ШАПЫРАШТЫ РУЫ
(Үш таңба немесе тұмар таңба туралы)
Бәйдібектің екінші әйелі Зеріптен Жәлмәмбет туады. Жәлмембет отызға келгенше үйленбей, серілік құрып жүріп Мапыраш атты қызбен көңіл қосады. Мапыраш анамыз ұл табады. Бірақ қан көп кетіп, ұлын сүйе де алмай, қайтыс болады. …Баланың атын анасына ұқсатып Шапырашты деп қояды. Бұдан соң Жәлмәмбет өзінің туған балдызы Қарашашқа үйлене ді. Ай-күні жетіп, Қарашаш ұл табады. Толғатып жатқанда «марту» басып Қарашаш анамыз да қайтыс болады. Нәрестенің атын ошақты қояды. Тегі Жәлмәмбет атамыз серілеу болса керек, сол екі арада Сыланды деген қызметшісімен көңіл қосып, оған да үйленеді. Іле-шала Сыланды ұл босанып, атын ысты қояды…
Шапырашты туғанда бір жылқышы Бәйдібекке сүйінші сұрап барыпты. Сүйіншісін берген бабамыз жылқы ішінен бір торы тайды ұстатқызып, темір көсеуді отқа қыздырып тайдың санына тартып жіберген екен. ошақты мен ысты туғанда да дәніккен жылқышы сүйінші сұрап барыпты-мыс. Бәйдібек баяғы тайды ұстатқызып, жамбасына тағы екі жерден қарып таңба басыпты. Кейінірек: «Сонша жылқыңыз бола тұра, ұш ұлға арнап жалғыз тайды бәсіре еткеніңіз қалай» деп сұрағандарға Бәйдібек: «Таңбасы бір болса, тату болады» деген жауап қайтарса керек. Тайдың санына көсеуді үш тартқанда түскен таңбаны «үш таңба» немесе сыртқы түріне қарай «тұмар таңба» атайды.