Неоплатонизм өз дәуіріне тән философиялық бағыт болғандықтан сол заманның қоғамы мен адамының әлеуметтік тәжірибесін дәл ұғынып, оны абстракциялық философиялық формулаларда шебер көрсете білді. Тіл жеткісіз Тұтастық пен оның алуан түрлілікпен байланысын іздеу, Тұтастықты абсолюттендіру және Тұтастық пен материалдық ғарыш, құдай мен адам арасындағы шексіз аралық сатыларды іздеу мифологиялық ойлауды философиялық тұрғыда жаңғыртуға әкелді. Тәнге қатысты барлық нәрселерге қарсы шығу, аскетизм мен экстаз туралы ілімге басымдылық беру тек ерте христиандық философияға ғана емес, бүкіл ортағасырлық теологиялық ойлауға озінің едәуір ықпалын тигізді. Филон Александрийскийдің Көне Өсиет (Ветхий Завет) грек философиясымен алғаш синтездеуге ұмтылысы өзінің жалғасын таппады. Христиан дінінің жеңіске жетуі ертедегі гректердің ойлау тәсілін игере отырып, теріске шығару арқылы жүзеге асты. Бұл ортағасырлық өркениетте бастапқыда антиктік-христиандықты, ал кейінірек еуропалық христиандықты даярлады.