Етістіктің лексика-граммматикалық құрылымы

Етістіктің лексика-граммматикалық құрылымы.

1. Етістіктің лексика-семантикалық жағынан алуан түрлігі
2. Негізгі түбір етістіктер.Туынды түбір етістіктер
3. Күрделі етістіктер
4. Негізгі және көмекші етістіктер
5. Аналитикалық форманттар, олардың мағыналары, құрылымы

Етістік- сөз таптарының ішіндегі құрамы жағынан да, грамматикалық қүрылымы жағы нан да ең күрделі сөз табы.
Етістік деп заттардың қимыл-әрекетін білдіретін сөз табы аталады. Етістіктің жалпы қимыл ұғымын білдіруі сөздерді таптастырудың 1-ұстанымына жауап береді.
Етістіктің қимыл атауы, есімше, көсемше түрлері, салт, сабақты етістікке бөлінуі де етістікті басқа сөз табынан ажырататын белгілеріне жатады. Өйткені ол мәселелер басқа сөз табында жоқ.
Етістік басқа сөз таптарынан мағынасы жағынан ғана емес, өте күрделі грамматикалық құрылымы арқылы да ерекшеленген. Етістіктің грамматикалық категориялары ешбір сөз табында жоқ және олар өте күрделі, етістік грамматикалық категорияларға өте бай. Әр грамматикалық категориялардың өз мағынасы, өз көрсеткіштері тілде қалыптасып, әбден орныққан. Мәселен, етістіктің болымдылық, болымсыздык категориясы, қимылдың өту сипаты категориясы, модальдық, рай категориясы, шақ, жақ категориясы басқа ешбір сөз табында жоқ. Сондықтан ол грамматикалық көрсеткіштер етістіктің морфологиялық көрсеткіштері болып саналады. Бұл етістіктің сөздерді таптастыру теориясының 2-ұстанымына жауап беретінін дәлелдейді. Сонымен бірге, етістіктің өзіне тән сөйлемде атқаратын синтаксистік қызметі бар. Ол- сөйлемнің баяндауыш мүшесі қызметін атқарады. Етістіктің ішінде баяңдауыш қызметін атқара алмайтын бірде-бір етістік жоқ. Сондықтан баяндауыш- етістіктің негізгі синтаксистік қызметі. Ол сөздерді таптастырудың 3-ұстанымына етістіктің жауап беретінін білдіреді. Бұл етістіктің жалғыз синтаксистік қызметі емес, етістік пысықтауыш қызметін де атқарады.
Тілдегі етістіктер екі үлкен топқа бөлінеді, олар- дербес етістіктер мен көмекші етістіктер. Морфологиялық құрылымы жағынан етістіктер дара етістіктер мен күрделі етістіктер деп аталатын екі салаға бөлінеді.Дара етістіктер құрылымына қарай түбір етістіктер және жұрнақ арқылы жасалған туынды етістіктер деген екі топқа жіктеледі. Дара етістіктер мысалы: ек, жек, оқы, жаз, кел, аяқта, баста, қолда, арала, сабала, сүйреле, т. т. Түбір етістіктер деп арнаулы морфологиялық бөлшектері жоқ, демек, қазіргі кезде морфологиялық жағынан түбір және жұрнақ деп бөлшектеуге болмайтындай етістік формалары аталады.
Есім негізді етістіктерге етістіктерден өзге сөз таптарынан жасалатын етістіктер жатады, олар арнаулы жұрнақтар арқылы көбінесе зат есімнен, сын есімнен, үстеулерден, еліктеуіш сөздерден, әредік одағайлардан жасалады. Көмекші етістікгердің қолданылу аясы, жетекші етістікке тіркескенде оларға қосатын мағынасы мен түрлену сипаты жағынан бәрінде бірдей емес. Сондықтан олардың өзі іштей толымды және толымсыз көмекші етістіктер болып екіге бөлінеді.
«Аналитикалық формант» термині есімге де, етістікке де тән. Грамматикалық категориясы бар зат есім мен сын есімдегі грамматикалық аналитизм мәселесі дәлелденбегендіктен, аналитикалық формант ұғымы тек етістікпен байланысты қаралып жүр. Аналитикалық формант туралы айтпас бұрын аналитикалық форма ұғымына түсінік берген жөн. Аналитикалық формант — сөздің аналитикалық формасын жасаушы көрсеткіш. Мысалы, келе жатыр, айта бастады, білсе екен, өте жақсы деген сөздердегі =е жатыр, =а баста, =са екен, өте дегендер — аналитикалық форманттар.
Бақылау сұрақтары:
1.Етістіктің мағынасы қандай ұғымды білдіреді?
2. Етістіктің морфологиялық көрсеткіштеріне не жатады?
3. Етістіктің негізгі синтаксистік қызметі қандай?
4. Дара, күрделі етістіктер дегеніміз не?
5. Негізгі және көмекші етістіктер қандай ұғымды білдіреді?
6. Аналитикалық форманттардың мағыналары, құрылымы қандай ?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Қалыбаева (Хасенова) А. Қазақ тіліндегі етіс категориясы.А., 1951
2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.281-284-6.
3.Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *