Оғызнамадағы Оғыз қағанды басқарып жүретін көк бөрі де – мифтік символ – тотем» [3, 67]. Түркі халықтарының менталді танымында көк бөрі ешкімге бағынбайтын, қайсар да қайтпас аң ретінде танылып, көне түркілердің мәдениетінде еркіндіктің, ерліктің символы ретінде дәріптелді, мифологиялық бейнеге айналды. Осы ретте тілші–ғалым Р.С.Амренованың: «Мифонимдерге қатысты мифтік аңыз, әңгімелерде жинақталған әлемді танып білуге деген өте көне архаикалық көзқарас, мифтік таным ғаламның мифонимиялық бейнесін реконструкциялауға, сипаттауға мүмкіндік береді»,–деген [5,108] пікіріне сүйене отырып, Ашина этнонимін мифологиялық сананың жемісі, дүниені танудың архаикалық формасы деп атауға болады. Мифтер, сонымен қатар, этнолог ғалымдардың лингвистикалық гипотезаларды анықтаудағы объектісіне айналған халық мәдениетінің негізгі сферасы екендігіне шүбә келтірмейміз.
А.Әбдірахманұлының келесі Үйсін этнонимін талдауда да ана, ру, отбасы ұғымдарын ғылыми пайымдауының негізі етіп алғандығын байқауға болады. Ғалым А.Н.Кононовтың дерегіне сүйеніп, үйсін этнонимінің екі компонеттен тұратынын, Үй – өг (ана, ру, семья), ал –сун ру атын жасайтын жұрнақ екендігін ғылыми деректермен дәлелдей келіп, ана, ру, отбасы ұғымдарын, алдында атап өткеніміздей, бірінші кезекке шығарып, ананы, елді, отбасын дәріптеген түркі халықтарына ортақ мәдениетті, менталитетті көрсетеді.
А.Әбдірахманұлы келесі кезекте Қаңлы сөзінің этимологиясына тоқталады. Ғалым Қаңлы тарихи этнонимінің шығу төркіні туралы мынадай ой тұжырымдайды: «Өзен дегенді білдіретін қан формасына аяқталатын гидронимдер сонау Қиыр Шығыс пен Якутиядан бастап Қазақстанға дейін созылып жатыр. Талдықорған облысында Басқан, Сарықан атты өзендер бас, үлкен өзен, сары өзен дегенді білдіреді. Бұл фактілер қан сөзінің өзен мағынасында ертеде түркі тілдерінде де қолданылғанын дәлелдейді. Ал этнонимнің екінші –лы бөлегі оғлы сөзінен қысқарған деген С.П.Толстов пен С.Г. Кляшторныйдың пікірі ойға қонымды. Қорыта келгенде, қаңлы этнонимінің алғашқы мағынасы қан оғлы, яғни өзен, су бойындағы адамдар, рулар дегенді білдіреді. Көне қаноғлы формасының қаңлы формасына көшу схемасы: қаноғлы//қанұғлы// қаңұлы//қаңылы// қаңлы» [3, 51]. Ғалымның бұл пікірінің Ә.Қайдардың: «Сырдарияның бір кездегі атауы Қаңғ гидронимі. Сыр бойында жасаушы халық деген сөзден шыққан», – деген [6, 47] жорамалымен және туыстас қырғыз тілінің этнографиялық сөздігінің авторы О.К.Каратаевтың: «Канды (қаңлы) этнонимі Сырдарияның орта ағымына қанаттас жайғасқан Кангюй және Кангха (қытай жыл баяндары мен Авестаның мәліметтері бойынша) мемлекеттерімен байланысты», – деген [7, 139] пікірімен үндесіп жатқанын көреміз. Қаңлы этнонимінің шығу төркінін зерделеу барысында А.Әбдірахманов көне түркілердің үш нәрсені – жер, су, көкті – тәңірі тұтқанын, құрметпен қадірлегенін ерекше атап өту арқылы халықтың байырғы таным, түсінігінде, санасында Адам–Қоғам– Табиғат үштігінің біртұтас әлем бейнесінде орын алғандығын көрсетеді. Адам қоғамда өмір сүреді, ал қоғам белгілі бір аймақта табиғат аясында орналасады. Қазақ халқының өмірі табиғатпен тығыз байланысты болғандықтан, шөпті жұлма, жерді текке қазба, суға түкірме, судың бетін ашық қалдырма деген тағылымының тамыры тереңде жатыр. Жеті қат көк, қара жер ұғымдарының киелі деп түсінілуі, судың киесі бар деген наным–сенімдер этнос танымының – бір көрінісі. Ғалым Ә.Қайдар өзінің төрт томдық «Қазақтар ана тілі әлемінде» деген этнолингвистикалық сөздігінің 3–томында осы ұғымдарға жеке–жеке тоқталып, қазақ ұлтының салт–дәстүріндегі, наным–сеніміндегі орнын жан–жақты ашып көрсетеді.
Еңбекте көрініс тапқан келесі этноним – Алшын. Көптеген ғалымдардың пікірлеріне тоқталып, зерделей келе А.Әбдірахманұлы осы этнонимнің шығу төркіні туралы мынадай тұжырым жасайды: «Сөз етіп отырған ала–ат, алачин, алшын этнонимдерінің көне формасы, біздіңше, ала–ат–чин, –чин жұрнағы сөз аяғында жалғанып, ру және тайпа аттарының көрінісі болған. Бұл дәстүр сол ертедегі түркі тайпаларының тілдерінде де қатар өмір сүрген болуы керек. Айтылмыш жұрнақтың көне дәуірлерде көбіне жануар, аң аттарына байланысты сөздерге жалғанып, оны тиянақтап, сол рудың, тайпаның атына айналдыратын болған. Мысалы, Г.Д.Санжеевтің еңбектерінде келтірілген керему (белка), булага (соболь) сөздері жеке тұрып ру атын жасамайды, оларға –чин жұрнағы қосылғанда ғана ру атына айналады. Сол сияқты ала ат сөзіне – чин жұрнағы жалғанып, алатчин// алчин//алшын сөзі пайда болған» [3,78]. Осы арада ономастиканы зерттеуші ғалым Т.Жанұзақтың да Алшын этимологиясы туралы пайымдауын келтіре кетейік: «Қазақ этнонимі Алшын – Геродот деректеріндегі алазонес сөзінің фонетикалық варианты. Ала сөзі көптеген түркі тілдерінде үлкен, орасан дегенді білдіреді. Мысалы, қазақтарда Алатау, қырғыздарда алып (Алатоо). Екінші компонет –зон кейбір түркі тілдерінде халық, тайпа дегенді білдіреді. Сонда алазон//ализон//алзон//алсын//алшын болады» [8, 298]. Қырғыз зерттеушісі О.Каратаевтың деректерінде Алшын сөзінің этимологиясы былай беріледі: «Алакчындар (Алшындар) – байырғы қырғыз ұлысы. Олардың мінген аттары ірі, түстері өңкей ала келеді. Сондықтан ала деген атқа ие. Қазан–табақ, ыдыстары күмістен жасалады. –чын, –чин, –джин бурят–моңғол тілдерінде бұл мүше жалғанған сөздер кәсіпті, адамдардың өмір сүрген аймағын түсіндіреді. Мысалы, бұлғачин, кермучин. Қырғыздарда Ақ алакчын деген термин байлық, мансапты анықтайды»[7,24]. Көріп отырғанымыздай, А.Әбдірахманұлы мен О.Каратаевтың пайымдауында ұқсастық бар. Қырғыз ғалымы да алакчын сөзінің бірінші компоненті белгілі бір ұлыстың ала ат мінуіне қатысты айтылса, екінші компонентінің –чын қосымшасының адамдарға қатысты сөздерге қосылғанын айтады. Аталмыш рудың мінген атының түсіне қарай аталуы бұл этнонимді де иесі – этноспен тығыз байланыстырады. Анығырақ айтқанда, түркі халықтарындағы түр–түс атрибуттарының топонимикалық атаулардың басым бөлігін құрауы да өзіндік ерекшелік болып табылады. Алшын этнонимінің түп–төркінінің ала сөзінен шығуы – түр–түс атрибутының қолданылғанын көрсетеді. Алайда ғалым Қ.Қ.Рысберген айтқандай: «Топонимдер құрамындағы түр–түс атрибуттарының түрлі сипаттағы (ландшафтық, соматикалық, заттық–артефактік) апеллятивтік атаулармен кездейсоқ емес, талғамалы, таңдамалы сипатта тіркесетіні дәлелденді» [9, 6], яғни басқа түс емес, ала ат болып қолданылуы, ерекше назарға түсуі этнонимдік кеңістіктегі халықтық таныммен тығыз байланысты.
А.Әбдірахмановтың «Қазақстан этнотопонимикасы» еңбегіндегі келесі этнотопоним – Арғын. Ғалым М.Қашқаридің еңбегінде екі тау арасында орналасқан шаһарларды Арғулар деп атағанына тоқталады және кейбір зерттеушілердің арғын мен басмылды бір деп қараған пікірлеріне қарсылық білдіреді. Сонымен қатар С.Аманжоловтың, Ғ.Мұсабаевтың ғылыми деректерін зерделей отырып, тарихи деректерде кездесетін арғулар мен арғындардың бір екендігіне М.Қашқаридің еңбектеріне сүйене отырып, өз тұрғысынан дәлелдер келтіреді және арғын этимологиясы туралы мынадай пікір білдіреді: «Біздің ойымызша, арғын этнонимі екі компонеттен құралған: ар+ғын. Этноним ерте жасалғандықтан, оның тілдік негізі көне заманда жатыр. Белгілі түрколог А.Щербак ар сөзін, біріншіден, таза (чистый), екіншіден, ар – ар жақ, қарама–қарсы бет деп қарастырады. Осы соңғы жорамал арғын этимологиясына тарихи тұрғыдан сәйкес келеді. Қытай деректерінде кездесетін алундар (арғындар) ертеректе Тарбағатай маңында болса, онда олар көне гундардың батысында болады. Сонда аргун – батыс гун, арғы ғұн дегенді білдіреді. Ал ғұн дегеніміз көне түркілерде ру, тайпа, кісі деген сөздерден жасалған. Кейін арғұн // арғын болып өзгеріске ұшыраған» [3,96–99]. Көріп отырғанымыздай, ғалымның ғылыми тұжырымынан Арғын этнонимінің этимологиясы мекендік ұғымға негізделгенін көреміз. Кез келген этнос, оның ішінде түркі халықтары мәдениетінде де мекендік танымның да үлкен рөл атқарғанын білеміз. Мысалы, таудың арғы жағы дегенде менталды танымда құпия, тылсым бір түсінік қалыптасады. Сол секілді мифтерде кездесетін жер асты патшалықтары да халық танымында бұл мекеннің құпия, өзгеше бір тылсым күшке ие екендігін білдіреді.
А.Әбдірахманұлы бұдан әрі Найман, Керей, Дулат этнонимдерінің этимологиясына жан–жақты талдау жасайды, көне түркі халықтарымен байланысын саралайды. Ғалымның ғылыми пайымдауларынан біз этносқа қатысты тарихи деректерді, тарихи–лингвистикалық салыстыруларды көреміз.
Қазақ ономастикасы, оның ішінде топонимикаға қатысты айтулы еңбектердің бірі – А.Әбдірахманұлы мен О.А. Сұлтаньяевтың «Көкшетау өңірінің жер–су атаулар сөздігі». Бұл туралы ғалым Р.Ж.Қияқова «Көкшетау өңірінің жер–су атаулар сөздігі туралы» мақаласында: «Ономастиканың бір тармағы саналатын топонимдер – ғасырлар жәдігері, тіл мен тарихымыздың құнды қазынасы, мәдени мұраларымыздың қайнар көзі екендігін дер кезінде саралаған Оғаз Арыстанғалиұлы көзі тірісінде 1062 жер–су атауларын қамтыған еңбек даярлады. Профессор Айтым Әбдірахманов пен Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевтың «Көкшетау өңірінің жер–су атаулар сөздігі» сол елдің, сол жердің сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді»,–деп [10] , бұл еңбектің аса бағалы мұра екендігін көпшілікке паш етеді.
Мақалада көрсетілгендей, сөздікте 1062 жер–су атауының мән–мағынасы толық түсіндіріледі. Көпшілікке түсініксіз, сыр–сипаты белгісіз, ерте замандарға тән ескі атаулардың да шығу төркіндері айқындалады. Алайда біз осы мақаламызда «Арықбалық» және «Зеренді» топонимдерінің этимологиясына ғана тоқталып, сөздіктегі топонимдерді түгел қамтыған жан–жақты зерттеуді болашақтың еншісіне қалдырамыз.
Арықбалық – СҚО, Айыртау ауданындағы елді мекен, Имантаудың орманды батыс бөліктерінде; көл.
Ғалымдар бұл жердегі балық сөзінің шығу төркінін көнеден, Орхон жазбаларынан қарастырып, ондағы балық бекініс, қала деген ұғымды білдіретінін айта келіп, арық сөзі түркі тілдес тілдердің бірінен енген, мысалы тува тіліндегі эрик – берег болуы мүмкін деген жорамал жасайды. Сонда Арықбалық не бекініс қала немесе жағадағы қала деген ұғымды білдіреді және екеуі де шындыққа сәйкес келеді дейді.
Келесі топоним – Зерендінің шығу тарихы еңбекте былай сипатталады: «Тау, көл, аудан орталығы. Жергілікті тұрғындар зерен – бояу жасалатын шөп деп түсіндіреді. Бұл сөз дәл осы жерде болмаса, Қазақстанның басқа жерлерінде қолданылмайды. Көне түркі сөздігінде Зерензе сөзіне ботаникалық деген белгімен сафлор красильный деген түсінік берілген. М.Қашқари сөздігінде зерензе мақсар ұрығы немесе зерензе ұрығы деп түсіндіріледі. Сол сияқты биологиялық терминдер сөздігінде сафлор, желятница растение – мақсары делінген. Бұл фактілерден көне түркі тілдеріндегі зерензе сөзінің қазіргі мақсары деген өсімдік атауы екендігін көруге болады» [11, 51]. Сонымен қатар Зеренді сөзінің этимологиясы туралы О.А.Сұлтаньяев өз тарапынан тағы бір тұжырым жасайды: «Атау моңғол сөзі, екі бөліктен тұрады. ЗЭР – марал, сайғақ, ЭНД осында, осы жерде деген мағынаны білдіретін жалғау, яғни Зеренді маралды тау, сайғақты көл дегенді білдіреді» [11, 52]. Сонымен Зеренді атауының екі мағынасы көрсетіледі, біріншісі – көне түркі тілінен келген шөп атауы, екіншісі– моңғолша марал. Қалай десек те, бұл атаулардың түп–төркіні көне түркі тілдерімен сабақтасып, халықтың тарихи, рухани мәдениетінен үлкен орын алып жатыр.
Осы ретте түркі әлемінің рухани мұрасы, оның сан ғасырлық субмәдениеті бүкіл әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі болып табылады және талай тарихи талқылар мен нәубеттерге қарамастан өз ерекшелігі мен даралығын сақтап қалған түркі халықтары үшін әлемдік ақыл–ой қазынасы дамуында өз орны мен рухани бейнесін жоғалтпай тарих қорында үзіліссіз сақталып отырады деп ойлаймыз. Мұның жарқын мысалдарын түркі әлемінің кіндік жұртын мекендеген қазақ халқының наным–сенімінде, салт–дәстүрінде сақталған мұралардан айқын көруге болады. Бұл мұралардың тілдегі бейнесі, ұланғайыр даланы мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың тарихынан, мәдениетінен сыр шертер тілдік бірліктердің бірқатары – топонимдердің, этнонимдердің өміршеңдігін сақтауда А.Әбдірахманов пен О.А. Сұлтаньяев еңбектерінің маңызы орасан. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Әрбір өлкенің есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»,–деген ұстанымын басшылыққа ала отырып, Көкшетау өңірінен шыққан тілші–ғалымдардың еңбектерін зерттеп–зерделеу арқылы болашақ ұрпаққа үлгі, ғылым сүйер жастарға рухани мұра ретінде таныту, дәстүр жалғастығы мен тарих сабақтастығын жаңғырту мақсатына жататынын айтқымыз келеді.
Әдебиеттер тізімі
1 Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері: Актуальные вопросы казахского языка. – Алматы: Ана тілі, 1998.
2 Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. – Алматы, 1995.
3 Әбдірахманов А. Қазақстан этнотопонимикасы.–Алматы, 1979.
4 Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы, 1994.
5 Сулейменова Э.Д., Амренова А.С., Таусоғарова А.Қ. , Каирбекова И.С. Ментальді таңбаланған концептілер. Ұжымдық монография. – Көкшетау, 2014.
6 Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік) ІІ том. Қоғам. – Алматы, 2013.
7 Каратаев О.К., Эралиев С.Н. Кыргыз этнографиясы боюнча сөздүк. – Бішкек, 2005.
8 Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. Казахская ономастика. І том. – Алматы, 2006.
9 Рысберген Қ.Қ. Қазақ топонимиясының лингвокогнитивтік және этномәдени негіздері. – Алматы, 2010.
10 Қияқова Р.Ж. Көкшетау өңіріндегі жер–су атаулар сөздігі туралы мақала. –Бұқпа №3, 11 маусым, 2015.
11 Әбдірахманов А., Сұлтаньяев О.А. Көкшетау өңірінің жер–су атаулар сөздігі. – Көкшетау, 2015.
А.К. Колпенова, Б. Шалабай
ПРЕЕМСТВЕННОСТЬ ТЮРКСКИХ НАРОДОВ:
КУЛЬТУРНО–ЯЗЫКОВЫЕ ЭТНОНИМЫ
(ПО НАУЧНЫМ РАБОТАМ А.АБДРАХМАНОВА, О.А. СУЛТАНЬЯЕВА)
Исследование лингвистики в новой парадигме требует изучения ономастики на уровне стечения наук. В связи с этим статья направлена на изучение топонимики в новом аспекте, как одной из ветвей ономастики. По трудам кокшетауских ученых – лингвистов Айтыма Абдрахманова и Огаза Артыстангалиевича Султаньяева, этимология топонимов и этнонимов исследуется как объект этнолингвистики. Этнонимы и этнотопонимы сформулированы как взаимосвязь культурной и языковой преемственности тюркских народов. Этнонимы рассматриваются в качестве этнокультурных ценностей и языкового феномена в определении взаимосвязи культуры тюркских народов. Так же в статье показан образ этнонимов в менталитете народа и суждения о сущности, познании и менталитете тюркских народов. В статье особое значение придается трудам А.Абдрахманова и О.Султаньяева «Кокшетауский земельно – водный словарь», где изучается этимология топонимов «Арыкбалык» и «Зеренда» в общетюркском культурно–языковом, историческом аспектах.
A.K.Kolpenova, B. Shalabai
TURCIK WORLD INTERRELATION: CULTURAL–LINGUISTIC ETHNONYMS
(ACCORDING TO THE WORKS OF A. ABDRAKHMANOV AND O. A. SULTANYAEV)
The study of linguistics in the new paradigm requires to consider extensively the problems of onomastics in the different fields of science. In this regard, the article aims to examine toponymy, one of the branches of onomastics in a new aspect. According to the works of Aytym Abdrakhmanov and Ogaz Artystangalievich Sultanyev, linguists of the Kokshetau region, the etymology of toponyms and ethnonyms is being studied as the object of the ethnolinguistics. Ethnonyms and ethnotoponyms are regard as a value which increases cultural–linguistic similiarity of the Turkic people. Ethnonyms are recognised as ethno–cultural values and the linguistic phenomenon that defines the common cultural continuity of the Turkic people. It also provides an image of the ethnonyms in the mentality of the people and makes judgments about the essence, cognition and mentality of the Turkic people. In the article, specifically mentioned the great value of the work of A. Abdrakhmanov and O.A. Sultanaev «Kokshetau onirinin zher–su ataular sozdigi» which narrates a long history of Kokshetau region and the etymology of «Arykbalyk» and «Zerenda» toponymsis are studied in the common Turkic lingual–cultural, historical aspects.