Қасай-Қаракесек
Жақау он алты жасқа толғанда, әдейілеп іздеп нағашысы Қобыландының аулына барыпты дейді. онан ешкім жөн сұрамапты, өзі де өзін таныстырып ештеңе айтпай, көптің бірі болып жүре беріпті. Қыс өтіп, қар еріп, көктем шығатын кезде Жақау жылқышыларға қосып баққызып қойған атын алдырып, ерттеп, еліне қайтқалы жатқанда Қобыланды шал: «Сен бала, былтыр келдің, биыл кетейін деп тұрсың, неғып жүрген жансың?»—деп сұрапты. Сонда Жақау: «Мен сенің жиенің боламын, сіздің қарындасыңыздан туған баламын, нағашымның— сіздің ауылға әдейі іздеп былтыр келіп едім, менен ешкім жөн сұрамады, енді еліме қайтқалы тұрмын»,—деп жауап беріпті. Қобыланды шал ойланып тұрып, онша мән беріңкіремей, ашыла қоймай: «онда, мал алып қайта ғой!»—депті. осы кезде Жақау атына мініп, үндемей жүре беріпті. Сонда Қобыланды қасындағыларға қарап: «Мына баланың артынан қарап бақы лаңдар, байқаңдар! Кетіп бара жатқанда, атын тебінбес, атын қамшыламас, артына қайырылып қарамас. осы айтқаным тура келсе кері, шақырып әкеліңдер!»—депті. Айтқанындай солай болады да, баланы кері шақырып Қобыландыға алып келеді. оның жиендігіне сеніңкіремей тұрған Қобыланды сонда: «Жиен болсаң, боларсың, мына сауытты киіп кет, саған сыйға бергенім»,—деп, өзінің сауытын берген екен дейді. Кейін Жақау батыр сол сауытты киіп, бірнеше рет жауға шапқан екен дейді. өлерінде сауытын ұлы Қасаболатқа қалдырыпты, ал қазір қайда, кімде екенін білмеймін деп Серікбай көкем айтып отыратын еді. Себебі Серікбай көкемнің түп нағашысы осы қаракесектер болатын. Сонда көкем нағашыларын үлкен мақтанышпен айтып, есіне түсіріп, дұға етіп отырады екен-ау!? ол әруақтардың жандары жәннатта болсын!
Жақау батыр бірнеше әйел алған көрінеді. Бәйбішеден Әтеке деген балалы болыпты, онан—Аталық, онан Тінібек туыпты. Жақау батыр қалмақтармен соғыста жүргенде бәйбішесі қай тыс болыпты. Ағайындары Жақауға сыртынан үйінде қызмет ші болып жүрген Нәбира деген қызды әйелдікке ұйғарып қойып ты. Соғыстан қайтып оралған ол ағайындарының ұйғарымына мақұлдасып, сол қызды әйелдікке алыпты. Сол Нәбира тоқалдан Аман мен Түмен деген екі балалы болыпты.
Қайтыс болған бұрынғы бәйбішесінің төркіндері Нәбираны Жақауға қосыпты деген сөзді естіп, келіп: «Қызымның ақ төсегін есікте жүрген күңге бастырмаймын!»—деп, үйіндегі екінші қызын Жақауға әйелдікке беріпті. осы әйелінен Жақсылық деген ұл туыпты. онан кейін Жақау төртінші әйел алған көрінеді. Бұл әйелінен Ноғай, Шоңай деген екі балалы болыпты. Бір соғыста күймелі арбасымен Қалмақ ханының Қасай, Жекей деген екі қыздары тұтқындалып, Жақау батырдың қолына түседі. Жекейді Шыңғыс атамыз тауып алып, бала қылған Қалудың (Мәкудің) ұлы Бөлекке тоқалдыққа береді де, Қасай қызды Жақау батыр өзі тоқалдыққа алыпты. осы әйелі Қасайдан Қасаболат, Малайсары және Шой деген үш ұлды болыпты. осы үш ұлдан тараған ұрпақтар өздерін «Қасай Қаракесекпіз» деп, шешесінің атымен ру атандырған дейді.