(І нұсқа)
Бәйдібек бидің ортаншы әйелі Зеріп—Шынтас байдың қызы. Биязы мінезді, асқан сұлу, адамгершілігі мол, үй тіршілігіне ұқыпты кісі екен. одан жалғыз ұл Жалманбет дүниеге келеді. отызға келгенше үйленбеген көрінеді. Серілік құрып жүргенде Жұпар деген қызбен көңіл қосады. Жұпар—шығыста көршілес жайлаған Қоңырат руынан шыққан атақты Мелде бидің үлкен қызы. Мелде биді замандастары «Қызыл би» деп атаған екен.
Жұпар келін болып түскеннен кейін биязы мінезіне қарай ауыл адамдары оны «Мапырашты», «Мараш» деп атаған екен. Күндердің бір күнінде Бәйдібек өздері терең ұраға түсіріп алған жолбарысты қыл шылбырмен тұмылдырықтап, тірідей жетелеп, ауыл шетіне жақындағанда сонадайдан алдынан бір келіншек шығып, тізе бүгіп сәлем береді де, бабамыздан «сыралғы сау ға» сұрайды.
Бәйдібектің жасауылдары жолбарысты жеткіздіріп береді. Келіншек Жұпардың сырлас жеңгесі болатын. «ол жолбарысты сойғызып, жүрегін ашкідет қайын сіңлісіне жегізіп, жерігін қандырыпты»,—деседі.
Жалманбеттің әйелі—Жұпар (Мапырашты) анамыз айы толып, ұл табады. Бірақ өкінішке орай, жолдасы түспей, дүние салады. Анамыз өлер алдындағы енесі Зеріпке айтқан өтініші бойынша баланың есімін «Шапырашты» деп қояды.
Ал ел арасындағы тағы бір әңгімеге қарағанда, «баланың бір көзі бір көзіне атысып, шапыраштанып туыпты. Сондықтан баланың есімі «Шапырашты» болыпты»—деседі. Нәрестені Мапыраштының енесі Зеріп пен сырласы Сыланды ақ сүтін беріп өсірген екен. Сыланды Мапыраштыны ұзатқанда бірге келген қыздың біреуі еді. Шапырашты қайратты, жаудан жүрегі қайтпаған батыр, зерек жігіт болып өседі.