АЛТЫН ҰЛЫСЫНЫҢ КЕЗІ
Нюйжи деп айтылатын шүршіт293 аймағы Шыңғыс қағаннан 64 жыл бұрын қуаттанып, Ұлы Алтын ұлысын орнатады.
Моңғолдың Ляо деп аталатын Ұлы Хятан мемлекетін құлатып, бір кез керемет дәуірлеп тұрады да, Шыңғыс қағанның аталарының тұсында оларға қайта-қайта шабуыл ұйымдастырып, ақыры Шыңғыс қаған таққа отырғаннан кейін әлсіреп, жеңіліп барып тынады. Осылайша оны Моңғолдар қайта тұрмастай етіп әлсіреткендіктен Шыңғыс қағанның қол астына бағынады.
Сол себепті бұл жерде Алтын ұлысының тарихына тоқталмай кету қисынсыз болып есептеледі.
Шүршіттерді әуелден хамниган294 тектілерге жатқызады. Хамниган әулетінің көптеген бөлігі терістік Сібірдің жерінде , шығыста Қара өзеннің аяғында мекен еткен. Қытайлар оларды Сүшен немесе Үхи, Мохэ деп атаған. Қазірге дейін Моңғолдың терістігіндегі Зүрх295 өзенінің бойында өмір сүретін хамниган дейтін моңғолдарды түбі сол шүршіт тектілер, деседі.
Шүршіттің Алтын ұлысының шежіресінде: Нюйжи ұлысы әуелде Мүге әулетінен тарайды. Оларды Үхи деп атаған. Ежелгі Сүшен әулетінің қонысын мекен еткен. Кейінгі Вэй ұлысының кезінен бастап, мүгелер жеті аймаққа бөлінген. Тан ұлысының кезінде олар қайтадан топтасып, Қара су мүгесі, Сүмү мүгесі деп екі аймаққа бөлінеді. Сүмү мүгесі солтүстіктегі Бохай уаңына қарап, олардан он неше буын өткеннен кейінгілері бес астана қаласы296, он бес фу, алпыс екі жоудан297 тұратын кең өлкені иемденеді. Кейіннен Ляо ұлысы Бохайды жаулап алғаннан соң, Қара су мүгелері өз еркімен келіп бірігеді, деп жазады.
Шүршіттер ежелден Қара өзеннің ілгері, кейінгі екі сағасын мекен етіп, өзеннен ілгері қоныстанғандары Хятан ұлысына бағынып тұрады. Шүршіттен Агуда дейтін бір мықты туылып, өзін бәрін басқарушы уәзір етіп тағайындап, Ляо ұлысына қарсы бірнеше мәрте шабуыл жасап, жеңіске жетеді де, Шыңғыс қағаннан 46 жыл бұрын елін Алтын ұлысы деп жариялап, өзін хуанди дәрежесіне көтереді. Бұдан соң Алтын ұлысы Ляо ұлысының солтүстік аймақтарын түгел жаулап алады. Кейін тағы да бірнеше мәрте шабуыл ұйымдастыру арқылы Ляо ұлысының қалған аймақтарын түгелдей қол астына қаратады. Сонан кейін Сүн ұлысына қарсы шабуыл жасап, Жин дейтін қаласын қоршауға алады. Сөйткен шақта Сүн ұлысының ханы өзін Алтын ұлысының ханының немересімін дейді де, оған ұлы хуанди атағын беріп, алтын, күміс, жібек, торғын-торқа сияқты асыл бұйымдармен сый- сияпат көрсетіп, бітімге келеді. Бірақ, Сүн ұлысының жерін бөліске салған тұста, қайтадан талас туып, Алтын ұлысының әскері әкелі-балалы екі қағанымен қоса, Сүн ұлысының басшыларын түгелдей тұтқынға алады. Олармен қоса, ханның барлық дүние-мүлкін, ұлыс таңбасын да алып кетеді. Сөйтіп, Сүн ұлысы күйреп, ханның тоғызыншы ұлы Ган Ванху дегенді Нанжин қаласында таққа отырғызып, Гу Зун хуанди атағын береді. Ол қол астындағы халқын Линьаньға көшіріп, сол жерді астана етеді. Ұлыс атын Оңтүстік Сүн ұлысы деп жариялайды. Осы Оңтүстік Сүн ұлысын Моңғолдың Юан ұлысы өзіне бағындырып алады. Бұл туралы соңыра сөз етеміз.
Алтын ұлысы Оңтүстік Сүн ұлысын да дүркін-дүркін шауылдаумен болған. Осы шабуылдардың тұсында Қытайдың түгел жерінің үштен екі бөлігін Алтын ұлысы, бір бөлігін Сүн ұлысы иеленген екен. Сонан кейін Алтын ұлысы қарулы жасағын батысқа қарай бағыттап, Моңғол ұлысын жаулайды.
Осы жөнінде Ганьму жазбасында; Моңғол ұлысы Нюйжи ұлысының терістігінде еді. Тан ұлысы, Мэн У-дың аймақтары дегендер солар болатын. Мэнгушэ деп те айтатын. Оның адамдары қатулы, соғысқа қиын, /көздері/ түнде көреді. Тас балықтың терісінен сауыт киеді, шиба-ның қалқанымен қорғанады, дейді. Және Алтын ұлысының уәзірі Ху Шаху моңғолмен соғысып, оның көп әскерін Хайли жерінде өлтірді, депті. Сонан тағы да Алтын ұлысы Моңғол ұлысымен татулық келісімге келді.
Алғаш Алтын ұлысының басшы уәзірі Даланды өлімге кескеннен кейін, оның ұлы Шунху-анту Линцюнь әкесіне қарасты тайпаларды алып қашып, Моңғолға біріккендіктен Моңғол ұлысы күшті мемлекетке айналды. Уәзір У Жу қанша жыл соғысса да, жеңе алмай, ақыры онымен бірігу келісімге келіп, Сипэнхэ өзенінің терістігіндегі он жеті қосын бекіністі беріп, және жыл сайын қосымша сиыр, қой, астық, бұршақ жеткізілсін және Лу Боги, Лиеэйг Мэн Фоговэн уаң дәрежесіне көтерілсін! – деген бұйрық шығарады. Бұған қарсы болған моңғолдар өздерін Ұлы Моңғол ұлысы деп жариялайды. Сонан/шарасыздан/ ол өзі келіп ірігеді. Жыл сайын шексіз көп төлем төлейді. Моңғолдың басшысы оны Зу Юа деп көтермелейді. Жыл өткізіп, Тиян хин деп атады, деп жазады.
Келтірілген бұл соғыс Шыңғыстың атасы Амбағай хан, Хабул хан, Есүкей батырдың тұсында өткен уақиға себепті Шыңғыстың аталарының тарихын сөз ететін тарауда кеңірек тоқталамыз. Жалпы Алтын ұлысы Шыңғыс қаған мен онан кейінгі моңғол хандарының шабуылының тұсында мүлде жойылып, бағынғандықтан, осы туралы әңгімелер кейінгі тарауларда мүмкіндігінше толық сөз етіледі.