1.Араб графикасының негізі қалаушы А.Байтұрсынов
2.Әдебиет пен өнер қайраткерлері: С.Сейфуллин., Б.Майлин., С.Торайғыров
3.М.Әуезов шығармашылығы және ұлттық мәдениет
Байтұрсынұлы Ахмет (1873-1937) — қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым-лингвист, түріктанушы, ақын, аудармашы, әдебиет жинаушы һәм зерттеуші, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). Батырлықты, билікті салт қылған ірі мінезді адамдары көп ортада туып, өскен Ахметтің тәрбиесі мал бағып, күйбің тірлік кешкен өзге қазақы ортадан бөлектеу еді. Әділетті жақтау, қиянатқа төзбеу — атадан балаға қалған мұра секілді қасиет еді мұнда. Әділеттің ісін тізіп, әріге бармай-ақ, беріден қайырсақ, әкесі Байтұрсынның параға сатылып, аулына қиянат жасаған Торғай уезінің начальнигі, «кәрі ояз» атанған Яковлевті сабап, басын жаруы да сол қасиеттің құдіреті болатын. Осы қасиет Ахметті де өз ортасынан суырып алып, күрес жолына салды. Патша өкіметінің зұлым саясатын, халқына жасап отырған көрнеу зорлық-зомбылығын, қорлығын көріп, біліп отырып, жан бағып, жайына жүре алмады. Бар оқығаны: ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерімен шектелгеніне қарамастан, «өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді.
Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды…, халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» (С. Сейфуллин). Ол замана ағымымен кетпей, өзгелер құсап қазақ халқын бай, кедейге бөлмей, тұтас жақсы көрді, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Ол отаршылықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті — мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады.
Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі — өнегеге көрсетті, Ол өзі атқарған үлкенді–кішілі қызметті де, сабақ берген мектепті де, мақаласы мен өлеңдерін шығарған баспа орындарын да – бәрін-бәрін халқына қалтқысыз қызмет етудегі өз идеясын, өз саясатын жүзеге асырудың құралы етті. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов). Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғысын жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.
2. Бейімбет Майлин – поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Бейімбет Майлин (1896 ж. Қостанай обл. , Таран ауд., — 1937 ж.) — жазушы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Әкесі Жармағамбет те, атасы Майлы да кедей адамдар болған. Жастай жетім қалған Бейімбет шешесі Құлғизар мен әжесі Бойдастың тәрбиесінде өседі. Әжесі Бойдас кезі келгенде өлең де шығарып жіберетін сөзге ділмар жан болған. Бұл үйде ақындар, жыршылар жиі қонақ болып, ұзақ таңға небір дастандар жырналып, суырып салма айтыстар болып, өлеңдер айтылып тұрған. Оның үстіне шығыстыңқиссаларын жақсы көретін әжесі кейіннен Бейімбет ауыл молдасынан хат таныған соң оған ұзақтаңға жыр!дастандар оқытып, тыңдайтын болған. Осының барлығы жас Бейімбеттің сөз өнерін сүйіп, әдебиет жолына түсуіне ықпал жасады. Әуелі ауыл молдасынан сауат ашқан Бейімбет кейіннен Арғынбай қажының медресесінде екі жылдай дәріс алады. 1913 ж. Троицкідегі «Уазифа» мектебінде, оны бітірген соң Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқиды. Медреседе оқып жүргенде татардың Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сияқты белгілі жазушылармен танысады. Осында шығып тұрған «Садақ» атты қолжазба журналға белсене араласып, өзінің алғашқы прозалық туындысы, «Шұғаның белгісі» әңгімесі жариялайды. Өлеңдері «Айқап» журналында басқа да басылымдарда шыға бастайды.
Осы жылдарда ол қазақ, татар, башқұрт, орыс әдебиеттерімен кеңірек танысып, әдеби сауаты арта түседі. Денсаулығына байланысты Майлин медресені аяқтай алмай, 1916-1921 ж. ауылда бала оқыту, мұғалімдікпен айналысты. Осы кездерде 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалысына арналған, төңкерістен кейінгі кездердегі қазақ аулының тұрмысын суреттейтін бірсыпыра өлеңдер жазды. 1922-23 ж. Орынборда шығып тұрған «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке келеді. Газетте редактор болып істейтін белгілі революцонер ақын С.Сейфуллиннің қарамағында жұмыс жасау Майлиннің шығармашылық жолына үлкен өзгерістер әкеледі, еңбекші таптың саяси мүддесін көздеген өлеңдер жаза басатайды. «Еңбекші Қазақ» газеті бетінде өлең!әңгімелері жиі жарияланады. «Шұғаның белгісін» қайтадан өңдеп, «Кызыл Қазақстан» журналында бастырады. 1923-1925 ж. Қостанайда шығып тұрған «Ауыл» газатінде істейді. «Раушан!коммунист» повесі осы кезде жазылады. 1934-1937 ж. «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор болды. 1937ж. халық жауы деген жаламен ұсталып, 1938ж. ақпанның 25-і күні атылып кетті.
Майлин аз өмірінде аса өнімді еңбек етіп, елуге тарта кітабын шығарды. Оның шығармаларында қазақ кедейінің мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі, арман-мүддесі бұрын болмаған деңгейде жан!жақты да терең суреттеліп, қміршең типтік бейнелер жасалды. Майлиннің ақындық қызметі 1912ж. жазылған «Мұсылмандық белгісінен басталады». Төңкеріске дейін жазған көп өлеңдерінде («Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа») ауылдың ауыр тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік жырланады. 1916ж. ұлт-азаттық қозғалысы Майлин шығармашылығындағы халықтық сыйпатты күшейте түсті. Осы кезден жазылған «Қанды тұман» өлеңінде қараңғыға қамалған қалың елдің, аянышты халі суреттеледі.
Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. 1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журналдарына жазып тұрады. Б.Майлин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.
1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Б.Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім. Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі 30-шы жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып істейді. 1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.
Торайғыров Сұлтанмахмұт– қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері, ойшыл.Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туған. Торайғыровтың 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болды. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанды. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, 1908 жылы баянауылдық Әбдірахман молданың қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болды.
1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Пән негіздерін үйреніп, білімге деген ынтасы артқан Сұлтанмахмұт одан әрі оқуын жалғастыру арманына жете алмайды. Троицк, Семей, Томск сияқты ірі қалаларда барып оқуын жалғастыруға ниеттенсе де, қамқоршысы мен қаржының жоктығынан, тұрмыстың қиыншылығынан ол мақсаты орындалмайды. Бірақ оптимист Сұлтанмахмұт өз бетімен ізденіп көп оқыды, ғылымның әралуан саласынан хабардар болды, сөйтіп заманының оқымысты жастарының біріне айналды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров жасында жабысқан дерт кеселінен 27 жасында кайтыс болған ақын, ойшыл өзінің аз жасағанына қарамай, ол қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп кетті. Реалист-ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Оның адам өмірінің мән-мағынасы жайлы «Адасқан өмір» поэмасы, XX ғ. басындагы қазақтың іріп-шіріген билеуші табының өскен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн көтерген «Қамар сұлу» шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы — оны қазақ әдебиетіндегі демократтык әдебиеттің ірі өкілі етті. Осы кезден ақыңдыққа ден қойып, 1912-1913 жылдар аралығында «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды.
Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. 1916-1917 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. «Шәкірт ойы» өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысады. 1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, «Алаш ұранын» жариялайды. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасады. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп оқып, «Шал мен қызға», «А, дүние», «Жас жүрек», «Сарыарқаның жаңбыры», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», т.б. өлеңдерін жазады.
Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман («Қамар сұлу», «Кім жазықты?»), төрт поэмасын («Таныстыру»), «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс») жариялады. Торайғыров «Қамар сұлуда» әйел теңсіздігі мәселесін көтере отырып, дәуір шындығын әлеуметтік тұрғыда талдаса, «Кім жазықты?» романында ауыл өмірінің шындығын жан-жақты суреттей келе, қазақ халқының шаруашылық тұрғыдан дамымағанын, талапсыздық пен шаруаға қырсыздықты, жалқаулықты, алауыздықты сынайды.
Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты. Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы «Таныстыруда» Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың «бірі — күн, бірі — шолпан, бірі – ай» екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды.