Имам Шәміл

Кавказдың көкжалы әйгілі имам Шәміл туралы.

XIX ғасырда түркілерді ысырып, парсыларды жеңіп, Сербияны, Моңғолияны, Польшаны бағындырып, Қытайға дейінгі жерлерді билеп көзіне қан толып әбден есірген Ресей «Енді Кавказды алсақ, Крест жорығын бастаймыз, қасиетті жерлерімізді қайтарамыз» деп кеуделерін соғып жүрген заманда Кавказ топырағында Шәміл деген батыр ұл туады. Осылайша, жер-көкке әмір жүргізгісі келген Ресей державасына Шәміл батыр 25 жыл бойы қарсы тұрады. 25 жыл бойы Ресей әскерін бір қадам алға бастырмай ұстап тұрады. Шәмілдің ұлты авар.Ол Солтүстік Кавказ мұсылмандарының жетекшісі имам болған. Кавказ үшін соғыста Ресейге қарсы күшті басқарған.

Имам Шәміл 1797 жылы Дағыстанда дүниеге келген. Туғаннан ержүрек, батыл болып өседі. Ресейдің әскеріне аз халқымен қаймықпай қарсы тұра білген
имам Шәмілден: «Жартылай аш Дағыстан өзінен мыңдаған есе күшті, әрі үлкен империямен жеңілмей жиырма бес жыл қалай соғысты?» деп сұраған екен дейді. Сонда Шәміл: «Егер біздің бойымызда оттай лаулаған рух болмағанда, бұлай ұзақ шыдас бермеген болар едік. Бір күні таңнан тұрып, бау-бақшама қара топырақ тасып жүр едім, бір топ қару асынған атты адамдар келіп: «Шәміл, жаулар біздің бұлақтан атын суарғалы келе жатыр, олар біздің шаңырағымызда маздап тұрған оты рухымызды өшірмек, сен өзің атқа қонасың ба, әлде біз мінгізейік пе?» деді. Осы сөзді естіген сәтте менің кеудемде тығылып жатқан отты рух лап етіп жанды. Сол сәтте, мияуалы бақшамды да, азғана байлығымды да ұмыттым. Осы отты намыс мені 25 жыл аттан түсірмеді. Осылай күллі Қап тауы лапылдап жанды. Оны көктен жауған жаңбыр да, қарлы боран, дауылда өшіре алмады» деген екен

Шәмілді 1859 жылы қолға түсірген генерал Александр Барятинский оған: «Сенің күресің осымен аяқталды, бәрі бір патшаны жеңе алмадың, осыны білетұра неге 25 жыл соғыстың?» дейді. Тұтқын Шәмілдің айтқаны: «Сен қателесіп тұрсың, сендердің арқаларыңда бұрын басы бірікпей жүрген таулықтардың басы қосылды, мен бұларға жауға бас имеудің үлігісін көрсеттім және жүректеріне намыстың отын жақтым, ол от ешқашан сөнбейді, азғана дағыстандықтарға сендерден (орыстардан) ешқашан қорықпайтын рух сыйладым, бұл жеңіс емес пе?!» депті күліп.

Рухы — Қавқазда, сүйегі — Мединеде жатқан әйгілі Имам Шәміл туралы мынадай аңыз сақталған:

1860 жыл

Орыс тұтқынында болғанда дәрет алуға шыққан Шәмілді сынамақ боп, абақты ауласына арыстанды кіргізіп жіберген екен дейді. Дәретін алып, беймарал келе жаттқанда арыстан шабады. Шәміл сол арыстанды қолындағы құманымен ұрып өлтірген екен.

«Қанжар емес, құманмен қалай өлтірдің?!» деп таң қалған орыстарға Шәміл айтты деген сөз бар: «Маған және ұлтыма шабуыл жасаған дұшпанды құрқол болсам да — жер жастандырамын!» депті…

Ақыры.., мемлекет есебінен ақы тағайындап, өмірінің соңында қасиетті Мекке-Медине жеріне барып байыз табуына жағдай жасап, әрең құтылған ғой, қас дұшпандары!…

Иә, бұл аңыз болар, дегенмен де орыстар Шәмілдің рухын сындыра алмағаны рас.

Баяғыда кез-келген Таулық әке өз баласына, «бұл қаруды ұстағанда әкеңнің жүрегі дір етпеген, сенің де жүрегің дір етпесін!» дейтін сабында жазуы бар қанжар сыйлаған…

Расул Ғамзатов «Қанжардың ұясы қыны, оттың ұясы ошағы, ер жігіттің ұясы отбасы. Ошақтан шашыраған от, ол биік тауды шарпып лауласа: нағыз қанжар қынында жатпайды, нағыз ер үйінде жатпайды» дегенді айтқан…

Бір қызықты әрі әрі іш күйерлік жәйт:

Қазақтың Кенесары сұлтаны мен кавказдың имам Шәмілі дәл бір мезгілде отарлаушыларға қарсы көтерілді. Қап тауында Шәміл атқа қонғанда, ақ патшадан шен алған бек-сұлтандар атақты Қажы Мұрат, авар жұртының абыройы Гамзат бек, Елісу сұлтаны Данилдер иықтарындағы алтын зерлі пагонды жұлып тастап Кавказ көтерілісшілеріне қосылды. Барлығы дерлік Шәміл айтқан «опасыздар жердің астында жатсын!» деген жалғыз ауыз сөздің ығына жығылды. Нәтжесінде көтерілісшілер саны 40 мыңға жетіп, 20 мың тұрақты жасақ ұстады.

Ал, қазақтың би-сұлтандары ше?! Кенесарыны қолдап азаттық үшін күреске шығудың орнына патшаның солдаттарымен бірігіп оған қарсы тұрды. Ақмола окургінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин 1840 жылы 5 ақпанда Кенесарыға көрсеткен қарсылығы үшін патшадан «полковник» шенін алды. Арқа өңіріне атақты билердің бірі Кішкентайдың Аққошқары Кене ханды қолдаған қазақ ауылдарын шапқаны үшін Батыс Сібір генерал-губернаторынан «Алтын шапан» сыйлығын алды. 1843 жылдың тамызында сұлтандар А.Жантөреұлы мен Б.Айшуақұлы көтерілісшілерге қарсы жасақ жабдықтады…

Бірақ имам Шәміл де, Кенесары да жеңіске жеткен жоқ. Тек ғана азаттық үшін күрескен ұлы тұлғалар ретінде екеуі де тарихта қалды. Хан Кене 1847 жылы 45 жасында қырғыздардың қолынан мерт болды. Имам Шәміл болса 1859 жылы орыстардың қолына түсті. Оны өлтіруге отаршылар қорықты. Шәміл өлсе қаһарлы таулықтардың тағы бір сойқанды бастарын білді. Калугада ол ауласында бау-бақшасы мен мешіті бар, ең жақсы үйлердің біріне қоныстанды. Кейін имамның Дағыстанда қалған отбасы да түгел осында жеткізіледі. Ақ патша Шәміл үшін жыл сайын қазынадан 20 мың рубль бөлгізіп, имамның өзіне 15 мың рубльдей пенсия тағайындады. 1868 жылы Меккеге барып аман-есен қажылық парызын өтеді, 72 жасында тағы да қажылыққа барып, Медина жерінде дүниеден өтті. Сүйегі атақты «Бақи» зиратына жерленді. Ал, біздің Кенесарының сүйегі қайда қалды? Басы қайда жатыр? Іздесең де табылмайды?!

Қазақтың рухы осы кезден бастап әлсіреді. Оған негізгі себеп, отарлаудың зардабы болса, екінші тараптан Абай атамыздың, «алыс жақын қазақтың бәрі қаңғып, аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып…» дегеніндей сатқындық, атаққа алданбақтық немесе «мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға» демекші мақтаншақтық сияқты кеселдің ұлт өміріне жалпыласып кетуінен таза рухы лайланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *