АУДАРМАШЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ
Мақалада аударма ерекшеліктеріне көңіл бөлумен қатар, аударманы мәдениетаралық коммуникацияның құрамдас бөлігі ретінде қарастыруы қажет екендігі айтылады. Сондай– ақ, мақалада аудармадаға қатысты туындайтын негізгі мәселелер мен интерпретациялық тәсілдер жайлы да сөз болады. Біздің негізгі мақсатымыз жас аудармашылар мен аударма мамандығы студенттеріне аударма жайлы жалпы мағлұмат берумен қатар, әр түрлі жанрдағы мәтінмен жұмыс жасау кезінде олардың неге көңіл бөлу керектігін айта кету. Аударма әлі де болса өзектілігін жоңалта қоймаған ерекше салалардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, аталмыш мақаланың болашақ аудармашыларға берері мол деп есептейміз.
Кілт сөздер: мәдениетаралық коммуникация, вербалды, бей–вербалды, аудармашының кәсіби біліктілігі.
Адамның әлеуметтік–тілдік қызметінің ерекше түрі ретінде аударма өте ертеден, ататіл әр түрлі тілге бөлініп, түрлі тілде сөйлейтін тайпа өкілдері (тас дәуірі адамдары) қатысымға енген кезде делдалға деген қажеттілік пайда болған сонау заманнан басталады. Алайда, әлеуметтік–тілдік қызметтің ерекше түрі ретінде аударма ресми түрде антиктік дәуір (эллиндік немесе грек–рим кезеңі) кезінде жазудың пайда болып, дамуы кезінде қолданыла бастады. Осы кезден бастап жазбаша аудармалар белең алып, аударманы арнайы дайындықты қажет ететін және белгілі бір ережелер мен нормалардың сақталуын талап ететін қызмет түрі ретінде қабылдай бастады.
Алғаш пайда болған уақыттан бері аударма адам дамуында ерекше рөл атқарып келеді, аударманың көмегімен әр түрлі этностар мен ұлттар арасында ақпарат алмасу мүмкін болып, олардың мәдениеті бұрынғыдан да байи түсті. Аудармашылар қоршаған орта жайлы білімнің қалыптасып, халықтардың осы қол жеткізген білімдерін алмасуы және ерте, орта және соңғы ғасырларда адамдардың ой–өрісінің кеңеюі үшін аз үлес қосқан жоқ.
«Аударма» сөзі жалпы алғанда барлығымызға белгілі және түсінікті. Дегенмен, филолог пен аударма саласының маманы үшін бұл сөздің кем дегенде үш аспектілік, бір– бірімен тығыз байланысты мағынасы бар:
1) Ол адамның әлеуметтік–тілдік қызметінің ерекше түрі;
2) Ол түпнұсқа тілінде (ТТ) берілген ақпаратты аударма тілінде (АТ) қайта өңдеуге қатысты ойлау үрдісі;
3) Мұнда мәтін аударма үрдісінің нәтижесі ретінде көрсетіледі.
«Аударма» сөзінің аталған мағыналарының барлығы бір–бірімен тығыз байланысты және бір–бірін алмастырып отырады: аударма үрдісінің ерекшеліктері әлеуметтік–тілдік қызметтің бір түрі ретінде аударманың негізгі сипаттамасынан бастау алады; ал, аударманың үрдіс ретінде іске асуы сөйлеу нәтижесінің ерекшеліктерін, яғни, аударма нәтижесінің (мәтін–аударма) негізгі көрсеткіші болмақ.
Ұсынылып отырған анықтамалардың ішінде ең көп қолданылатыны және ең бастысы – тіларалық коммуникация жағдайында пайда болатын, аударманы адамның әлеуметтік–тілдік қызметінің ерекше түрі ретінде сипаттайтын анықтама.
Аудармаға әлеуметтік–тілдік қызметтің ерекше түрі ретінде сипаттама беру оның әлеуметтік маңыздылығын, адам іс–әрекетінің бұл түрінің дамуы қоғамның даму ерекшелігіне (социум), әлеуметтік тапсырыс ретінде көрініс беретін оның қажеттіліктеріне тәуелді екендігін білдіреді.
Коммуникация (латынша communicatio – байланыс; communico – байланыстырамын, келісемін) немесе қатысым дегеніміз, адамдардың ой–пікірін алмасып, тіл мен басқа да таңбалар жүйесі арқылы бір ақпаратты бір адамның екінші адамға жеткізуі арқылы қарым– қатынасқа түсу құралы.
Басқа да таңбалар жүйесі сияқты тіл де код болып табылады, басқаша айтар болсақ, ол шартты белгілердің жүйесі немесе ақпаратты жеткізудің, ақпаратты өңдеп, сақтаудың басты белгісі. Қолданылып отырған кодтың түріне байланысты коммуникацияның немесе қатысымның вербалды және бейвербалды деген екі түрін атап көрсетуге болады. Ауызша немесе жазбаша сөйлеу түрі арқылы іске асырылатын қатысым түрін вербалды қатысым (лат. Verbum – сөз; verbalis – ауызекі) дейміз. Ал, басқа да белгілер жүйесі (ым, ишара, әр түрлі символдар) арқылы іске асатын қатысым түрі бейвербалды қатысым деп аталады. Демек, қатысымға түсіп отырған коммуниканттар вербалды және бейвербалды белгілер көмегіне сүйене отырып кодталған ақпараттармен алмасады.
Осылайша ақпарат алмасу байланыс арнасы арқылы жүзеге асады. Мұндай байланыс арнасы ауызша немесе жазбаша сөйлемдер легі (вербалды немесе бейвербалды қатысым жағдайында) немесе белгілі бір ақпаратты білдіретін символдардың үздіксіз легі (бейвербалды қатысым жағдайында) қызмет атқарады. Жалпы алғанда коммуникацияны төмендегідей көрсетуге болады: бірінші коммуникант (яғни, хабарламаны жіберуші – адресант) тиісті байланыс арнасы арқылы вербалды немесе бейвербалды белгілердің көмегімен кодталған белгілі бір ақпаратты таратады; екінші коммуникант (яғни, хабарламаны алушы – адресат немесе рецептор) ақпаратты қабылдап алып, одан өзіне қажетті ақпаратты алу арқылы ондағы мәліметті түсінуге тырысады. Бұл үрдісті сонау б.з.д. IV ғасырда грек философы Аристотель төмендегідей көрсеткен еді: сөйлеуші → сөйлесім → тыңдаушы
Соңғы кездері коммуникация үрдісіне қатысты айтылған анықтамалардың ішіндегі ең қарапайымы және қисындысы ретінде ХХ ғасырдың ортасында орыс филологы, Гарвард университетінің профессоры Р.О. Якобсонның ұсынған кестесін айтуға болады:
Кесте 1.Тілдік коммуникация
Мәнмәтін (референт) Хабарлама
Адресант Адресат
Байланыс Код
Байланыс арнасы
(жазбаша немесе ауызша сөйлеу)
Р.О. Якобсонның ойынша бұл кесте кез–келген сөйлеу актісін құрайтын негізгі компоненттерді білдіреді. Адресант (addresser) адресатқа (addressee) хабарлама жібереді, ал бұл хабарлама белгілі бір мәнмәтінге (referent) байланысты болумен қатар ол вербалды түрде іске асырылады және сөйлемнің осылайша вербалды түрде іске асырылуы адресант пен адресат үшін ортақ (болмағанда жартылай ортақ) болып келетін кодтың (code) көмегімен іске асады. Адресант пен адресаттың арасында байланыс орнатылады да сол байланыстың арқасында коммуникация жасау мүмкіндігі туады 1.
Р.О. Якобсонның аталмыш кестесін негізге ала отырып, оған төмендегі ұғымдарды қосу арқылы өзгеріс енгізуге болады. Ол ұғымдар мыналар:
• бір тіл негізіндегі (монолингвальды) коммуникация;
• тіларалық коммуникация;
• тілдік кедергі;
• тілдік делдал;
• түпнұсқа ті;
• аударма тіл.
Қандай да бір ақпаратты жеткізіп немесе қабылдау кезінде коммуниканттардың қай– қайсысы да ортақ вербалды кодты қолданатын болса (бір сөзбен айтқанда, бір тілде сөйлесе) онда коммуникацияның мұндай түрі бір тіл негізінде орын алатын немесе монолингвальды коммуникация (грек тілінен алғанда monos – бір, лат. lingua – тіл) деп аталады. Мұндай жағдайда коммуникация тікелей орын алатындықтан, коммуниканттар сырт адамның көмегінсіз–ақ бір–бірін түсіне алады.
Коммуниканттар әр түрлі вербалды кодтың (яғни, әр түрлі тілдің) иелері болғандықтан және олардың бірі екіншісі сөйлейтін тілді білмесе, олардың арасында тілдік кедергі пайда болады. Бұл жағдай олардың бір–бірімен еркін араласып кетуіне кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда тілдік делдал қажет болады. Тілдік делдал дегеніміз – екі тілді (1 және 2 кодты) қатар меңгерген, тілдік кедергіні жеңуге және ақпарат алмасуға көмектесетін субъект. Субъект, біздің жағдайымызда, аудармашы болып табылады. Осыдан болып, коммуникация жанама коммуникация сипатына ие болады, себебі, коммуниканттар бір–бірімен тура ақпарат алмаса алмайды, ал, ақпаратты тек тілдік делдал – аудармашы арқылы ғана беріп, қабылдай алады. Демек, аудармашы адресат пен адресанттың іс–әрекетін қатар қоя отырып, күрделі қызмет атқарады: 1) ол түпнұсқа тілде жасалып (ТТ), бірінші коммуниканттың жіберген хабарламасын қабылдап кодтайды; 2) алынған ақпаратты 2 код арқылы кодтайды, яғни, алынған ақпаратты аударма тілі (АТ) арқылы қайта өңдеп, екінші коммуникантқа жібереді. Бұл жағдайда АУДАРМА (жазбаша немесе ауызша) коммуниканттардың ақпарат алмасатын негізгі байланыс арнасы қызметін атқарады. Коммуникацияның мұндай түрі тіларалық коммуникация деп аталады.
Тіларалық коммуникацияға қатысушылар (1 коммуникант және 2 коммуникант) әр түрлі ұлттық тілде сөйлеп қана қоймайды, олар сондай–ақ, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыратын өмірлік құндылықтары, сана мен мінез–құлық стереотиптері бар, қатысымға түсіп, іс–әрекеттерін бірлесе ұймдастыруда өзіндік ерекшеліктерге ие әр түрлі ұлттың мәдениет өкілі де болып табылады 2. Ұлттық мәдениет ұлт өкілі болып табылатын нақты бір этнос мүшесінің қабылдауына, ойлауына, мінез–құлқына тікелей әсер етеді. Демек, әр түрлі этнос өкілдері, яғни, әр түрлі мәдениет иелері кездескен кезде олардың әрқайсысы өздерінің ұлттық нормалары мен мінез–құлқына сәйкес әрекет ететін болады, осыған байланысты олардың бір жағдайды түрліше қабылдайтын кездері де болып жатады. Сондықтан, тіларалық коммуникацияны мәдениетаралық коммуникация ретінде де қабылдауға болады.
Р.О. Якобсон ұсынған коммуникация үрдісі кезінде қолданылатын референт термині хабарламаға қатысы бар өзіндік мазмұнға ие мәнмәтін ретінде түсіндіріледі. Қазіргі кездегі аударма үлгілерінде логикалық түрде бір–бірімен байланысты референт және денотат терминдері қолданылады. Бұл терминдер немесе ұғымдар аударма үрдісін сондай–ақ, бір жағынан ТТ–ден АТ–ге аудару мүмкіндігін, екінші жағынан аударма кезінде пайда болуы мүмкін қиындықтардың себебін түсінуге мүмкіндік береді. Аталмыш оқу құралында бұл терминдер қазіргі кезде лингвистика саласында қалыптасқан дәстүрге сай келесі мағынада қолданылады 3:
ДЕНОТАТ (латыннан denotation – мағына) – адамның танымдық қызметі нәтижесінде пайда болып, тілден тыс реалияның жалпы белгісі ретінде тілдік жүйеде көрініс беретін ақиқатты шындықтың кейбір фрагменттері.
РЕФЕРЕНТ – (латыннан referio – бейнелеу) тіл көрініс табатын ақиқатты өмір нысаны.
Қандай да бір ақиқатты шындықты қалыптасқан білім, оның өмірлік құндылықтары, тарихи және мәдени өмір–салтына байланысты әр түрлі ұлт өкілдері түрліше қабылдап, оған түрліше баға беруі мүмкін. Сондықтан, денотаттар, яғни, 1 және 2 кодтың бірліктері арқылы берілетін нақты жағдаяттың (референттің) көрінісі, мазмұны жағынан сәйкес келгенімен, көлемі жағынан әр түрлі болуы әбден мүмкін. Денотаттарға қатысты туындайтын бұл ерекшелік аударма кезінде туындайтын негізгі қиындық болып табылады.
1 және 2 денотаттардың айырмашылық деңгейі коммуниканттардың тарихи және ұлттық–мәдени өмірінің жақындығына байланысты. Айталық, ортақ бір тілде сөйлеушілердің қолданатын денотат мазмұнының көлемі бірдей болса, тарихы мен мәдениеті тұрғысынан, басқаша айтсақ, генетикалық жағынан жақын болып келетін түркі, славян сияқты тілдерде мазмұнының көлемі жағынан оларда айтарлықтай өзгеріс бола қоймағанымен, туыс емес тілдерде сөйлеушілердің санасында бұл денотаттар айтарлықтай өзгеше. Үстел (қазақ), table (ағылшын) және lamesa (испан) сөздері арқылы берілетін денотаттардың негізгі мазмұндық компоненттерін салғастырып көрелік: Кесте 1.
үстел table lamesa
1. Жұмыс кезінде немесе тамақ ішкенде үстіне зат
қойылатын жиһаз
түрі Тамақ үстелі, операция жасайтын үстел (орыс: обеденный стол,
операционный стол)
dining
room table,
operating table mesa de comedor, mesa de operaciones
2. Жалпы үстелге қатысты заттар Үстелдің үстін жиыстыру(орыс: накрыватьна стол, убирать со стола,садиться за стол) To set a table, to cleana table, to sit down to table
cubrir la mesa, recoger la mesa, sentarse a la mesa
3. Үстелдің – mesa abudante, mesa
үстіне қойылған ас–тағам, оның мол/аздығы (орыс:
обильныйстол, нищенский стол) gallega
4. Үстел маңындағы адамдар –
(орыс:
веселить весь стол) jokes that amused the
whole table
5. көбейту кестесі, кесте Multiplica
tion table,
timetable
6. Мекемелер, бөлімшелер –
(орыс:стол
заказов, стол находок, адресный стол)
7. Комиссия, комитет, президиум Mesaelectoral, presidentedemesa
Көріп отырғанымыздай, аталмыш сөздің денотативтік мазмұнын білдіретін негізгі жеті компоненттің үш тілде тек 1 және 2 толық сәйкес келеді.
Тіларалық және мәдениетаралық коммуникация кезіндегі аудармашының негізгі қызметі қарым–қатынас орнату болып табылады. Басқаша айтсақ, коммуниканттар арасында өзара түсіністік орната отырып, аудармашы хабарлама арқылы берілген ақпараттың еш бұрмалаусыз, толығымен жеткізілуін қамтамасыз етеді. Дегенмен, ол адамның мінез құлқына әсер ететін, коммуниканттардың өмірлік жағдайлар мен мәселелерді қабылдап бағалау кезінде қалыптасатын білім және тәрбие беру ерекшеліктерін, ұлттық салт– дәстүрлерді назардан тыс қалдырмағаны жөн. Мысалы, A rolling stone gathers no moss (сөзбе– сөз: ақшаны жүгіріп жүріп жиғанша, үйде отырып жина) деген ағылшын мақалын домалап келе жатқан тас мүк жинамайды деп сөзбе–сөз оп–оңай–ақ айта салуға болады. Алайда әр түрлі ұлттың мәдениет өкілі болып келетін коммуниканттар үшін, яғни, ағылшын адресант пен қазақ адресант үшін бұл хабарлама әр түрлі ой мен ұғым туғызады, осылайша, әр түрлі қорытынды шығаруға алып келеді. Ағылшын үшін мүк (өзінің күміс тәрізді өңіне байланысты) байлықты, қайырымдылықты білдірсе, мүктің болмауы жағымсыз, көңілге қонбайтын істі білдіреді. Қазақ ұғымындағы мүк құстар ұя салып, балапан шығаратын жер болумен қатар, құстардың қорегі және жауларынан тығылатын орны болып табылады. Мүктер басқа өсімдіктер секілді қурап, ұсақ ағзалардың көмегімен шіриді. Соның нәтижесінде құнарлылығы жоғары шымтезекті топырақ түзіледі. Мұндай топырақтарға жаңадан өсімдіктер өседі. Қазақ ұғымында, наным–сенімінде ол еш мағынаға ие емес. Демек, біздің жоғарыда келтірген аударманың қазақ оқырмандары үшін еш танымдық немесе ұғымдық мәні жоқ болумен қатар, ол оқырмандарды шатастырып жіберуі мүмкін. Сондықтан, толық өзара түсіністікке қол жеткізу үшін (түпнұсқа мен аудармада толыққанды мағынаға ие болуы үшін) аталмыш ағылшын мақалын қазақ ұғымына жақын мақалдар арқылы жеткізу керек. Сондықтан, оны қазақ тілінде әр шөптің басын бір шалу немесе алыстан арбалағанша жақыннан дорбала деп қана жеткізуге болады.
Осылайша, тіларалық және мәдениетаралық коммуникация кезінде басқа бір мәдениет өкілінің тілін білу маңызды болғанымен, үнемі дерлік жеткілікті бола бермейді, ол елдің салт–дәстүрін, наным–сенімін білмесеңіз толыққанды түсіністікке қол жеткізе алмайсыз. Сондай–ақ, екінші қатысым иесінің ұлттық мәдениет ерекшеліктерін де білген жөн. Бұлардың барлығы тіларалық және мәдениетаралық делдал қызметін атқаруға міндетті аудармашы үшін оңайға соқпайтыны белгілі.
Қалай дегенмен де, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін сол мәдениетті жасайтын сол мәдениеттің иелерінен анық байқауға болады. Айталық, қатысымға еніп отырған тілдердің бірінде тек осы халықтың тарихы мен мәдениетіне тән, бірақ, басқа этнос өмірінде байқала бермейтін заттар мен ұғымдарды білдіретін сөздерді кездестіруге болады. Мысалы, ауыл, киіз үй, шаңырак, кереге, бүркітші сияқты қазақ сөздері, зипун, шушун, поддевка сияқты орыс сөздері тек осы ұлттарға ғана тән. Олардың басқа тілде дәл осындай мағынаға ие баламасын кездестіру мүмкін емес. Шындығында қазақтың киіз үйін орыстың избасымен, ағылшынның house сөзімен, испандық lacasa–мен, эстонның maja немесе kodu сөздерімен алмастыруға болмайды, өйткені, олар сол елдердің мәдениетіне сай үйлерді білдіреді, былайша барлығы үй болғанымен, олардың семантикалық мағынасы мен үй ретіндегі құрылымы мүлдем бөлек. Ал, ағылшындық Boston tea–drinking тіркесі американдықтар үшін
Бостон қаласындағы шай ішу рәсімін білдіргенімен, оның түп тамыры тереңде жатыр, ол Солтүстік Америкадағы ағылшын колонияларының тәуелсіздік үшін күресінің бір көрінісі. Бұл күрес кезінде ағылшындардың Солтүстік Америкаға шайды еш салық төлемей әкеліп, колонияның экономикасына залалын тигізіп отырғанына қарсы болған «Бостон ұлдары» ұйымымен байланысты. Бұл ұйымның мүшелері 1773 жылдың желтоқсан айында Бостон портындағы ағылшын кемелеріне ұрланып кіріп, шайдың бір бөлігін теңізге лақтырып жіберген болатын.
Мұндай жағдайда аудармашы не істеуі керек? Мұндай сөздер мен сөз тіркестерін аударудың тәсілдері бар ма? Кәсіби мамандығының білікті иесі болу үшін аудармашы нені білуі керек? Әр түрлі мәтіндердің аудармасын көңілге қонарлықтай етіп жасап, аударма кезінде туындайтын қиындықтарды жеңуге көмектесетін және аудармашының кәсіби білім кешенін құрайтын білімдер жиынтығы болады.
Демек, адам қызметінің күрделі де көп қырлы түрі ретінде аударма бір тілді екінші тілмен жай ғана алмастырып қана қоймайды, ол әр түрлі мәдениеттің, жеке адамдардың, олардың ойлау жүйесінің және дүниеге деген көзқарасының, әдеби әдет–ғұрпының, әр түрлі тарихы кезеңдердің, даму деңгейінің арақатынасы болып табылады. Осыған байланысты аударма әр түрлі ғылымның, атап айтсақ, мәдениеттанудың, лингвомәдениеттанудың, этнографияның, психологияның, когнитологияның, тарихтың, әдебиеттанудың зерттеу саласы болып табылады. Ал аударматанудың өзінде мәдениеттанудың, когнитивистиканың, психологияның және әдебиеттің кейбір аспектілерінің бар екендігін атап көрсетуге болады. Ал, лингвистикалық тәсіл (аспект) қазіргі аударматанудың негізі болып табылады 4.
Аудармашылық қызметті сәтті іске асыру дегеніміз, аударма үрдісінің заңдылықтарын түсініп, аударма жасауға негіз болатын заңдылықтар мен негізгі ережелер кешенін және аударма нормаларын анықтау. Бұл мәселелермен жеке ғылым ретінде жақында ғана пайда болған тіл білімінің ерекше тармағы – аударма теориясы (АТ) айналысады. Оның ғылым ретінде қалыптасуы үшін аударма үрдісінің заңнамалары жөніндегі білімді жинақтап, қорытындылауға мүмкіндік берген аудармашылық қызметтің мыңдаған жылы қажет болды.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Roman Jakobson, Linguistics and Poetics – “Style and Language”, ed. by Th. A. Sebeol, Cambridge, Massachusetts Institute of Technology, 1960.
2. Основы теории коммуникации. Под ред. профессора М.А. Василика. Москва: ГАДАРИКИ, 2007.
3. Сулейменова Э.Д. Понятие смысла в современной лингвистике. Алма–Ата: «Мектеп», 1989.
4. Амирова Ж.Г., Мизамхан Б.М. Аударма телриясы және машығы негіздері.
Алматы, 2015.
Б.Мизамхан
ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ ПЕРЕВОДЧИКА И МЕЖКУЛЬТУРНАЯ КОММУНИКАЦИЯ
В статье рассматривается вопрос о том, что нужно уделять внимание не только особенностям перевода, но рассматривать перевод как неотъемлемую часть межкультурной коммуникации. Так же в статье анализируются интерпретационные методы и основные проблемы, возникающие при переводе. Наша главная задача проинформировать молодых переводчиков и студентов переводческого дела о специфике перевода и рассказать основные ключевые моменты, возникающие при переводе текстов разных жанров. Перевод – эта сфера деятельности который все еще не утратил свою актуальность. В связи с этим, считаем, что данная статья играет немаловажную роль в обучении будущих переводчиков.
B.Mizamhan
THE ACTIVITIES OF TRANSLATOR AND INTERCULTURAL
COMMUNICATION
The article describes translation peculiarities while focusing on translation as a form of intercultural communication. The article highlights the problems connected with the issue of translation and culture as well as the interpretive moves. Main aim of the article is to help novice translators as well as the translation students what role the translator should play while dealing with texts of different genres. If we consider the role translation is playing today, I hope this article will be of great help to translation students by giving them insides into their profession as well as accustoming with some of the modern trends in translation studies.