Шәкірттеріне айтқан ғибратты өсиеттері
Имам Әбу Ханифа өз шәкірттерін де жақсы көретін. «Сендер менің жүрегімнің қуанышы, көңілімнің жұбанышысыңдар» – деп оларға жүрек жарды сөздерін арнайтын. Енді имам Ағзам Әбу Ханифаның өз шәкірттері имам , қазы Әбу Юсуф пен Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиеттерінен кейбір үзінділер келтірейік. Білім-ғылым іздеуге ерекше мән берген имам Ағзам шікірттеріне ерте үйленуге рұқсат бере бермеген. Осыған қатысты ол: «Әуелі білім ізден! Кейін адалдан мал жина! Содан кейін ғана үйлен! Егер білім ізденетін шақта, мал жинаудың соңына түссең білім ізденуге шамаң жетпей қалады…Осылайша білім алудан бұрын, дүние және әйелдермен әуре болып, уақытың зая кетеді. Бала-шағаң көбейіп, солардың тіршілігін реттеймін деп жүргеніңде білімді тәрк етесің.
Ойың, жүрегің таза, жастық шақта білімнің соңына түс! Білімнен кейін ғана қолыңда дүние-мүлік болу үшін мал жина! Себебі бала-шағаның, дүние-мүліктің көп болуы адамды әбігерге түсіреді. Мал-мүлік жинап алғаннан кейін ғана үйлен!»,– дей келе білім іздеуден ешқашан қол үзбеуге шақырып: «Он жылдап кәсіпсіз, азықсыз ғұмыр кешсең де білімнен сырт айналып кетпе! Білімнен сырт айналсаң өміріңнің, тұрмысыңның ауыртпалығы арта түседі.
Білімге деген қызығушылықтарын арттыруың үшін әрбір шәкіртті балаңдай көріп, білім беруге күш сал!
Алған біліміңнің дүниеде және ақіретте қызығын көремін десең, жақсылықтан қол үзбе!
Талабың таудай болсын! Себебі талабы кішірейген адамның мәртебесі де төмендей береді»,– десе (Әбу Юсуфқа өсиетінен) Ғылымның берекетінен құр алақан қалмау үшін: «Ғалымдарды қатты құрметте!»,– деп ерекше ескертеді (Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиетінен)
Ғалым адамның өзге адамдармен қатысты мәмілеге қатысты маңызды мәселелерге тоқталған. Елдің алдында абыройды сақтау үшін: «Көпшіліктің алдында орынсыз күлімсірей берме!»,– деп ескертеді. Бұл өз кезегінде ғалымның абыройын түсіріп, салмақты ойларын жай мәселеге айналдырып жібереді. Содан барып халық діни мәселелерге атүсті қарауға үйренуіне жол ашады. Осыған қатысты тағы да: «Көп күлуден аулақ бол! Себебі ол жүректі өлтіреді. Әрдайым байсалды, салмақты кейпіңнен айрылма!»,– деп кеңес береді (Әбу Юсуфқа өсиетінен).
Әбу Ханифа ғылымға терең мән берумен қатар, барлық ынта-ықыласын ғылымға арнасын деп шәкірттерінің қажеттіліктерін өтеуді де ұмытпайтын мейірімді ұстаз еді. Ол мұқтаж шәкірттеріне ақшалай жәрдем беріп тұратын. Үйленетін жасқа келгендердің жағдайлары төмен болса, қаржылай көмектесіп, кейде қалың малды да өзі көтеретін. Бұл туралы Шурайх былай дейді: «Білім үйреткен шәкіртіне, тіпті, оның жанұясына көмектесетін. Шәкіртіне ілім 180 әт-Тәмими, 1-т., 111-112-б.
үйреткеннен кейін: «Сен халал мен харамды үйренумен ең үлкен байлыққа жеттің»,– деп жылы сөздерімен қуантатын.
Имам Ағзам ғылыммен қатар тақуалыққа да ерекше мән беретін. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Алла алдында сендердің ең ардақтыларың, абыройлыларың – ең тақуа болғандарың» («Хужурат» сүресі, 13) деу арқылы негізгі құндылықтың сыры тақуалықта екенін баян еткен. Тағы бір аятта: «Шындығында, Алладан тек қана ғалым болғандар ғана қорқады» деп тақуалық үшін ілімнің де жеткілікті болу керектігін көрсетеді. Сонымен қатар, пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) : «Кімді адамдардың ардақтысы болу қуантатын болса, Алладан қорықсын» дейді (Қуртуби, әл-Жами ли ахкамиль-Қуран, Бейрут, 1988, 16-т., 345-б.). Ибн Аббастан жеткен «дүние абыройы – байлық, ақырет абыройы – тақуалық» деген ғибратта үлкен мән жатыр. «Даналықтың бастауы
– Алладан қорқу» екенін жақсы білетін ол шәкірттерін тақуалыққа тәрбиелеген. Ол: «Тақуалықтан ешқашан айрылма. Уәдеңе берік бол!»,– дейді (Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиеті).
«Өзіңнен өзге жандардың жасап жүрген құлшылықтарынан артық құлшылық жасауға ғана разы бол! Себебі қарапайым жандар, өздері жасап жүрген құлшылықтан артық құлшылық жасайтыныңды көрмесе, олардың санасында сен туралы құлшылыққа құштарлығы аз деген ой қалыптасады…
Сыртқы көрінісіңде Алламен қандай болсаң, ішкі жан дүниеңде де дәл солай бол! Себебі ішкі жан дүниені сыртқы көрініспен тең ұстамайынша, ғылым қонбайды. Сенен біреу кеңес сұраса, өзіңді Алла Тағалаға жақындатады деп білген кеңесті бер!
Құран-кәрімді үзбей оқып жүр!Адамдардың арасында Алланы зікір етуді арттыр. Адамдар сенен мұны үйренуі тиіс.
Өлімді жадыңнан шығарма. Намаздарыңа берік бол!»,– деп тақуалықты ту етуге шақырған (Әбу Юсуфқа өсиетінен).
Жат жерге барғанда ілімнің абыройын сақтап, пайдалы білімді халыққа дұрыс жеткізе білу үшін байсалды, байыпты болу керек екенін шәкірттеріне негізгі қағида ретінде үйретіп отырған. Осыған орай: «Ғұламалары бар қалаға, аймаққа жолың түссе, (ғылымым олардан артық деп ойлап) ол жерді билеп-төстеп кетпе! Олардың даңқына, атағына қызықпайтындығыңды білу үшін солардың бірі ретінде көрінуге күш сал. Бұлай жасамасаң, саған барлығы бірауыздан қарсы шығады. Ұстанған мәзһабыңды айыптайды. Оларға еліктеген қалың көпшілік те саған қарсы шығады. Ғалымдарының қараған көзімен, саған көпшілік те қарай бастайды. Осылайша ешбір пайдасы жоқ, айыпталған жанға айналып кетесің.
Ғылыми мәселелерге қатысты сенен келіп пәтуа сұраса, олармен дереу тартысып, дауласып кетпе!
Оларға қандай-да бір мәселе жайында сөз қозғасаң, дәлелі анық, айқын мәселелерден сөз қозға!
Қарапайым көпшіліктің бірімен немесе базардағы (сауатсыз) саудагерлермен ешқашан тартыспа! Себебі тартысатын болсаң, абыройың төгіледі»,– деп маңызды мәселелерге қатысты өз тәлімін береді (Әбу Юсуфқа өсиетінен).
Күнделікті тұрмыста жеке басқа қатысты ұстану қажет болған мынадай өсиеттерін де айтады: «Ешкімге мұқтаж емес екеніңді, қанағатшыл екеніңді көрсетіп жүр!
Кедей болсаң да, оныңды елге сездірме! Аманатқа қиянат жасама!
Жалпы қалың көпшілік немесе дара тұлғалар болсын насихат айтудан тайынба! Адамдарды кемсітпе! Әуелі өзіңді құрметте. Өзгелерге де құрмет көрсет.
Адамдардың қателігін іздеме! Керісінше дұрыс жақтарын ізде!
Көршіңнің бойынан көрген (жағымсыз, теріс) іс-әрекетті жасыр! Себебі ол аманат. Адамдардың құпия сырларын ашпа!
Жасы үлкендерге құрмет көрсет! Кішілерге ізет көрсет!
Қалың көпшілікке жақын бол. Бұзақы адамдардың да тілін таба біл! Саған жақсылық жасаған кісіге де, жамандық жасаған кісіге де жақсылық жасауға ұмтыл! Саған дұшпандық жасағанды кешір! Сені жамандап тіл тигізгендерге жақсы сөздеріңді арна! Шарапаты аздау, нашар жандар болса да, сәлемді жаюға тырыс!
Өзіңе қалай жақсы мәміле жасалғанын жақсы көрсең, адамдарға дәл солай мәміле жаса. Адамдар жайында әрдайым дұрыс ниетті бол! Бәз біреулер сені алдаса да, сен біреуді алдама! Саған кейбір жандар қиянат жасаса да, сен аманатқа қиянат жасама!
Басқа діндегілер саған қалай мәміле жасаса, сен де соларға дәл сондай мәміле жаса!»,– деп (Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиеті) шәкірттеріне әрдайым ұстаздық ақылдарын айтып, жанашыр әкедей қараған. Ұстаздарынан осындай жылылық көріп өскен шәкірттері алған ілімдерін халыққа таратып, соның нәтижесінде ханафи мәзһабы әлемнің шартарабына тарады. Бұл өсиеттер қашан да маңыздылығын жоғалтпақ емес.