Жеке тұлға туралы түсiнiк. Тәрбиенiң негiзгi мақсаты – қалыптасып келе жатқан жеке тұлғаның әлеуметтiк тәжiрибенi меңгеруi, оның жан жақты үйлесiмдi дамуы. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы мәселесiнiң көп ғасырлық тарихы бар. Ол көп аспектiлi және әр түрлi ғылымдардың тоғысында қарастырылады. Ертедегi грек ғалымдары жеке тұлғаның дамуына табиғи тума қабілет, қоршаған орта да әсер етедi деп есептеген. Жеке тұлғаның қалыптасуының факторлары туралы идеялар келесi дәуiрлердiң прогрессивтi философиялық және психологиялық-педагогикалық пiкiрлерiнде өз жалғасын тапқан (Э.Роттердамский, Я.А Коменский, К.А.Гельвеций, Д.Дидро, А.Дистервег, К.Д.Ушинский, К.Маркс, Ф.Энгельс, З.Фрейд, Д.Дьюи, Э. Торндайк, Н. К. Крупская, П. П. Блонский, А. С. Макаренко, Л. С. Выготский, Э. И. Моносзон. Л. И. Божович, С. Л. Рубинштейн, В. В. Давыдов т.б.)
Адам – өзiне тән биологиялық құрылысы бар тiршiлiк иесi, сондықтан табиғат заңдары оның дамуына да әсер етедi. Қоршаған ортаға бейiмделiп, өз тiршiлiгi үшiн дайын заттарды пайдаланатын жануарларға қарағанда, адам өзiне керектiнi өз қолымен жасайды. Адам табиғатының өзгеруi адам өмiрiнiң әлеуметтiк жағдайларының әсерiнен болады, адамның тектiлiгi тек биологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи дамуы нәтижесiнде де пайда болады. “Әлеуметтiк мұрагерлiк” адамның қоғамдық тәжiрибеге ие болуы нәтижесiнде орын алады. Сонымен, адамның жалпы дамуында өзара байланысты биологиялық және әлеуметтiк бағыттар әсер ететіндігі байқалады. Адам биологиялық тiршiлiк иесi болып туады, алайда өз дамуы барысында ғана ол әлеуметтiк тiршiлiк иесiне айналады.
Психологияда “жеке тұлға” деген ұғымның әр түрлi түсiндiрмелерi бар, бiрақ олардың көбiсi мына түсiнiкке келiп тiреледi: жеке тұлға дегенiмiз әлеуметтiк қатынастар мен саналы іс-әрекеттiң субъектiсi ретiндегi индивид. Жеке тұлғаның ең басты белгiсi – оның әлеуметтiк мәнiнiң болуы және оның әлеуметтiк функцияларды (қызметтердi) (болмысқа, адамдарға, өзiне, еңбекке, жалпы қоғамға қатысты) атқаруы. Жеке тұлға, сондай-ақ, психологиялық дамудың белгiлi бiр деңгейiне ие (темперамент, мiнез-құлық, қабiлеттiлiк, ақыл-ой дамуының деңгейi, қажеттiлiктер, мақсат-мүдделер).
Жеке тұлға – бұл интегративтi жүйе, әлдебiр ыдырамайтын тұтастық. Алайда, жеке тұлғаны зерттеумен айналысатын ғалымдар бұл тұтастықтың “өзегi” бар деп мойындайды, олар оны “Мен – жүйе” немесе жай ғана “Мен” деп белгiлейдi. Жоғарыда келтiрiлген жеке тұлға туралы түсiнiк жалпылама ұғым болып табылады.
Жеке тұлғаның ең маңызды белгiлерi – оның саналылығы, жауапкершiлiгi, бостандығы, қадiр-қасиетi, даралығы. Жеке тұлғаның маңыздылығы оның қасиеттерi мен іс-әрекеттерiнде қоғамдық прогрестiң тенденцияларының, әлеуметтiк белгiлер мен қасиеттердiң айқын және өзіне тән ерекшелігінің көрiнiс табуы, оның іс-әрекетiндегi шығармашылық қасиетiнiң деңгейi арқылы анықталады. Бұл орайда “адам”, “жеке тұлға” деген ұғымдардың қатары “даралық” деген ұғыммен толықтырылуы қажет.
Даралық бiр адамның басқа бiр адамнан, бiр тұлғаның басқа бiр тұлғадан айырмашылығын, оның ешкiмге ұқсамайтынын, өзiне тән ерекшелiгi бар екенiн сипаттайды. Даралық, әдетте, адамның мiнезi мен темпераментiнiң ерекше белгiлерi (мысалы, салмақты-жiгерлi және мақсатты адам), шығармашылық қызмет-әрекетi мен қабiлеттiлiгiнiң өзгешелiгi арқылы ерекшеленедi. Осылайша, мұғалiмнiң даралығы оның терең бiлiмдарлығы, педагогикалық көзқарастарының ауқымдылығы, балаларға деген ерекше қатынасы, жұмыстағы шығармашылық ниетi, т.б. арқылы көрiнедi. “Даралық” ұғымы бiр адамды басқа бiр адамнан, бiр тұлғаны басқа бiр тұлғадан ажыратып, оған өзiне тән сұлулық пен қайталанбас қасиет беретiн ерекшеліктерден тұрады.
Адам қасиетiн түсiндiретiн тағы бiр ұғым – “индивид”. Бұл сөз латын тiлiнен алынған және оның қазақша баламасы – “жекелiк”. Ұғым ретiнде бұл сөз адамзат тұқымының еш қасиеттерi ескерiлмеген бiр өкiлiн бiлдiредi. Бұл орайда әрбiр адам индивид болып табылады. “Жеке тұлға” ұғымы мен онымен байланысты бiр тектес ғылыми категориялардың мәнi осында.
Адамның жеке қасиеттерi өмiр жолында дамып, қалыптасқандықтан жеке тұлғаның “дамуы” мен “қалыптасуы” ұғымдарының мәнiн ашу педагогика үшiн маңызды мәселе болып табылады.
Даму табиғатқа, қоғамға және әрбiр жеке тұлғаға тән жалпы қасиет болып табылады. Даму дегенiмiз – төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделiге қарай қозғалыс; сатылай эволюциялық ауысу немесе революциялық секiрiс түрiнде жүзеге асатын жоғары сапалы күйге қарай спиральды өрлеу процесi. Даму барысында барлық философиялық заңдар жүзеге асады: өзгеру, санның сапаға ауысуы, бiр сапаның басқа бiр сапаға ауысуы (бұлардың кейбіреуі,терiске шығарылуы мүмкін).Жеке тұлғаның қозғалыс күшіне, яғни қарама-қайшылық күресінің арқасында бұл қозғалыста өзгеріс жүріп жатыр.
Жеке тұлғаның дамуы дегенiмiз, ең алдымен, оның қасиеттерi мен сапасындағы сандық өзгерiстер процесi. Адам дүниеге келгеннен соң дене жағынан үлкейедi, яғни оның кейбiр дене мүшелерi мен нерв жүйесi өседi. Оның тiлi шығып, сөздiк қоры молаяды. Бала көптеген әлеуметтiк-тұрмыстық және моральдық бiлiктерге, еңбек дағдылары мен әдеттерге ие болады. Алайда, адамның жеке тұлға ретiнде дамуындағы ең бастысы – оның бойында болып жатқан сапалық өзгерiстер (танымдық, сезiм, моральдық-жiгерлiлік т.б.). Мiнез-құлықтың реактивтi формалары белсендi түрде қалыптасып келе жатқан іс-әрекеттiлiкке айналады, дербестiк пен өз мiнез-құлқын билей алу қабiлеттiлiгi артады. Осы және басқа да өзгерiстер адамның жеке тұлға ретiнде даму процесiн сипаттайды.
Сондықтан, даму дегенiмiздi адамның анатомиялық-физиологиялық жетiлуiндегi, оның жүйке жүйесi мен психикасының дамуындағы, содай-ақ танымдық және шығармашылық іс-әрекетiндегi дүниетанымы, өнегелiлiгi, қоғамдық-саяси көзқарастары мен сенiмдерiнiң кеңеюiндегi орын алатын сандық және сапалық өзгерiстердiң өзара тығыз байланысты процесi деп түсiнген дұрыс. Адамның дамуына iшкi және сыртқы, меңгерiлетiн және меңгерiлмейтiн факторлар әсер етедi, олардың арасында мақсатты тәрбие мен бiлiм беру жетекші рөл атқарады.
Педагогика мен психологияда жеке тұлғаның “қалыптасуы” терминi жиi қолданылады. Бұл жеке тұлғаның дамуының нәтижесi дегендi және оның пайда болып, тұтастыққа, бiр қалыпты қасиеттерге және сапаларға ие болғанын бiлдiредi. Қалыптастыру (қалыптасу) дегенiмiз – бiр нәрсеге пiшiн (форма) мен тұрақтылық беру; толықтық пен нақты бiр түр беру. Бұл арада тұқым қуалаушылықтың мәнi өте зор – баланың ата-анасынан немесе ата-бабаларынан қалған биологиялық ерекшелiктердiң жиынтығы. Тұқым қуалаушылық жер бетiндегi тiршiлiктiң тарихы және белгiлi бiр түрдiң (бiздiң жағдайымызда – адамның) өмiрiнiң тарихын анықтайды. Адамның тұқым қуалаушылығын екi түрге бөлуге болады: жалпы адамзаттық (тiк жүру бейiмдiлiгi, сана, ақыл, сезiм мүшелерi дамуының бейiмдiлiгi, шартсыз рефлекстер, нәсiлдiк және ұлттық белгiлер) және даралық (жүйке жүйесiнiң түрi, анатомиялық-физиологиялық (нышан) тума қабілеттер).
Ағзаның тектiлiк негiзi немесе генотипi төмендегi суреттегідей болып бөлінеді (сурет 1). Жеке тұлғаның қалыптасуына, сонымен қатар, қоршаған орта: адам және қоғам өмiрiндегi әлеуметтiк-экономикалық, тарихи қалыптасқан жағдайлар әсер етеді. Қоршаған орта макро және микро болып бөлiнедi. Макро-орта бұл – адамға қажетті әлеуметтiк-экономикалық ықпалдардың мол жиынтығы (өндiргiш күштер мен өндiрiстiк қатынастар деңгейi, өмiрдiң қаржы жағдайлары, мәдениеттiң даму деңгейi, бұқаралық ақпараттар құралдары). Микро-орта бұл – баланың ең жақын қарым-қатынас ортасы, ол – адамды әрдайым қоршайтын және оның дамуына әсер ететiн өзара байланысты заттар, құбылыстар мен адамдар әлемi. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына, белгiлi бiр мөлшерде, табиғи немесе географиялық орта (климат), табиғат жағдайлары әсер етедi.