«Тоғыз таңбалы Найман»
(ХVІ нұсқа)
Найман екі қатын алып одан бала болмапты. Бала көрем бе деп көп жасын өткізген соң тағы бір әйел алыпты. одан бір ұл туған екен, атын Қытай қойыпты. ол он алтыға келгенде үйлендіріп әйел алып беріпті, әрі сол жылы ақ кигізге отырғызып би етіп көтерген екен. Сонымен «Қытай би» атаныпты. ол он сегіз жасқа келгенде ауырып өліп кетіп, әйелі жас қапты. Найманмен бір туған Арғын өзі кедей болғанымен 8-9 ұлы бар, басқа бай екен. оның ұлдары Найманбайдың жесір келінін аламыз деп талас тудырыпты. Жесір келін оларға тимейтіндігін білдірсе де, олар: «Мен алам, мен алам!»— десіп, өзара соғыс тудырыпты. Сонда Найман шал зар жылап: «Басынғаны-ай, мына тобырлардың!»—деп назаланып кеткен екен, мұны көрген Арғын балаларына насихат айтып, жесірге таласын тоқтатқызыпты. Сонда Найманның келіні түс көріп, ол түсін «сәуе» көрдім деп былай айтады: «Менің көрген сәуеме қарағанда, үлкен атаның ұлдары: «біз сегіз боламыз» деп көптігін көрсетпекші болады. Мен атама тағы бір әйел алып беріп, содан туған ұл ержеткенше ергеншегіме күзет қойып сақтаймын да, сонан сол ұлға тиіп, атамның ұрпағын тоғызға жеткізем, соғанға дейін ешқайда кетпеймін».
Жесір келін шынында да атасына ақыл айтып, оның күтімін жақсылайды, кейін өз төркінінен бір жас қызды алып береді. «Шалекең алмай, мал екең алады» деген сөз осыдан шыққан дейді. Найман шалдың жас әйелі бір жыл өтісімен жүкті бо лып, ұл туады. Найман шал қуанғанынан: «А, Құдай, ұл бергенге шүкір, шүкіршілік қылайын бұған да!»—деп өкіріп кеткен екен. Елдің Найманды «өкіреш Найман» деуі де осыдан екен. Бірақ кейбіреулер руларара қағысу-түртісудің салдарынан, Найманды жас әйелімен қосылғанда өкіріп кетіп өлгендіктен: «өкіреш найман» деген екен десіп, сылтың қылады. Бұл дұрыс емес. Найман осы баласына шүкіршілік еткендігі үшін атын «Шүкір» деп қояды. Баласы жасқа толып талпынғанда, әр күні алдына алып «әлдилейді» екен. Сонда:
«Әлди-әлди, шүкірші, Қаз-қаз басып жүгірші.
Әбиір беріп атаңа,
Қаңқу сөзден құтылшы…
Әлди-әлди, Шүкірім, Бәйгеге қосқан үкілім.
Тәңірім саған жар болсын, өркен жайсын тұқымың…»—
деп ыстық ықылас білдіріпті. Міне, осы Шүкір кейін ел жағынан «Шүкірші» атала жүріп барып: «Сүгірші» делінетін болған. ол ержетіп есейген кезде Қытай биден қалған келіні оған некеленіп, одан бір ұл туады. ұлдың атын Құрманбай қояды. Бұл әйел осыдан кейін бала таппаған соң, тағы бір әйел алып береді. Сүгіршінің бұл әйелінен 8 ұл туады. Бұларды: Терістаңбалы, Бағаналы, Қожамбет, Саржомарт, Бура, Жарболды, Көкжарлы, Ергенекті деп атайды. Сонымен, Құрманбаймен қосылып «Тоғыз таңбалы Найман» аталады. 