Байжігіт—«Бес байыстың бірі»
Сайбек ханның елін қалмақ шауып, содан жерінен ауып көшіп келе жатып, әз-Жәнібек ханның қорығына келіп, білмей қонып қалады. «рұқсатсыз ханның жеріне қонған қандай адам ажалына «серік» болған. Қазір біз ханға алып барамыз. Хан бастарыңды алады»,—деп әскерлер ажыраңдаған соң: «Елімізді қалмақ шауып, жерімізден ауған мүсәпір адамдармыз. Қарақтарым, келіңдер, бізге қамқорлық қылыңдар. үйге түсіп тамақ ішіңдер. Дастарханнан үлкен ешнәрсе жоқ»,—деп жалынып-жалбарынып үйге түсіріп, қат ты құрмет көрсетіп, жағдайын айтқан соң, әскерлер қаһар ланғанын қойып, қайтпақ болған соң, шеріктердің қа сына кісі қосып ханды қо нақ қа шақырады. «Келіп қонақ болып, дәм татып қайтуын тө мен ші лікпен өтінеміз» дегенді айтып кісі жібергеннен кейін Жұпар ханым айтады еріне (Сайбекке): «Хан алды тар, қаһарлы келеді ғой, сен үйде тұрмай, далаға аң аулап кетіп қал! Ханды балаларымызбен бірге қарсы алып күтеміз».
Сайбек аттанып кетіп қалады. Артынан кешікпей әз-Жәнібек хан нөкерлерін ертіп келе жатқанда Сайбектің 30 ұлы біркелкі болып алдынан шығып, тағзым етіп қарсы алып, үйге түсіреді. Хан да жылы жүзбен аман-сәлем қылып, отырған соң бәйбішеден жағдайды егжей-тегжейлі сұрап түсінеді де:
—Мына жүрген көп жас өспірім бозбала жігіттер кім?—деп сұрайды.
Бәйбіше:
—Бәрі де өз балам, 30 ұлым бар,—дейді. Сонда хан:
—ойпырым-ау, 30 ұлдың бәрі де өзіңнен бе?—дейді. Сонда:
«15-і өзімнен, 15-і кіші әйелден» дегенді айтады.
Сонда Жәнібек хан:
—өзіңіз сонша кемеңгер бәйбіше көрінесіз, қалайша үйіңізге тоқал алдырғансыз?—дейді.
—Қатында бақ болмайды ер қорыған, Ханда ақыл болмайды жер қорыған.
Кеңшіліктен кемшілік болмас деген, Тараң болса, таймайды кім жолынан.
Алдырмасаң, 15 ұл қайдан келер, Әркім зиян шекпей ме өз сорынан,—
деп бәйбіше өстіп өлеңмен жауап берген соң, әз-Жәнібек хан жеңіліп:
—Бәйбіше, осы қорық сіздікі болсын. «Жұпар қорығы» атансын»,—деп, рұқсат еткен екен.
Сол жерге мекенжай салып, мекендеген шарасынан асыптолып тұрғанда Сайбек те, Жұпар ханым да қайтыс болды. Елін тағы да қалмақ шауып, 30 ұлдың көпшілігі өліп, тұтқындалып, тірідей қолға түсіп кетеді де, содан Қойшаға, Толымқожа, Тоқтарқожа деген үшеу қалды. Қойшаға Қызай-Матайға кетіп, Толымқожа Керейдегі Жәнібектің еліне барып тиянақтайды. Сол Жәнтекей ішінде өсіп-өніп, Меркіт деген тап атанып, 12 Абақ керейдің біреуі болып кеткен.
Ал енді, үшінші—Тоқтарқожа Байыс бабамыздың қолына келіп, бала болып тұрып, Байыстың жылқысын бағады. өзі күннің есебін айыратын есепші, сәуегей адам екен. Бір жылы Байыс бабаға: «Биыл алдымыздағы келер қыс қатты болады. Елдің малы ақ сүйек болып жұтайтын болады. Сол үшін сіз осы бастан сиыр, түйе, қойдың қыстайтын жерінен үш түлік малды қамағанда сиып тұратындай етіп шымнан қора салдырыңыз. Қысқа салым жер таусылып, елдің малы жұтай бастағанда өзіңіздің үш түлік малыңызды осы шым қораға қамасаңыз, ашыққан мал шым қораны жеп те бітірер, сонда қар да кетер. Сонымен сіздің малыңыз аман қалар. Әйтпесе, мал көп жұтқа шалдығар!
Бойдақ қойыңызды соғым уағында қырғызып, етін қаты рып қойып, бір қойды бір қызыл қозыға деп елге үлестіріп жібе ріңіз. Ал мен жылқыны жылы жаққа айдап, қыстан шығару дың қамын ойлаймын дейді. Қызыл қозы деген қойдың ішіндегі жазғытұрым туатын қозыны айтады. Күз айналып, тоқты бо- лып, енесінен айыратын уақытта жиып алатын болады.
Сонымен, Байыс бай жылқышысы Тоқтарқожаның тілін алып жаздай мал қыстайтын жерден қараған, тобылғы араластырып шымнан қора салғызыпты. Енді күз болып, қар жауар алдында Байыста 2 мыңнан астам жылқы бар екен, соны қостап отарға шығарады. Бірнеше жылқышыға Тоқтарқожа бас жылқышы болып жылқыны айдап кетеді.
Сонымен, күз жаңбырлы, қыс қатты болып ертеден малдың сұрқын кетіре бастайды. Сонда Байыс байда 2 мыңнан артық бойдақ қой бар екен. Соғым уақытында бәрін қырғызып, қатырып қойып, бір қойды бір қызыл қозыдан келер күздегі мизам (қыркүйек) айында жинап алатын болып елге таратып жібереді. Қалған үш түлік малды бағып, қыстан аман алып шығудың әрекетімен шұғылданады. Қыс керемет қатты болып, мұз жауып, ел жұтай бастайды. Байыстың да жерінің шөбі таусылып, жайылым болмай қалған соң үш тәулік малды шым қораға қамайды. Ашыққан мал шым қораны жеп бітіруге айналғанда күн жылынып, қар да кете бастайды. Байыстың қойы да, түйе, сиыры—үш түлік малы қыстан аман шығады. Басқа елдің малы жұтайды.
Күн жылынып, көк шығып, жетіліп шөп қарабас шалғын болады, ел жайлауға [шығатын] уақыт тақайды, жылқыдан әлі хабар жоқ. Байыс бай күнде дөң басына шығып қарап отырады екен. Бір күні жылқының кеткен жағынан мұнарланған шаң көрінеді. Сонда Байыстың Мақта деген жас қызы әкесінің қасында ойнап жүр екен. «Балам, осынау біздің жылқының кеткен бетінен көп мал айдағанға ұқсаған мұнар шаң көрінеді. Көзің өткір ғой, қарашы!»—дейді. Мақта қыз қарап отырады да: «Ата, көп мал айдаған келеді»,—депті. «Е, балам осы біздің жылқы-ақ болар. Тағы да қарашы!»—дейді. Мақта қыз қарап отырып: «Ата, көп жылқы айдаған келеді. Жылқыдан қосар ат жетектеген біреу озып шықты»,—дейді де тағы да қарап отырып: «Ата, Тоқтарқожа ат жетектеп келе жатқанын таныдым»,—дейді.
Сонда Байыс бай ішін тартып: «осыдан жылқы аман келсе, осы Мақтамды Тоқтарқожаға беремін!»—деп ойлайды. Сонымен Тоқтарқожа бір атты ыңыршақтап алып, дөң басында отырған Байыс байға сәлем береді де:
—Жылқыны күзде айдап кеткеннен бастап желе көшіп қонып отырдық. Қонған жерімізге долана қазықты қағып отырдық. Қазық бармайтын жерге тоң жерлерге тоқтамадық.
Сонда барып Тоқта тауына барсақ, жаңбыр жаумаған, жері құрғақ, қысы жақсы жер екен. Сол жерге қыстап шықтық. Жабағы шолақ болып шықты. Тағалы тайымыз арықтап өліп, шығын болған жоқ. Жылқы аман. Көшейік деген кезімізде бие қауырт құлындап қалып, одан биені тегіс құлындатып, құлыны қарақұлақ болған соң көштік. Кешеуілдеген жайымыз— сол,—деп жөнін айтып, аттарын байлап, торсықтарын түсірген ше Байыс бай үйге жіті басып кіріп, бәйбішесіне айтады: «Мына үйдің босағасына сеңсең тасташы!»—деп. Солай деудің себебі—ол уақыттағы салт бойынша күйеу болатын жігітке отыратын жеріне сеңсең тастайды екен. Бәйбіше ақсақалдың айтуы бойынша босағаға сеңсең тастағанда, Тоқтарқожа келіп, сол сеңсеңге отыра кетеді. Сөйтіп, Мақта бойжеткен соң басына отау тұрғызып, Тоқтарқожаға береді. Алдына енші мал салып беріп, бөлек ауыл қондырады.
Мақта апайдан Байжігіт, Жанжігіт деген екі ұл туады. Бұл екі ұл ержетіп, ат жалын тартып мінуге айналған соң, Тоқтарқожа дастархан үстінде отырып: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген бар, біз енді елге қайтайық, көшейік. Балаларға ел-жұртымды таныстырайын дегенді айтады. оған Мақта апай көніңкіремей:
—Көрмеген, білмеген елге қайдан көшіп барамыз? Бұл жерден не зиян көрдің? Жалғыз басың келіп едің, төрт адам болдың, басыңа үй тұрғызып, бауырыңа қазан астың, алдыңа мал салып, бөлек ауыл болдың, Құдайға шүкір, көшпейміз!»—дейді.
—Ендеше, екі баламды алып өзі кетемін, бармасаң, өзің қал. Балалардың киім-кешегін түгендеп кигіз! Және жолай жей тін азық-түлік сал қоржын толтырып,—дейді Тоқтарқожа.
Сонымен Тоқтарқожа екі ұлын ертіп келе жатса, май айында таудың басындағы қар бұзылып, еріп екі жағындағы жар көрінбей, қатты тасып жатқан бір үлкен өзенге кез болады. Бұрынғы өткелді тауып, Тоқтарқожа мен Жанжігіт аттарын суға салып жіберіп ар жаққа малти өтіп шыққанда, Байжігіт өтпей тұрып қалады. «өт, өт, неге тұрып қалдың?» деген екен олар ар жақта тұрып айқайлап. «Мен өтпеймін, нағашыма барамын және шешемді тастап кетпеймін. Қош болыңдар!»—деп айтады да, кері қайтады.
Байжігітті Байыс қарсы алып, қайтып келгенін қатты құрмет қылып:
—«Қыздан туғанның қиығы жоқ» деген, сені ана ұлдарымнан артық көрмесем, кем көрмеймін ,—деп, ұлдарына:
—Байжігітімді қақпай қылмаңдар, сендермен бірдей өсіремін!—дегенді айтып, ықыласын берген екен. Сондықтан Байжігіт елі «Бес Байыстың біріміз» дейтіні осыдан дейді.