МӘЗҺАБЫНЫҢ КЕҢІНЕН ТАРАЛУЫ
Әбу Ханифа мәзһабы ұстанушыларының көптігімен және дүние жүзінің түкіпір-түкпіріне дейін кеңінен тарауымен ерекшеленеді. Әлемдегі мұсылман үмбеттің үштен екісі осы мәзһабты ұстанады. Қағаз бетіне түсіріліп, жүйелеу тұрғысынан алғанда алғаш қалыптасып, ерте дамыған мәзһаб болып есептеледі.292 Иракта туып, орталығы Куфада болған ханафи фиқһының шартарапқа таралуының тарихи кезеңдері мен қоғамдық, діни және әлеуметтік көптеген себептері бар. Солардың бірі, оның айналасында жиналған ижтихад шурасы (үкім шығару алқасы) мен фиқһ академиясының өздерінен бұрынғы сахаба және табиғиндардан келіп жеткен Құран мен хадис мұрасын, олардың көзқарастары мен ижтихадтарын терең зерттеп, бойларына сіңіре отырып, өмірдің барлық салаларын қамтитындай етіп кең көлемде дамытуында жатыр. Осылайша, фиқһты жеке адамның қажеттіліктерін өтейтін, қоғам мен басқару тәсілін оңтайландырған
біртұтас әрі бай дәстүрге айналдыра алулары да ерекше рөл ойнады.
Сонымен қатар, табиғиндар кезеңінде рай мен ижтихадтық маңызы Ислам территориясының кеңейіп, жаңа мәдениеттермен араласуы нәтижесінде арта түсті. Осының нәтижесінде мұны белгілі бір жүйеге түсіріп, реттеу қажеттілігі туындады. Өйткені, жөні-жобасы белгіленбеген, тек қана қарсы реакцияға негізделген дінді өз көзқарасына сүйеніп, түсіндіру нәтижесінде Құран мен хадистен бастау алған діни мұраны жоққа шығарып, үмбетті бөлшектеу қаупі де туындаған-ды. Әсіресе, басқа мәдениеттердің ықпалы күштірек сезілген Ирак аймағында осындай қауіптің белең алуы табиғи құбылыс еді. Бұл аймақта елеулі салмағы болмаса да, хадиске сүйенген фиқһ көбіне сыртқы ықпалға көп ұшырамағандықтан, қоғамдағы өзгерістер мен туындаған күрделі мәселелерге жауап беруге қауқары жетпеді. Міне, осындай кезеңде Әбу Ханифа мен шәкірттерінің аят-хадиске сүйенген дәстүрлі діни түсінікті көңілге қонымды етіп түсіндіру арқылы, насс (аят-хадис) пен ақылдың арасында тепе-теңдік орната отырып, дамытқан фиқһ әдіснамасы нәтижесінде жүйесіз ойлауға негізделген түсінік тізгінделді. Осындай ерекшелігінің арқасында, сол әрі одан кейінгі кезеңдердегі ғалымдар мен мүжтәхидтер арасында беделге ие болып, көпшілік ғалымдар фиқһтың осы бағытта дамығанын құп көрді. Әбу Ханифаның ақида саласында сәләф деп аталған ең алғашқы ғалымдардың түсінігіне ие болуы да ғалымдар арасында сенімділікке бөленуіне оң ықпал жасады.
Әуелгі кездері әр аймаққа жіберілген мүжтәхид деңгейіндегі қазылар (сот,
жоғарғы сот) сол аймақтың діни мәселелерін шешіп отырса, шекараның ұлғаюына байланысты әр аймаққа мұндай мүжтәхид-имам жіберу мүмкін болмай қалды. Ал қоғамдағы бірлік пен тұтастықты сақтау үшін ел билеушілеріне бір амал қарастыру қажеттілігі туындады. Аббаси билеушілерінен Харун әр-Рашидтің кезеңінен бастап, мемлекет осы бағытта тиісті шаралар қарастыра бастады. Осындай ортада Әбу Ханифа мен шәкірттері дамытқан ирак фиқһына жеке адам мен мемлекет деңгейінде осы мақсатты жүзеге асыру жолында маңызды бір мүмкіндік туды.
Ханафи Фиқһының кең жайылуының ең басты себептерінің бірі – шәкірттерінің қажырлы еңбектері мен атқарған қызметтері. Әу баста айтып кеткендей, Әбу Ханифа өзінің ерекше дәріс беру жүйесі арқылы көзі тірісінің өзінде қырыққа
292 Макана имам Әбу Ханифа фи әл-хадис, Мұхаммед Абдуррашид ан-Нұғмани, ауд: Ибраһим Түфекжи, Стамбұл. 2010. 66-бет.
жуық мүжтәхид ғалым әрі төрт мыңға жуық шәкірт тәрбиелегендігі тарихи кітаптарда келтірілген. Имам Ағзамның және оның ең хас шәкірттері Әбу Юсуф, имам Мұхаммед, Зуфар, Хасан ибн Зияд секілді мүжтәхид шәкірттерінің жетілдірген түлектерінің Хорезм, Батыс Түркістан, Хорасан мен Мәуараннахр секілді жаңадан мұсылман болған аймақтарда белсенді қызмет атқарулары ханафи фиқһының ел арасында тарауына өзіндік ықпалын жасады. Мәселенки, Бәззәзи өз шығармасында Әбу Ханифаның 800-ге жуық шәкіртінің аты-жөндерімен қатар қай жерден келгендіктерін де келтірген293.
Оның шәкірттерінің көпшілігі Ирактың Куфа, Басра, Бағдат секілді орталықтарынан, қалған көпшілігінің Ахуаз, Исфахан, Хамадан, Мәру, Бұқара, Самарқанд, Балх, Хорезм секілді Ирактың шығысындағы қалалардан екендігі байқалады. Сонымен қатар, аз да болса Мысыр, Сирия, Мекке, Мәдина, Йемен, Бахрейн, Мусул секілді қаладан келгендері де бар еді. Осы шәкірттері өз елдерінде дәріс алқасын құрып, шәкірт тәрбиелеген немесе қазы қызметіне тағайындалу арқылы ханафи фиқһын сол аймақтарға жайған. Мысалы, Абдулазиз ибн Халид – Термезде, Мұхаммед ибн Халид әл-Ханзалидың – Әстарабадта, Хұсайн ибн Хафс әл-Хамаданидың – Исфаханда, Исмаил ибн Әлиаса әл-Киндидің – Мысырда, Абдуллаһ ибн Фәррухтың – Мысыр мен Солтүстік Африкада ұстаздарының көзқарасы мен Ирак фиқһын насихаттап, кең таратқандықтары тарихи кітаптарда келтірілген294.