1.Қазақ тіліндегі сөздерді семантикалық, морфологиялық белгілеріне қарай бөлу.
2. Атаушы сөздер, олардың ерекшелігі.
3. Көмекші сөздер, оларға тән белгілер. Одағай сөздердің белгілері.
4. Сөз таптарының зерттелуі.
Тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі тіл білімі ғылымында алғашқы грамматикалардан басталған. Аристотельдің сөздерді есім және етістік деп бөлгені белгілі. Бір тілдін өзінде сөздер әр заманда түрліше таптастырылып отырғаны белгілі. Мәселен, 1914 жылы баспадан шыққан А.Байтұрсыновтың «Тіл құрал» атты оқулығында сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер деп екі үлкен топқа бөлген. Ахмет Байтұрсынов «Тіл құралдың» 1915 жылғы басылымында сөз таптары туралы пікіріне біраз өзгерістер енгізген. Сөздерді 9 топқа бөлген: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғаулықтар, одағай.
Қ.Жұбанов тілдегі сөздерді басқаша таптастырады. Ғалым сөз атаулыны мүшелі, мүшесіз деп екі топқа бөліп, мүшелі сөздерді түбір және шылау деп бөледі де, мүшесіз сөздерге одағайды жатқызады. Ал түбір сөздерді зат есім, сын есім, сан есім, мезгіл, мекен есімі (қазіргі үстеу), орынбасар (қазіргі есімдік), етістік. Бұл пікір ғылымда орын алып, әбден қалыптасты.
Бұл сөз таптарын А.Байтұрсынов белгілеген, тек Байтұрсынов екі сөз табы деген жалғаулық пен демеулікті Қ.Жұбанов қосып, шылау атағаны ғылымда орнықты. Бұл 8сөз табы қазақ тілі грамматикаларында 1952 жылға дейін өзгеріссіз қолданылып келді. 1952 жылы А.Ысқақов оған еліктеуіш сөздерді қосты. 2002 жылға дейін 9 сөз табы танылып келді. Тек 2002ж. «Қазақ грамматикасында» модаль сөздер сөз табы ретінде қосылып, онда 10 сөз табы берілген.
Сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздер тобын айтамыз. Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарай, ең алдымен үш топқа бөлінеді. Олар- атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер. Атаушы сөздер есімдер және етістіктер деген топтарға бөлінсе, есімдердің өзі атаушы есімдер және үстеуші есімдер болып жіктеледі.Атаушы есімдер іштей зат есім, сын есім, сан есім, есімдік деген сөз таптарына сараланса, үстеуші есімдер іштей үстеу сөздер мен еліктеу сөздерге бөлінеді. Көмекші сөздер ерекшеліктеріне қарай жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер деп аталатын топтарға бөлінеді.
Бақылау сұрақтары:
1.Сөздер морфологиялық және семантикалық белгілеріне қарай нешеге бөлінеді?
2. Сөз таптары дегеніміз не?
3.Қазақ тіліндегі грамматикаларда сөздерді таптастыруды кім, қашан бастады?
4. Құдайберген Жұбанов сөздерді қалай таптастырды?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Қазақ тілінің грамматикасы Алматы,1967
2.Қазақ грамматикасы Астана, 2002
3.Маманов Ы.Қазіргі қазақ тілі Алматы,1966
4. Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі. Морфология Алматы, 1991