Құдықты тазалау
С: Егер құдыққа бір нәжіс түссе, оның суы қалай тазаланады?
Ж: Құдықтағы судың барлығын төгіп тастау керек.
С: Суын түгел алып шығып төгу мүмкін болмаса, сондай-ақ, суын алған сайын астынан жаңа су толып жатса, қанша суын алу қажет?
Ж: Құдық ішіндегі судың көлемін білетін адамдар шамамен қанша шелек болатынын айтса, сонша суды шығарып төксе жеткілікті.
С: Егер құдыққа бір жануар түсіп өліп, ісініп немесе іріп жатса, суды қалай тазартады?
Ж: Бұл жағдайда да барлық суын алып тастау арқылы тазартылады.
С: Егер құдыққа бір жануар түсіп өлсе, бірақ әлі ісініп немесе іритіндей уақыт өтпесе, қалай тазаланады?
Ж: 1) адам, ит немесе қой секілді денесі үлкен нәрсе болса, барлық суын алып тастау арқылы тазартылады; 2) тауық, үйрек және қаз секілді денесі кішірек жануар түсіп өлсе, қырық шелек суды шығарып төгу арқылы тазартылады. Сондай-ақ, тағы жиырма шелек төгіп, алпыс шелекке жеткізу мұстахап амал болады; 3) егер бұлбұл және шымшық
секілді ұсақ құстар мен жәндіктер түсіп өлсе, жиырма шелек алса жеткілікті. Сондай-ақ, тағы он шелек алып тасталса, мұстахап әрі жақсырақ.
С: Су қандай шелекпен алынады?
Ж: Кез келген орташа көлемдегі шелекпен алуға болады.
С: Үлкен немесе кішкене шелек болса, не істейді?
Ж: Ондай жағдайда орта шелек мөлшеріне шақталып есептеледі.
С: Құдыққа нәжістің түскен уақыты белгілі болса, қай уақыттан бастап нәжіс болып есептеледі?
Ж: Түскен уақыттан бастап су нәжіс деп есептеледі және сол уақыттан кейін алынған суды төгіп тастау керек. Ол суға дәрет алып оқыған намазды қайта оқиды, жуылған нәрселерді қайта жуады, ішкен болса, истиғфар (кешірім) айтады.
С: Егер құдыққа бір жануар түсіп өлсе және түскен уақыты белгісіз болса, не істеу керек?
Ж: Егер ол жануар ісінген болса, құдық үш күннен бері нәжіс болған деп есептеледі. Ал егер ісінбеген болса, бір күннен бері нәжіс болған деп есептеледі.