ТӨРТ ТҮЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
Тыйымдар
Буаз малды төлдер алдында, өрістен қайтқанда, өріске айдарда қуаласа, өз мерзімінен бүрын төлдеуі мүмкін. Мұны «іш тастау» дейді.
Мал қораның сыртында, болмаса ішінде ысқырмайды. Халқымызда ысқырыққа жылан келіп, малдың емшегін шағады немесе сүтін сорып кетеді деген түсінік қалыптасқан.
Жас мал төлдегенде үйге қарыз сұрап келгендерге ештеңе бермейді — жас төлдің құттты кетеді.
Қой қоздағанда шуын жерден айыруға болмайды; оны сүйретіп апарып тастайды, әйтпесе қозы қашаған болады. Әрі шуын жеп қойған мал тумай қалады.
Мал туып жатқанда жанында адам тұрса, төлін қызғанып, өлтіріп тастауы мүмкін.
Малшы көктем уақытында далаға жалаң аяқ, жалаң бас шықса, отарына суық тиіп ауырады.
Ұрлық жасаған, өтірік айтқан адамға мал бағуға болмайды, малдың берекесі кетеді.
Тұмса малдың алғашқы сүтін ешкімге бермейді; сүтті болса, оны бөтен адамға айтып мақтамайды, себебі сүті қайтады.
Мал иесі немесе оның отбасында адам қайтыс болғанда, мал сауылмайды, төлін ағытып жібереді.
Мал қораға түнде ошақтан шала жанған от алып шығуға болмайды.
Бөгде адам отар ішінде жатса, малдың құты кетеді.
Сойылған малдың қанын төрт түлік (әсіресе сиырдың) көзінше төкпейді, сүтінен айырылады.
Ораза кезінде малдың орнын ауыстырмайды, әйтпесе иесі өкпелейді.
Малдың алдынан бос ыдыспен шықса, сүті азаяды.
Малды қу шыбықпен, көсеумен айдаса, сүті күйіп кетеді. Малды жас шы-бықпен айдайды.
Малға бас киім лақтырса, сүті кетеді.
Малға дауыс көтеріп ұрсуға, балағаттап, тіл тигізуге болмайды — иесі өкпелейді.
Қойды қант беріп, тұз беріп шақыруға болмайды, оған сайтан жүгіреді.
Жас малдың арқасынан сипай берсе, өспей қалады.
Жатқан малдың үстінен аттауға болмайды. Аттаған жағдайда кейін қарай аттау керек. Әйтпесе мал омыртқасын сындырады, болмаса қасқыр жейді.
Жас малдың мүйізі шығар кезде қолмен сипаса, мүйізі қисық болады.
Жас малдың тістерін санаса, өлім-жітімге ұшырайды.
Бөтен адамды малдың ортасына кіргізбейді — малға көз тиеді.
Малды сауарда зекімейді — сүті кетеді.
Мал сауылып жатқанда иесімен амандасып, сауынның қасына келуге болмайды — малдың сүті қайтады.
Мал өріске кеткен соң, қой қораның есігін ашып тастауға болмайды, өйткені жын-шайтан еніп кетеді.
Малды бөтен адамға саудырмаған жөн, себебі мал адам жатырқамай, өзге адамға да сүт беретін болады.
Малшылар беті-қолын жумай мал шығарса, мал өлім-жітімге үшырайды.
Таңертең ерте малға бөтен адамды шығаруға болмайды, себебі малдың құттты кетеді.
Қой бағып отырып тігін тігуге және өзіне, отбасына байланысты қайғылы нәрселерді айтуға болмайды. Мал иесі өкпелейді.
Малдың жаныңда отьірып, тізеге салып ағаш сындыруға болмайды, малдың аяғы сынады. Оны отын жаратын балта мен немесе аяқпен басып сындыру керек.
Сатылған немесе сыйлаған малды еске алып, қайғырса, сол жақта өліп қалуы мүмкін.
Мал туралы сөз болғанда, «Не бағып жүрсің?», «Не айдап жүрсің?», «Не сауып жүрсің?» деп сұрамайды — иесі өкпелейді.
Малшы мал баққанда ұстайтын таяғын бөтен біреуге бермегені жөн. Өйткені шопанның таяғы киелі болып есептеледі. Ол жын-шайтанды малдан аластайды.
Малды ит-құстан, жын-шайтаннан сақтау үшін күн батқаннан кейін қорадан шығармайды.
Жаңа ай туғанда қойға қошқар жіберсе, иесі өкпелейді.
Қойларға қошқар жіберіп жатқанда ұрсысуға, қамшы өруге болмайды. Қойдың құттты қашады.
Он екі мүшесінің бірі кем адам қойға қошқар жіберуіне болмайды. Қозылар сондай болып тууы мүмкін.
Малдың сүйегін аяққа баспайды, жерге көміп тастайды.
Қойдың мүйізін, жүнін өртесе, қорадағы қойдың сүйегі сырқырайды.
Малды аяқпен тебуге, ал атты бастан ауыздықпен ұруга болмайды. Иесі өкпелейді.
Малға «кет!» деп дауыс көтеріп зекімейді.
Түнде мал санамайды және ешкімге мал бермейді. Малдың берекесі кетеді.
Қой қоздап жатқанда малды сатпайды, біреуге сыйламайды. Малдың құттты қашады.
Түйені таяқпен ұрып айдамайды, жетекке алады.
Мал табынының алдынан немесе қой отарының арасынан бойлап өтсе, иесі өкпелейді.
Малдың кемшілігін айтып сөйлесе, мал ауырады немесе сүт бермейді.
Мал қорада дәрет сындырса, малдың желіні іседі, сүті қайтады.
Малдың сүйегін отқа салса, қорада байлаулы түрған малдың сүйегі сырқырайды, жылқы малы шошымалы болады.
Тірі малға көрсетіп мал сойса, сауын малы сүтінен айырылады.
Жылқының жусауын, қотандағы қойдың тынысын, малдың өрісін бұзса, иесі өкпелейді.
Ырымдар
Мал айдап бара жатқан адам кездескенде «айдар көбейсін!» дейді, ал малшыға «бағар көбейсін!» деген тілек білдіреді.
Жас ботаны бірден көзге түсірмейді. Оны бір ай шымылдықтың не ши қоршаудың ішінде үстайды. Жас бота тұрған киіз үйдің белдеуіне бөтен адамның атын байлатпайды. Егерде бөтен адам ботаны көріп қалса, оған жалма-жан «тіл-көзім тасқа» дегізіп, ботаға түкіртеді немесе отқа тұз тастатады.
Мал йесі малдың сүттілігіне, немесе семіздігіне риза болғанда, алдымен құдайға сыйынып барып ризалығын білдіреді, әйтпесе көзі тиюі мүмкін.
Қазанда қайнап жатқан сүт төгілсе, малдың желініне жара шығады. Сүт отқа күйсе, малдың емшегіндегі сүт азаяды.
Мал сойғанда төс шеміршігін кесіп алып, жарға не босағага лақтырғанда жабысып қалса — ол үйдің аты жүйрік болады.
Сиырдың желіні іссе, таңертең ерте кебіспен ұшықтайды.