Ғылым не береді?

Ғылым не береді?
«Шолпан» журналында «Білім бөлімі» деген бөлім бар. Бұл бөлімде əр түрлі ғылыми нəрселер жазылып тұрмақшы. Қолдан келгенше əртүрлі пəндерден мағлұмат беріліп тұрмақшы. Мұны істегендегі мақсат не? Ғылым – адамзатқа не береді? Ғылымның керектігі қандай? Ғылым адамзатқа керек нəрселердің ішінде қандай орында, бірінші орында ма, болмаса екінші, үшінші орында ма? Бұл сұрауларға жауап беру үшін жеке алғанда, əрбір кісінің, жалпы алғанда, бүкіл адамзаттың тіршілікте іздейтіні не екенін айту керек.
Дені сау, есі дұрыс кісілердің бəрі де өмір бойы дамыл таппайды, əр қайсысы əр түрлі іс істеп жүреді. Қарап жүрген бір кісі де жоқ, жұрттың бəрі де əрекетте, жұрттың бəрі бір нəрсені іздеуде. Ол жұрттың іздейтіні немене? Жұрттың бəрінің де іздейтіні-тірлігін сақтау һəм ол тірліктегі тұрмысты жөндеу. Онан соң жұрттың бəрі демесек те, шын кісілік дəрежесіне жеткендердің тағы бір іздейтін екі нəрсесі – білім жəне əдемілік.
Тіршілік сақталу дегеніміз – көп жасау, мүмкін болса, тіпті өлмеу.
Тұрмысты жөндеу дегеніміз – керек болған нəрселердің бəрі де табылып тұру, əрі ол нəрселер мүмкін қадірінше аз уақытымызды алып, мүмкін қадірінше аз еңбекпен табылып тұру.
Кісінің өмір бойы дамыл таппай əрекет еткендегі мақсатының ең үлкені – тірлікті сақтау һəм ол тірліктегі тұрмысты жөндеу болса, бұл мақсатқа жету үшін не керек? Өнер-білім керек. Екінші түрлі айтқанда, мəдениет керек. Мəдениет адамзаттың керегінің бəрін тауып беріп, асырап, əлпештейтін, адамзатты əр түрлі жауынан, əр түрлі бəледен қорғайтын азаматы, қорғаны. Азамат əуелі жоқтан бар болады, яғни, туады, онан соң, күннен күнге өседі, ер жетеді. Сол секілді мəдениет те əуелі туады, онан соң күннен-күнге, жылдан-жылға өседі, ержетеді
Азаматты өсіретін əр түрлі тамақ, тамақсыз азамат өспейді, өледі. Мəдениетті өсіретін ғылым, ғылымсыз мəдениет өспейді, өшеді. Ғылымы, білімі көп жұрттың мəдениеті жоғары. Ғылымы, білімі аз жұрттың мəдениеті, еш ғылымы, білімі жоқ жұрттың мəдениеті де жоқ. Европадағы жұрттар əртүрлі ғылымды көп білетін жұрттар. Сондықтан олардың мəдениеті жоғары, Азиядағы жұрттардың көбі ғылымды аз біледі. Білімді аз. Сондықтан олардың мəдениеті де төмен. Африкадағы, Америкадағы жəне Австралиядағы бір сыпыра жұрттар ғылым дегеннің не екенін білмейді. Түк білімдері жоқ. Сондықтан олардың түк мəдениеті де жоқ.
Ал, енді дүниеде қандай жұрттың тұрмысы жақсы? Мəдениетсіз жұртқа қарағанда, мəдениетті жұрттың, мəдениеті төмен жұртқа қарағанда, мəдениеті жоғары жұрттың тұрмысы жақсы. Мəдениетсіз жұрт егін ексе, жерді таяқпен шұқып егеді. Оған көп уақыт, көп еңбек сарп етеді. Өндіріп көп іс істей алмайды. Һəм еккен азғантай егіні де жөнді шықпайды. Мəдениетті жұрт егін ексе, жерді көліксіз, табиғаттың күшімен жүретін машинамен жыртады. Аз уақытта жаны қиналмай, аз еңбекпен өте көп жұмыс бітіреді. Һəм еккен егіні де өте жемісті болады. Шығысы өте жақсы болады. Мəдениетісіз жұрт жақсы жерге ғана егін еге алады. Мəдениетсіз жұрт ашаршылықты, жұтты көп көреді. Мəдениетті жұрт мұндай нəрселерден тым онша қорықпайды. Мəдениетсіз жұрттың малы уақ, күшсіз, етсіз, сүтсіз һəм басқа пайдалары да кем болады. Мəдениетті жұрттың малы ірі, күшті, етті, сүтті əрі басқа пайдалары да мол болады. Мəдениетсіз жұрттардың қора секілді, аң жататын апан секілді, көр секілді үйлерінің жанында мəдениетті жұрттардың үйлері жұмақ секілді деп айтуға болады. Надан жұрттар əр түрлі ауруға шалынып, іріп-шіріп қырылып жатқанда, мəдениетті жұрттар ол аурулардың көбін білмейді. Олардың арасында ауру, өлім деген надан жұрттарға қарағанда өте кем болады. Кейбір аурулар мəдениетті жұрттарда тіпті болмайды. Мəселен, сүзек деген ауру Германияда еш уақытта болмайды. Бір жерден бір жерге бару керек болса, мəдениетіне қарай бір жұрттар жаяу жүреді. Бір жұрттар хайуанға мініп жүреді, бір жұрттар хайуанға арба жегіп жүреді. (арбалар да мəдениетіне қарай түрлі-түрлі болады). Бір жұрттар от-арба, автомобиль секілді көліксіз табиғаттың күшімен жылдам жүретін машиналарға мініп жүреді. Кейде құс секілді аспанмен ұшып кетеді. Яки, теңіздің бетімен де, астымен де балық секілді жүзеді. Мəдениеті жоғары жұрт мəдениеті төмен жұртты бағындырады. Құл қылады, мал орнына жұмсайды. Қанын сорады не болмаса, жұтып қояды. Яки, орнын тартып алады, елі көп болғандықтан емес, мəдениеті жоғары болғандықтан. Ағылшындар өзінен əлде неше есе көп, мəдениеті төмен жұрттарды бағындырып, қанын сорып отыр. Тарихтан білеміз, талай жұрт басқа жұрттардың ішіне кіріп, араласып жоқ болып кеткен. Яғни, өнерлі, мықты жұрттар нашар жұрттарды жұтып қойған.
Европадағы өнерлі жұрттар Америка, Австралия секілді жерлердегі жабайы жұрттарды ата-бабаларынан бері қарай мекен еткен. Өсіп-өнген қонысынан қуып шығып, жерлерін тартып алды. Жерлерінен айырылған соң, тұрмыстары өзгеріліп, ол сорлы халықтар қырылып, жылдан-жылға соңы кеміп бара жатыр. Сөйте-сөйте ол халықтар бір заманда мүлде жоқ болып кетуі де ықтимал. Мəдениет жолында артта қалған қазақ-қырғыз халқы да орыстың тырнағына іліккен жұрттардың бірі еді. Барлық жақсы жерін тартып алып, өзін жаман жерге айдап шығып, оның үстіне ол қылып, бұл қылып, қанын сора бастағанына қанағат қылмай, орыстар бұрынғы үкіметі, қазақ-қырғыз деген атын өшіріп орыс қылып жіберу жағын, жұтып қою жағын қарастыра бастап еді. Дүниедегі халықтар бір-бірімен аңдаспаған, арбаспаған реті келсе, бір-біріне зорлық қылмаған, бірін-бірі жеуге тырыспаған уақыт болған жоқ жəне болмайды. Осылай бір халық бір халықпен кездесе қалғанда, мəдениет керек. Мəдениеті төмен халық мəдениеті жоғары халықтардан өне бойы зорлық көрмек, қорлық көрмек, оларға құл болмақ, жем болмақ, кейде аты өшіп жоқ болмақ.
Мəдениетсіз халықтың тұрмысынан мəдениетті халықтың тұрмысының артықтығы, мəдениеттің адамзатқа керектігі толып жатыр. Оның қайсы бірін айтып бітіруге болады? Сол мəдениетті тудыратын əкесі де, сол мəдениетті өсіретін тамақ та – ғылым. Ғылымды мəдениет тудырмайды, мəдениетті ғылым тудырады. Мұны еш ұмытпау керек. Европа жұрттары ғылымды көп білгендіктен мəдениетті.
Жұрттың бəрі болмаса да, шын кісі деп айтуға сиятындардың тірлікті сақтаумен, тұрмысты жөндеуден басқа тағы бір іздейтін ескі нəрсесі – білім жəне əдемілік деп едік. Білім дегенде, тіршілік үшін, тұрмыс үшін керек болатын білімді айтамыз. Кісінің кісілік дəрежесін өсіретін білімді айтпаймыз. Жалғыз тірі жүруден басқаны ойламайтын адамды кісі деп айтуға да қиын. Ондай адамның сыртқы түрі кісіге ұқсағанмен, ішкі рухы кісіден гөрі хайуанға жақынырақ. Себебі, хайуан да тірі жүргісі келеді. Бұл жағына келгенде, ондай адамдардың хайуаннан артықпын деп көкірегін көтеретін де жөні жоқ. Хайуанның тірі жүруден басқа керек қылатыны, іздейтіні жоқ болса, мұндай адамның да тірі жүруден басқа керек қылатыны, іздейтіні жоқ. Мұндай адамдардың хайуандардан жалғыз ғана артық жері – хайуандардың тұрмысына қарағанда адамдардың тұрмысы жеңілірек, тынышырақ. Шын кісі деп айтуға сиярлық болу үшін адам бүкіл дүниедегі заттардың не екенін білуге, яғни бүкіл табиғатты тануға һəм ол табиғатта болатын əр түрлі өзгерістердің себептерін білу тиіс. Бұл қолынан келмеген кісі осыған құмар болуға тиіс. Сонда ғана адам хайуандық дəрежесінен жоғары көтеріледі.
Хайуандықтан өтіп, кісілікке жеткен адам табиғатты тануы бір табан ілгері басқан сайын көңілі көтеріліп, олжа тапқандай болып қалады Сондықтан ондай кісі табиғатты тануға, табиғаттың сырларын білуге құмар болады. Бұл құмарлық əркімнің кісілігіне қарай түрлі-түрлі болады. Кісілігі көп кісіде көп болады, кісілігі аз кісіде аз болады. Сүйінерлік бір нəрсе – хайуандық дəрежесінен аса алмай жүрген адам аз.
Сондықтан жұрттың көбі тіпті жабайы жұрттар да табиғатты тануға, табиғаттың сырларын білуге құмар. Мəселен, жұрттың көбі көктегі күн, ай, жұлдыз дегендер немене екенін, не себептен біресе күн, біресе түн, біресе жаз, біресе қыс болатынын, не себептен найзағай жалтылдап, күн күркірейтінін жəне басқа толып жатқан осы сияқты нəрселерді білуге құмар. Мұндай нəрселерді көзге көрсетіп, қолға ұстағандай анық қылып айтып беретін – ғылым.
Адамзаттың өмірінің бастапқы дəуірлерінде, ғылым жоқ кезде, болса да нашар болып жаңа туып келе жатқан кезде кісі көп табиғи нəрселерді не екенін анық білмегендіктен, яғни табиғатты жете танымағандықтан құдай деп білген. Һəм табиғатта болатын əр түрлі өзгерістердің, əр қайсының өз алдына құдайы бар деп ойлаған. Мəселен, ол кезде кісі табиғатты дұрыс тани алмағандықтан күнге де, айға да, жұлдыздарға да, отқа да, жыланға да, өгізге де əр басқа бірсыпыра мақұлықтарға да құдай деп табынған. Əуелгі кездегі кісілер табиғаттың сырын білмегендіктен күнді күркірететін бір құдай бар. Жаңбыр жаудыратын бір құдай бар, жылдың бір құдайы бар, күннің бір құдайы, түннің бір құдайы, жаздың бір құдайы, қыстың бір құдайы бар, ағаштың бір құдайы, судың бір құдайы бар, тағы басқа сол сияқты толып жатқан құдайлар бар деп ойлаған. Осылайша, табиғатты тани алмағандықтан һəм табиғаттың сырын білмегендіктен мажусилер, яғни, құдай көп деп білушілер діні туады. Мажусиліктің қалдығы осы күнге шейін бар. Мəселен, аққудың, судың орманның иесі, теміршінің, дүкеннің иесі деген һəм басқа осы сияқты сөздер бар. Бұл мажусиліктен қалған жұрнақ, сөйтіп, табиғатты танымаған кісі, яғни ғылым білмейтін надан кісі құдайын да жөнді танымаған.
Тірлікті сақтау, тұрмысты жөндеу һəм білімнен басқа кісінің тағы бір іздейтіні – əдемілік деп едік. Əдемілік дегеніміз – бояумен салған əртүрлі суреттер (əртүрлі кесте, ою сияқты нəрселерді де осыған қосуға болады). Балшықтан, тастан, шойыннан жəне басқа сол сияқты нəрселерден істеген əр түрлі суреттер. Үйді əдемілеп салу, əн, домбыра, қобыз, сырнай-керней, айтылған яки жазылған əдемі сөздер, поэзия тағы басқа көз арқылы яки, құлақ арқылы лəззат беретін əдеміліктер. Əдемілікке жету үшін де ғылым керек. Ғылымсыз əдемілік болмайды. Ғылым болмаса, мəдениет болмас еді. Мəдениет болмаса, кісінің тұрмысы қиын болар еді. Барлық уақыты тамақ іздеумен өтер еді. Əдемілік іздеуге уақыты болмас еді. Сондықтан əдемілік беретін əр түрлі өнерлер ілгері баспас еді.
Ал енді сөздің қортындысына келсек, кісінің өмір бойы дамыл таппай əрекет қылғандағы іздейтіні – тірлікті сақтау, тұрмысты жөндеу, білім жəне əдемілік. Бұлардың бəрі де ғылым арқылы ғана табылады. Сөйтіп, ғылым не береді десек, ғылым кісінің іздегенінің бəрін беретін болып шығады. Олай болатын болса, əрбір жұртқа алдымен керек нəрсе – ғылым. Ғылымға əуес болу ілгері басатындықтың белгісі, ғылымды керексінбеу кері кеткендіктің белгісі.
Ғылым алатын жер – мектеп, медіресе, журнал арқылы мектеп, медресенің беретін ғылымын түгел беру қиын. «Шолпан» журналының білім бөлімінде қазақ-қырғыз тұрмысына керекті, оқушыларымыздың көбіне түсінікті Һəм қызықты ғылыми мəселелер ғана жазылып тұрмақшы. Оқушыларымыз өздерінің қандай ғылыми мəселелерді керек қылатынын «Шолпан» басқармасына білдіріп тұруларын өтінеміз. Алдымен қолдан келгенше оқушыларымыздың сол керек қылатынын жазып тұрмақпыз.
Ф.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *