Ысты туралы аңыз
(ІІ нұсқа)
Жалмамбет батырдың екінші әйелі Қарашаш сұлу Мапырашты ананың сіңлісі екен. Мапырашты қайтыс боларының алдында күйеуі Жалмамбетті шақырып алып айтыпты:
—Мен өлген соң басқа бір елден келіншек аларсың. ол менің артта қалған балаларымды түрткілеп, өгейсітер. Сөйтіп, отбасының берекесін кетірер. Мені сыйлап тілімді алсаң, былай етерсің: менің сіңлім Қарашаш та бойжетіп қалды. Сен соны ал! ол біздің балаларымызды өгейсітпейді. Бауырына тартып, менен бетер бағып-қағады. Келіннің бұл өсиетін атасы Бәйдібек те, оның әйелдері де құптайды. Жалмамбет өзінің сүйікті жары Мапыраштының өсиетін бұлжытпай орындайды, 14 жасар Қарашашты айттырып алады.
Қарашаш сұлу әрі салдарлы, сабырлы, ақылды болыпты. оның өзгелерден бір ерекшелігі—үнемі өн бойын таза ұстап, иіс сабынмен жуынып-шайынып, қолы-бетіне иісті әтір жағып, сыланып-сыйпанып, үстіне қонымды таза асыл киімдер киіп, сән-салтанатпен кербез жүреді екен. оның бұл әдет-дәстүрі келе-келе ауылдың қыз келіншектеріне үлгі-өнеге болып таралыпты. Қариялар, абысын-ажындар Қарашашты «Сыланды келін», «иісті келін» деп атайды екен.
одан өсіп-өнген ұрпақтарды «Сыланды балалары», «иісті балалары», кейін «иісті», «ысты» деп қысқаша атап кетеді. 