Философия б.ғ.д 6-5 ғ.ғ пайда болып, өзінің бүгінгі ақуалына келді. Қайсыбір философия, Гегельдің айтуына қарағанда, оймен ұсталып қалынған өз заманы, дәуірі. Философия тарихы, олай болса, адамзаттың ой-өрісінің даму тарихы, шегіне жеткен ең жалпы адам мен Дүниенің қарым-қатынасы жөніндегі мәселелерді шешудегі өз заманымен шектелген ойлау, рух талпынысы.
Философия тарихы сонау көне заманнан бері қалыптаса бастады. Оның қайнар көзі – Дүние мен адамның байланысы жөніндегі алғашқы жиналған ойлар мен пікірлер, оларды белгілі бір жүйеге келтіріп, сараптау қажеттігі, соның негізінде әрбір философтың өзінің ой-пікірін жеке көрсетуге тырысуында жатса керек. Сондықтан Кон-фу-Цзы, Платон, Аристотель сияқты көне замандағы ірі ойшылдар өздерінің көзқарасын бұрынғы тарихта қалыптасқан пікірлермен салыстырып, оларға баға береді.
Сонымен қатар, сол көне заманда өз шығармашылық еңбегін тек қана әдейі философия тарихына арнаған ойшылдар да болды. Оған, мысалы, Диоген Лаэртийді, Секст Эмпирикті жатқызуға болар еді. Д.Лаэтрийдің Атақты философтардың өмірі мен ілімдері, нақыл сөздері, С.Эмпириктің Ғалымдарға қарсы деген еңбектері арқылы біз көне замандағы философия ішіндегі ой-тартысты, әрбір ойшылдың шығармашылық тәжіриьесінің ерекшелігін байқаймыз.
Орта ғасырларды алатын болсақ, онда философия тарихы көбінесе тарихтағы болған ұлы философия еңбектеріне жасалған түсініктер арқылы көрінді. Мысалы, Аль-Фараби Аристотельдің шығармаларын тек қана араб тіліне аударып қана қоймай, сонымен қатар өзінің кең түсініктемелерінде оларға баға беріп, басқа грек ойшылдарының еңбектерімен салыстырып, олардың бір-бірімен сабақтастығын көрсете білді.
XXI ғасырдың екінші жартысында пайда болған марксизм ілімі философия тарихын таптық тұрғыдан қарап, бұл пәннің шеңберінде қалыптасқан материализм және идеализм ағымдарының күресі – осы ғылымның өзегі деп есептеді. Қоғамды материалистік тұрғыдан түсінудің негізінде, олар философия ой-өрісі дамуының ең түпкі қайнар-көзі – өндіргіш күштер, соған сәйкес ғылым мен техниканың дамуында, — деген пікір айтты.
XX ғасырдағы ойшылдардың көпшілігі философия тарихындағы тарихи сабақтастықтан гөрі, әрбір қалыптасқан философиялық жүйенің ерекшеліктеріне, соны тудырған тарихи тұлғаның қайталанбауына, оның дүниетанымы мен сезімін – оқшау тұрған рухани құндылық екендігіне аса көңіл аударды.
Сонымен бірге, философияның келесі күрделі ерекшелігі оның тарихына өз әсерін тигізбей қоймайды. Ол – Дүниеге деген көзқарастың көп түрлілігі, ішкі және сыртқы жағына шексіз Дүниені танып білудегі кемеліне келген соңғы ақиқаттың үзілді-кесілді түрде болмауы. Сондықтан, соңғы ақиқат – ешбір философиялық ағымда, ешбір аса ірі тұлғаның қолында жоқ және ол болашақ тарихта да болмайды.