ПСИХОАНАЛИЗ — XX ғ. мәдениетіне зор әсер еткен австриялық ғалым 3. Фрейд қалыптастырған психологиялық ілім. Фрейд адам психикасының үш құрылымнан: Ол, Мен, Жоғарғы Меннен тұратыны туралы идеяны ұсынды. Көмескі сана өткеннен мұраланған психиканың терең қабаты ретінде көрініс табады. Оның қойнауларында адамның жасырын жан сезімдері, құмарлықтары мен ынта-назары ұялаған. Бұл құрылым «ләззаттану принципін» басшылыққа алады. Фрейд оларды «қайнаған қүмарлықтардың қазаны» деп атайды. Адамның саналы Мені — Ол мен (көмескі сана) қоршаған дүние арасындағы делдал. Бүл құрылым «шындық принципін» басшылыққа алады, оның мақсаты — адамның көмескі санасына ықпал ету. Адам Мені Оны (көмескі сананы) өзіне бағындыруға тырысады, алайда кейде өзі Оның (к.с.) ықпалында болады. Жоғарғы Мен орындалуды, мәдени тиым салуларды бейнелейді. Жоғарғы Мен ұят ретінде, немесе көмескі кінә сезімі ретінде адам Меніне үстемдік етуі мүмкін. Көмескі санада белгілі бір жағдайларда сана аймағына шығып кететін элементтер болады. Мен қабылдау мен қозғалыс органдарының жүйесін бақылайды. Жоғарғы Мен сублимация арқылы Эдип комплексін шешкеннен кейін пайда болатын ең жас құрылым. Тиым салынған либидо импульстары (жыныстық қуат) мәдени шығарм. қайнар көзі мен құпиясы. Мәдениет адамды жүйке науқасы (неврозға) ұшырататын тиым салулар жүйесі ретінде көрініс табады, ал екінші жағынан шығарм. фантазия және оның рәміздік бейнеленуі арқылы либидо энергиясының (қуатын) босатуға (сыртқа шығаруға) мүмкіндік береді. Фрейд адамның психологиялық өмірі туылған соң басталады деп санайды, ал жаңа туған сәбиді ол «tabula rasa» (таза тақта) деп атайды.