- Ы. Алтынсариннiң ағартушылық көзқарасының қалыптасуы. Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мек- тебiнiң қалыптасуында өшпес iз қалдырды. Ол 1841 жылы қазiргi Қостанай облысының аумағында дүниеге келдi. Әкесiнен ерте айырылған ол атасының – белгiлi би және старшын Балқожа Жаңбыршиннiң қолында тәрбиеленедi. Ыбырай бала кезiнен бастап бiлiмге және өз бетiнше ізденуге бейiм екенiн байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының бiлiмдi адамдарымен жиi араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезiнде шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзiнiң бай кiтапханасын Ыбырай Алтынсариннiң ер- кiн пайдалануына рұқсат еттi. Бiлiмге құштар жас бос уақытының бәрiн де сол кiтапханада өткiздi.
Бiлген үстiне бiле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбiрек пайда келтiрсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмiрлiк кредосына айналды. Өзiнiң мiнез-құлқы жағынан қарапайым әрi еңбексүйгiш едi, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбiрек бiле түссем деп армандады. Алған бiлiмiн өз халқының пайдасына жаратуға талпынды.
1857 жылы ол Орынбор шегара комиссиясы жанындағы мектептi алтын медальмен бiтiрдi. Ыбырай орыс, араб, татар және парсы тiлдерiнде еркiн сөйлей бiлдi. Кейiнiрек халық ағартушысы ретiнде өздігінен оқып, білімін арт- тыра түсудi белсендi түрде жалғастырды. Дүние жүзi әдебиетiнiң классиктерi В. Шекспирдiң, И. Гетенiң, Д. Байронның, А.С. Пушкиннiң, Н.В. Го- гольдiң, М.Ю. Лермонтовтің, Ғ. Низамидiң, Ә. Фирдоусидiң, Ә. Науаидың шығармаларын зор зейiн қойып оқыды.
Ы. Алтынсариннiң педагогикалық көзқарасының қалыптасуына орыс педагогі К. Ушинскийдiң және чех ойшылы Я. Коменскийдiң еңбектерiмен таныс болуы оң әсерiн тигiздi. Ы. Алтынсарин орыстың көрнектi демо- краттары Н.Г. Чернышевскийдiң, Н.А. Добролюбовтың, А.И. Герценнiң және басқалардың шығармаларымен де таныс болды.
Мектептi бiтiрiп шыққан халық ағартушысы Ы. Алтынсарин үш жыл- дай атасының қол астында кеңсе қызметкерi болып iстедi. Осы жылдар iшiнде ол өз халқының сауатын ашып, бiлiмiн көтерудiң аса қажет екенiн жете түсiндi.
- Ағартушының педагогикалық қызметi. Бiлiмiн жүйелi түрде же- тiлдiрудiң нәтижесiнде ол өз заманының аса бiлiмдi азаматы болды. Орыс педагогика ғылымын терең зерттеп бiлу оны қазақ халқының көрнектi ағартушысы етiп қалыптастырды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерiнiң оқушыла- рына арнап екi оқу құралын: «Қырғыз (қазақ) хрес- томатиясы» мен «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тiлiн үйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты. Ол қазақ балалары үшiн зайырлы мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшiн бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзi сол мектепке орыс тiлiнiң мұғалiмi болып тағайындалды. Ағартушылық идеялары жiгерлендiрген ол ауыл-ауыл- ды аралап, жергiлiктi халыққа бiлiм алудың маңызы мен қажеттiлiгiн түсiндiруге күш салды. Ондай мектептер ашу үшiн қаржы-қаражат жинауды қолға алып, ақшаның алғашқы үлесiн Ы. Алтынсариннiң өзi қосты. Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметi басталды.
1864 жылы қазақ балаларына арналған интер- наты бар мектеп салтанатты түрде ашылды. Үгiт жұмыстарының нәтижесiнде оқуға 16 бала жазыл- ды. Кейiнiрек бұл мектептердегi оқушылардың саны арта бастады. Халық ағартушысы жүргiзген үгiт жұмыстары нәтижелi болды. Бұл ретте ол былай деп қуана жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кiрiстiм және менi өте қанағаттандыратыны – бұл балалар әлдеқандай үш айдың iшiнде оқуды, тiптi жазуды үйренiп алды».
1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облысы мек- тептерiнiң инспекторы болып тағайындалды. Оның еңбегiнiң арқасында бiлiм беру саласы қазақ да- ласында кең орын алды. Атап айтқанда, облыстың барлық уездiк қалаларында училищелер ашу қолға алынды. Ол осы мақсатпен Торғай облысының қазақ ауылдарын түгел аралап шықты. Халықтан қажеттi қаржы жинастырды. Соның нәти- жесiнде барлық уездерде екi сыныптық орыс-қазақ училищелерiн ашты. Оларды мұғалiмдермен және оқушылармен толық қамтамасыз еттi. Ол мектептердiң жабдықталуына, олардың жанында шағын кiтапханалар ұйымдастыруға ерекше мән бердi.
Қазақстанда қыз балаларға бiлiм берудiң басталуы да Ы. Алтын- сариннiң есiмiмен байланысты. Аса көрнектi халық ағартушысының басшылығымен қыз балаларға арналған бiрнеше мектептер ашылды. Олардың жанында интернаты болды. Ы. Алтынсарин мектептi халық ағарту iсiнiң маңызды бір буыны деп санады.
- Ы. Алтынсариннiң ғылыми және әдеби қызметi. Ол өз замандастары арасында ғалым-этнограф, көсемсөзшi әрi ақын ретiнде де кеңiнен таныл- ды. Ол Орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлiмiнiң толық мүшесi болды. Географиялық қоғамның тапсырмаларымен баяндамалар жасап тұрды, қазақ халқының этнографиясы бойынша мақалалар жа- риялады. Атап айтқанда, Кiшi жүз қазақтарының жерлеу, ас беру, құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрi, ежелгi әдет-ғұрып заңдары туралы зерттеу мақалалары жарық көрдi. Ол өзiнiң жұмыстан қолы босаған кездерiнiң бәрiн де ауыл арасында өткiздi, туған халқының тари- хы, фольклоры, шежiресi, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрi туралы материалдар жинастырды. Өзiнiң көзi тiрiсiнде бiрқатар ғылыми мақалалары журналдар мен газеттерде жарияланды.
«Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезiндегi әдет-ғұрыптарының очеркi» атты еңбегiнде үйлену тойларына байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптарды тәптiштей суреттедi. Ы. Алтынсариннiң әдеби мұрасы да едәуiр елеулi. Ол И.А. Крыловтың мысалдарын, Л.Н. Толстойдың әңгiмелерiн орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударумен қатар, өзi де қысқа әрі тартымды әңгiмелер жазды. Ы. Алтынсариннiң қаламынан туған аударма- лар, өлеңдер, әңгiмелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегiлер оқырман жүрегiне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ы. Алтынсариндi қазақ балалар әдебиетiнiң негiзiн қалаушы деп бiлемiз. Ыбырай Алтынсарин тамаша ақын да едi. Оның «Азған елдiң билерi», «Әй, достарым!», «Әй, жiгiттер!», «Ана» атты өлеңдерiнiң адамгершiлiк- ғибраттық сипаты басым. Ақынның бұл өлеңдерiнен қазақ жастарының талай ұрпағы үлгi-өнеге алып, тәрбие көрдi. «Бiр Құдайға сиынып, Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңiлге Ықыласпен тоқылық! Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тiлегенiң алдыңнан Iздемей-ақ табылар…» – деген «Кел, балалар, оқылық!» өлеңiнiң жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы өте зор. Ы. Алтынсариннiң шығармаларында қазақтың өмiрi шыншылдықпен бейнелендi. Оларда бiлiмге, ғылымға деген құлшыныстың қажеттiгi кеңiнен наси- хатталды. Жастарды оқу-бiлiмге шақыра отырып, ол өзге халықтардың мәдени өмiрiн, олардың ғылымда қол жеткiзген табыстарын үлгi-өнеге ретiнде мысалға келтiрдi.
- Ағартушының қоғамдық-саяси қызметi. 1869 жылы Ы. Алтынсарин Торғай уездiк басқармасына iс жүргiзушi ретiнде қызметке орналасты. Содан соң уезд бастығының аға көмекшiсi және уақытша уездiк судья мiндеттерiн қатар атқарды. Қызмет бабымен қазақ ауылдарында жиi болып тұрды. Өз халқының аса қажеттi мүдделерi неде екенiн жақсы бiлдi. Болыс
басқарушылары мен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрдi. Ол сайлау кезiнде дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеу- ге тырысты. Бұған риза болмаған жергілікті шенеуніктер оның үстiнен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және одан әрi Iшкi iстер министрлiгiне шағым жасады. Оны 1868 жылғы «Уақытша ережеде» белгiленген сайлау тәртiбiн бұзды деп айыптады. Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ой- лады. Ол өзiнiң парасатты мiнез-құлқы және барынша адалдығы, халық алдындағы атағы мен беделiнiң арқасында ақталып шықты. Халық ал- дында сөйлеген сөздерiнде патша үкiметiнiң отаршыл аграрлық саясатын ашық сынады. Патша үкiметi шенеунiктерiнiң озбырлық iс-әрекеттерiн, олардың жергiлiктi қолшоқпарларын айыптады. Мәселен, ол 1864 жылғы хатында былай деп жазды: «Қызмет бабы бойынша мен байлармен жиi қақтығысып қаламын. Маған жамандық ойлайтындар лауазымды адамдар ара- сында да бар. Олар қорғансыз кедейлердi арсыздықпен талап-тонауда…»
Ы. Алтынсарин патша үкiметiнiң жергiлiктi ха- лыққа қысым жасайтын жүгенсiз саясатын айыптап отырды. Оған 1880 жылы «Оренбургский листок» газетiнде жарияланған мақалалары айқын дәлел. Ол өз ғұмырының соңғы кезiнде былай деп жаз- ды: «Мен түбегейлi терең сенiммен туған халқы- ма шамамның келгенiнше пайдамды тигiзсем деген ниетiмнен ешқашан бас тартпаймын». Ы. Алтынсариннiң ұшан-теңiз еңбегi қазақ хал- қының бiлiм көкжиегiнiң кеңеюiне, рухани және мәдени гүлденуiне игi ықпал еттi. Оның есiмi халықтың есiнде мәңгi сақталады. Бүгiнде Ұлттық Бiлiм академиясы Ыбырай Алтынсариннiң есiмiмен аталады. Елiмiздегi педагогтер қауымының ең таңдаулы өкiл- дерi жыл сайын Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгiмен марапатталады. Ағартушы ғалымның құрметiне жыл сайын ғылыми конференциялар өткiзiлiп тұрады.