Фома Аквинский (1225-1274) — италияндық діни ойшыл. Католиктік шіркеудің ең ірі ойшылы. Дегдар отбасынан шықса да, ол ата-анасының қарсылығына қарамастан, доминикандық діни ұйымға кіреді. Париждегі Сен-Жак монастырында, кейін Париж унверситетінде дәріс береді. Сонан соң Италияға қайтып келіп, Рим Папасының сарайында болады. Сол жылдары ол Аристотельдің философиясын тереңдетіп, өз ілімінің негізіне айналдырады. 1269 ж. Парижге қайтып оралып, Құдайтану қосындысы жұмысын жалғастырады (1266—1273). 1274 ж. Неапольдан Лионға шіркеулік кеңеске бара жатып қайтыс болады. Логик, метафизик, теолог, Фома әулие Аристотельдің рационалды философиясын христиан дінімен сәйкестендіруге тырысқан. Ф. Аквинский ойынша, дін мен білімнің қарым-қатынасы гармонияға, бейбіт жарасымға құрылуға тиіс. Философия қарама-қайшылыққа ұрынған шағында (мысалы, уақыт шеңберіндегі жарату мәселесі), оның көмекке дінді шақыруы қажет. Ф. Аквинский- теоретикалық теологияның негізін салушы. Негізгі еңбектері: «Теология жиынтығы», «Философия жиынтығы». Ол Құдайдың барына 5 дәлелді келтіреді:
- қозғалыс: барлық заттың алғашқы қозғаушысы – құдай;
- себеп: барлық нәрсенің бір себебі болады: ол – құдай;
- кездейсоқтық пен қажеттілік;
- сапа дәрежесі: заттардың сапасы әр түрлі, ең жоғарғысы құдай;
- мақсат: қоршаған заттың белгілі бір мақсаты болады, құдай — мәңгі.
Ф. Аквинский томизм бағытының негізін қалаушы. Томизм – Ф.Аквинский іліміне негізделген католиктік философияның бағыты.