ЖАЗУШЫ ТІЛІНДЕГІ КЕСТЕЛІ ТІРКЕСТЕР
Мақалада жазушы – драматург Қапан Сатыбалдиннің прозалық шығармаларындағы фразеологизмдердің стильдік ерекшелігі, эмоциялық реңкті көрсетудегі қызметі, семантикалық жүйесі, мағыналық – тақырыптық топтары қарастырылған. Жазушының көркемдік қуаты мен стилистикалық әсері күшті фразеологизмдерді талдап, таңдап қолданудағы, кейіпкердің бейнесін сомдауда, мінез ашу, портрет жасау, шығарманың идеялық – көркемдік жақтарын жетілдірудегі өзіндік дара қолтаңбасы, көркемдік әлемі айқындалды. Сонымен қатар автордың жалпы халықтық тілдің фразеологиялық құрамынан қажеттісін ала отырып, оларды мүмкіндігінше түрлендіргендігі, фразеологизмдерді көріктеу құралы ретінде ғана емес, өзіндік көзқарасын, идеясын, суреттейтін кейіпкерінің ішкі жан дүниесін, болмысын таныту мақсатында қолданғандығы айқындалды.
Қапан Сатыбалдин шығармаларындағы кестелі тіркестер тіршіліктің лебімен тыныстап жататыны, автордың сөз қадірін білген, халық тілінің байлығын меңгерген, тілдік қабаты қалың суреткер екендігі сараланады.
Жазушының тіл кестесі, қарапайым да қуатты сөз оралымдары мол екендігі, әсіресе жазушы тілі үздік теңеу, салыстыру, астастыруға бейім келіп отыратындығын және кейіпкерлер тілімен сол кезең көрінісін бейнелеуде лексикалық басқа да бірліктермен қатар фразеологизмдерді де кеңінен қолданғандығы талданды.
Фразеологизмдердің қаламгер шығармасындағы қолданысынан эмоционалдық, экспрессивтік талғамына, тілдік қорына жазушының шеберлігіне және сөз саптау мәнеріне тікелей байланысты екендігі байқалды. Халық тілінің кестелі сөз айшықтарын өз туындыларында дәл, нақты, айқын бір ұтқырлықпен қолдана отырып, өзіне тән стиль жасағандығы сараланды.
Автордың жалпы сөз қолданыс жүйесін талдау негізінде фразеологизмдердің табиғатына тән қасиеттер анық аңғарылатындығына көз жеткіздік.
Тірек сөздер: фразеология, стиль, көркемдік, сөздік қор, лексика – семантикалық мағына, образдылық, прагмастилистикалық қызмет, бейнелі сөз, тілдік табиғат.
Қазақ тілінің бай, қолданылу мүмкіншілігі кең екендігі тілдің сөз байлығынан көрініс табады. Тіліміздің сөздік қорын байытуда әдеби тіл дамуы кезеңдерінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын, тілдің ажырамас бір бөлігі болып табылатын фразеологизмдердің алатын орны ерекше.
Барлық тілдерге тән құбылыс болғандықтан осы бейнелі сөз орамдары әлем тілдерінде кеңінен зерттеліп келеді. Соның ішінде қазақ тіл біліміндегі тұрақты тіркестер І.Кеңесбаев,
М.Балақаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, К.Аханов, Р.Әмір, С.Исаев, Ө.Айтбаев, Х.Қожахметова, С.Сәтенова, Г.Смағұлова, Д.Әлкебаева, Х.Әділбекова т.б. ғалымдардың зерттеулері негізінде жан-жақты қарастырылып, бұл құбылыстың лексика – семантикалық мағыналары, синтаксистік қызметі жайында біраз пікірлер айтылғанымен, олардың өзіне тән тілдік табиғаты, көркемдік қуаты әлі де нақтылауды қажет етеді.
Фразеологизмдер – сөйлеу және жазба тілде жиі қолданылатын, жазу және сөйлеу тілін ажарландырып, көңілдегі көрікті ойды бейнелеп, астарлап, өзіндік бояу-нақышымен жеткізетін, көркем сөз қазынасында қорланып, қолдануға дайын, халық тілі байлығының ауқымды бөлігін құрайтын тұрақты сөз тіркестері.
Зерттеуші А.А. Қорабаева: «Фразеологизмдердің образдылық қасиеті, экспрессивті – эмоционалдық бояуы, компоненттерінің бірлігі контекст арқылы айқындалып отырады, сондықтан бұларды контекст аясында қарастырған жөн» [1,134], – десе, Р.У. Асильбеков: «Фразеологиялық тіркестер көркем әдебиетте эмоционалды – экспрессивті әрі прагмастилистикалық қызмет атқарады. Ол логикалық мәнге ие болып, ойды ұтымды жеткізуге әрі тұрақты тіркестің астарлы мағынасы арқылы автор ой мен сезімнің тоғысуын ең тиімді тілдік тәсіл, яғни фразеологизммен жеткізуді мақсат етеді» [2, 151], — деп тұжырым жасайды.
Ғалым Х.Кәрімовтің «Әдебиетте шығарма тілін көркемдеп, жандандырып, нәр беруші амалдардың бірі – халық тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестер. Олар тілдегі бейнелі экспрессивті-эмоциялы бояуы қанық амалдардың қатарынан орын алады. Олар – ұлттық психикалық өзгешелігінің негізінде қалыптасқан образды ойлау тілінің үлгілері, халықтық даналыққа суарылған өткір құралдар» [3,134] деген тұжырымы жоғарыда айтылған ойды дәлелдеп тұрғандай.
Фразеологизмдердің көркем әдебиеттегі қолданысы жөнінде ғалым Д.Әлкебаева: «Фразеологиялық тіркестерді қолдану әр жазушының халықтық тіл байлығын пайдаланудағы өзіндік қолтаңбасына байланысты болса, екіншіден, сол дәуір, қоғамдық орта, адамдардың әлеуметтік жағдайына үйлестіре, соның әлеуметтік тынысын көрсетуімен жиі қолданысқа түседі. Көркем әдебиет – өз дәуірінің айнасы, сол дәуір тынысын адамдардың жан – дүниесінің нәзік қатарларын беруде фразеологиялық тіркестер ерекше рөл атқарады» [4, 139], — деп көрсетсе, «Фразеологизмдердің көркем шығармада атқаратын функциясы образ жасау, кейіпкерге тілдік мінездеме беруде, кейіпкерді мінездеу, белгілі бір ситуацияға қорытынды жасауда күлдіргі-ажуа т.б. қызметінде жиі жұмсалады» [5,56], — дейді ғалым Х.Қожахметова. Жоғарыда айтылған пікірлерге сүйене отырып, фразеологизмдердің поэтикалық құрал есебінде жазушының шығармашылық даралығын, дүниетанымын, көркемдік әлемін көрсететіндігін, көркемдік қуаты мол, стилистикалық әсері күшті тілдік тәсіл болғандықтан кез келген мәтінде стилистикалық категориялардың жиынтығын құрайтындығын, сөзді жандандырып, тілге өткірлік сипат беретіндігін жазушы – драматург Қапан Сатыбалдиннің прозалық туындылары тіліне талдау жасау арқылы анықтауды мақсат еттік. Жазушының «Қараторғай» повесі мен «Сырдария тасыған шақ» лирикалық повесіндегі фразеологизмдерді қызметіне, қолданылу ерекшелігіне қарай төмендегідей топтастырдық.
Жазушы шығармасында кейіпкердің психологиялық сезім күйін суреттеуде қолданылған фразеологизмдер: Ол мұнымен бұрыннан ашу араздығы бар адамдай қабағынан қар жауып, дұрыс амандасқан жоқ[6,9]. Не деп отырсың? – деді Айгүл қара көзі шоқтай жайнап [6,11б.]. Көргенсізденбей жайыңа отыр! – деп шал оған тіксіне қарады[6,11]. Шал да, Айгүл де ұйып тыңдап, селт етпей құлақ тіге қалды[6,10 б.]. Сол сол – ақ екен, көңілі алай – түлей Тойбазар бұларды оқты көзімен атып, бірдеңе деп бұрқылдап, атына қарай томпаңдай жөнелді[6,19]. Жай келмейді, кекете, іштей айызы қанып табалай келеді[6,20]. Ол ағалы болды, мен балалы болдым, — деп Нұрекең өңі кіріп, отырған орнынан шалша шойырылмай ұшып тұрды [6,25]. Бұйымтайым Айгүлдің әні, – деп, Досай қасында тұрған қызға қарап езу тартты [6,9]. Ендігі бар демеуім, бар алданышым Айгүлжаным ғана, – дегенде шал кәрі көзі жасаурап, өңі сына қалды, содан бойын тез жинап, сөзін сабақтап әкетті [6,25 б.]. Шал да Тойбазардың жасына жетпей шар тарта бастағанын Досайдың байқап қалғанына мәз болып езу тартты [6,19]. Нұрекең сырын бүкпей ағынан жарылып отыр [6,26 б.]. Данакең дегенде атарға оғы жоқ [6,66].
Кейіпкерді мінездеу мақсатында қолданылған фразеологизмдер: Іші оттай күйген Тойбазар төсегінде тиыш жата алмады [6,14]. Әнеукүні әкесін Тойбазар қонаққа шақырып, асты – үстіне түсті [6,15]. – Қарағым Досай, жүзі игіден түңілме деген ғой бұрынғылар [6,25]. Досай қыз лебізін қолы – қолына жұқпай қапыл – құпыл қағазға түсіре бастады [6,17]. Өзі жастайынан жер еміп өскен адам, диханшылық кәсібіне сондай қанық [6,62]. Мәнерлегіштік-көркемдік бояуы айшықты экспрессивті-эмоционалды фразеологизмдер: Жаңа ғана кәрі көзі ұшқын атқан Нұралы жанары сөніп, жарқын жүзі күзгі шөптей қурап қалды[6,28]. Сеңсең бас қызды көзімен ішіп – жей бастады [6,50 б.]. Әбден титығына жетіп болдырғандай әлсін – әлсін сүріне береді [6,7]. Оңашада болса жаңағыдай сөздері үшін Тойбазардың көкесін көзіне көрсетер еді [6,11]. Екінші жылға кеткен қырғын соғыстан ығыр болып, әбден ыңыршағы шыққан жүдеубас жандар, ұзақ жолды көбіне ұйұымен алып келеді [6,61]. Әзірге Сазанды қарасын көрсететін емес [6,63]. Поезд бір өкіріп, бір бақырып, ен даланы басына көшіріп тартып келеді [6,63].
Адамның әртүрлі жай-күйіне, тіршілігіне байланысты қолданылған фразеологизмдер: Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең олай – бұлай болып кетсем, өзің көзіңнің қырын сал [6,27]. Тап бүгін түнде қаңғырған әртістің Айгүлмен көңіл қосуына мүмкіндік бермеуім керек, аңдуым керек [6,13].Тойбазардың шешесі әнеукүні құдалық турасында құлаққағыс қылды [6,16]. Ауданда өткен әуесқойлар байқауында сондағы жюрилердің аузын алып, облысқа жіберткізбей қойды [6,13]. Содан Юрий екеуміздің өңіміз қаша бастағанын көріп, дереу бойын жинап ала қойды [6,66].
Уақыт, мезгіл өлшемдеріне байланысты фразеологизмдер: Егде тартып қалғаны болмаса, үстіне погонсыз сұр шинель киген Данакең қазірдің өзінде солдат секілді, жүріс – тұрысы жастан ширақ [6,62]. Аумалы – төкпелі аласапыран уақытта не бір шытырманға кірген Данакеңнің онан бері де ойлы, шолақ белсенділерімен белдескен кездері одан да қызық [6,62]. Әлдеқашан көз байланған [6,66].
Фразеологиялық түйдектер, мақал–мәтелдердің кейіпкер тілінде қолданылуы: Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең олай – бұлай болып кетсем, өзің көзіңнің қырын сал [6,27]. Сонда да талапты ерге нұр жауар деген [6,22].
Біздің талқылауымызға негіз болған «Қараторғай» және «Сырдария тасыған шақ» повестерінде кезең көрінісін, ұлттық бояу мен болмысты бейнелеуде фразеологизмдердің молынан қолданылғандығын, оның стильдік ерекшелікті, эмоциялық реңкті көрсетуде айрықша қызмет атқарғандығын байқадық. Шығармадағы кейіпкер тілінің мақал – мәтелдерге, теңеулерге, көркемдегіш құралдарға бай екендігі қазақтың тұрмыс — салтының ұлттық ерекшелігін, жазушы шығармашылығының өзіндік стилін көрсетеді.
Қорыта келгенде, жазушының сөз қолданыс жүйесін талдау нәтижесінде автордың фразеологизмдерді ерекше талғаммен қолданғандығы, өзіне тән стилі, қаламгерлік дара қолтаңбасы, өзіндік жазу машығы анықталды.
Әдебиеттер тізімі
1 Қорабаева А.А. Көркем аудармадағы идиоэтникалық фразеологизмдердің берілу тәсілдері (Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының материалдарынан) // Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №8(116), Алматы: 2008. – 232-236 – б.
2 Асильбеков Р.У. Көркем мәтіндегі диалектілік тұрақты тіркестердің ерекшеліктері //
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №8(116), Алматы: 2008. – 151-155 – б.
3 Кәрімов Х. Қанатты тіл. – Алматы: 1995. – 144б.
4. Әлкебаева Д. А. Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы.Филол. Ғыл. Докт. Дис. – Алматы, 2006. – 270б.
5 Қожахметова Х. Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы. – Алматы: 1972.
– 112 б.
6 Сатыбалдин Қ. Қараторғай: Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Жазушы, 1968. – 364 б.
К.М. Шакирова
ОБРАЗНЫЕ СЛОВОСОЧЕТАНИЕ В ЯЗЫКЕ ПИСАТЕЛЯ
В статье рассматриваются стилистические особенности фразеологизмов в прозаических произведениях писателя, драматурга Капана Сатыбалдина, исследуются также функции их эмоциональных оттенков, семантическая нагрузка, их тематико – содержательные группы. Анализ фразеологизмов выявляет особенности стилистики и художественных средств писателя создании образов героев, описании портретов, в совершенствовании идейно – художественных сторон произведения, в создании своего художественного мира. Автор не только использует фразеологизмы народного языка, различные виды их, с помощью он выявляет свои мировосприятие, идеи, внутренний мир героев. Автор знакомит с разнообразием словосочетаний в произведениях К.Сатыбалдина, показывая виртуозное владение художником богатством народного языка, разных языковых пластов. Произведен глубокий анализ языковой системы писателя, подчеркивается богатство оборотов речи, в особенности – мастерское умение писателя в использовании сравнений, эпитетов, сопоставлений, созвучий, показано различие использования фразеологизмов в речи автора и героев. Фразеологизмы в творчестве Сатыбалдина показаны в различных сферах использования: образной, эмоциональной, экспрессивной, отмечены связь мастерства писателя с манерой говорить. Исследовано влияние нарадного языка на стиль Сатыбалдина. Используя орнаментализм народной речи в своих произведениях, показа их содержательность, писатель создал свой оригинальный стиль. Автор проанализировал специфику фразеологизмов в произведениях К.Сатыбалдина. В статье исследована система словоупотреблений писателя, в особенности – использование автором фразеологизмов, специфика стиля, манера письма.
K.M. Shakirova
DESCRIPTIVE WORD-COMBINATION IN THE LANGUAGE OF WRITER
The article deals with the stylistic features of phraseology in the prose works of the writer, playwright Kapan Satybaldin. A function of their emotional nuances, the semantic load of thematic and meaningful group is investigated in his works. Analysis of phraseology reveals the writer’s particular style and artistic media in creating the image of the characters, the description of the portraits in the improvement of the ideological and artistic sides of the work, in the forming of his artistic world. The author not only uses the idioms of popular language, different kinds of them, but also with their help, he reveals his perception of the world, ideas, inner world of characters. The author introduces the variety of phrases in the works of K. Satybaldin featuring virtuoso artist wealth of popular language, different language layers. Made the depth analysis of the linguistic system of the writer, emphasized the richness of turns of speech, in particular — a masterful using of comparisons, epithets, comparisons, harmonies, shows the difference in the use of phraseology speech of the author and heroes. Phraseology in the Satybaldin’s works shown in the various fields of use: imaginative, emotional, expressive marked relationship with the writer’s skill manner of speaking. The effect of the national language on the style of Satybaldin’s is investigated. Using ornamentalism people’s speech in his works that shows their meaningfulness, the writer created his original style. The author analyzed the specifics of phraseology in the works of K. Satybaldin.
Tris article deals with the system of authorꞌs word usade, in particular phraseological units used by the author,the specific of style and manner of writing depiction.