Коррекциялық психология. Дефектология

Коррекциялық топтармен жұмыс ұйымдастыру.

 

  1. Коррекциялық топтарды құру ерекшеліктері.
  2. Коррекциялық топтар жұмысын үйымдастыру реті.
  3. Коррекциялық топтар түрлері.
  4. Коррекциялық топқа қатысушылар ережелері.

 

Топтағы ойындарды ұйымдастыру арқылы жүргізілетін жұмыс барысында біріншіден топтағылардың қарым-қатынасы қалыптастырылады, сонан соң, екінші ретте коррекциялық мәселелер шешіледі. Мұндай топтар жұмысы, көбінесе, балаларымен және оған параллель топта олардың ата-аналармен жүргізіледі. Бұл топтардағы коррекция жұмысы бастапқы кезде дара жүргізіледі де, ата-аналар тобында олардың теріс әсері бар стереотиптерін түсіндіру тәсілдері кеңінен пайдаланылады.

Балалар коррекциялық топтарын құрғанда психодиагностикалық зерттеу барысында анықталған жеке тұлғалық ерекшеліктері мен олар туралы ата-аналары мен мектеп қызметкерлерінен түскен шағымдары ескеріледі. Кішкентай балалар туралы шағымдар екі мағнада болады. Біріншісі, баланың топтағы құрбыларымен  қарым-қатынас жасамауы. Ата-аналар баланың оқшау жүретінін оның мінезінің тұйықтығымен, сол себептен баланың жеке ойнағанды, кітап оқығанды, сурет салғанды ұнататындығымен түсіндіреді. Кейбір балалар басқалармен қарым-қатынас жасай алмауымен байланысты, кейде құрбыларымен жақсы ойнап, ал кейде бұртыйып ашуланып, төбелесіп, шатақ мінез көрсетуімен байланысты өзгелер оны жақтырмайды.

Екінші мағнадағы шағымдар бала мінезінің шатақ болуымен байланысты оны көндіру, тіл алдыру мүмкін еместігі, олар үлкендерге өрескіл, дөрекі сөйлеп, бағынбаушылық көрсететінін айтады. Бұл шағымның астары ата-аналардың өз ұрпақтарымен ғана емес, өздері де бір-бірімен тіл табыса алмай жүргенімен де байланысты болады. Отбасы өте күрделі жүйе болғандықтан оның бір жерінде кездесетін қиындық барлық қатынастар жүйесіне теріс әсер етеді. Психокоррекция жүргізу туралы шешім қабылдау үшін проблеманың түбірі неде екенін анықтап алу қажет.

 Көбінесе баларда кездесетін қарым-қатынас бұзылуы келесі үш себепке байланысты болуы мүмкін. Біріншісі – отбасындағы мінез-құлық стереотиптерін баланың мектепішілік қатынаста қайталауы. Екіншісі – бала өз темпераментінің ерекшеліктерін меңгере алмағанымен байланысты оның икемделуі төмен, барлық тітіргендіргіштер әсеріне жауап реакциясы жоғары болуы. Үшіншісі – баланың оқу мотивациясының «сәтсіздіктен қашу» бағытымен байланысты ішкі, жеке тұлғалық мазасыздануының жоғары болуы, осы себептен туындаған қайшылықтарды шешу жолдарын таба алмауы.

Психокоррекциялық ойындар жеке тұлғалық, интеллектуалдық даму проблемаларымен байланысты жүргізілетін коррекцияның негізгі әдісі болып табылады. Бұл кітапта тек кісіаралық қатынаста көрініс беретін қасиеттермен байланысты коррекциялықь жұсыстың түрлері қарастырыған. Таным процестерін коррекциялау жолдары осы оқулықтың келесі бөлімінде беріледі. Жеке тұлғалық қасиеттерді өңдеу және жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған психокоррекциялық ойындар барысында әр адамның өз тәжірибесінде қалыптасқан, дағды болып қалған әлеуметтік ролдерін орындау стереотиптері қайта құрылады.

  Коррекция тобының жұмысын бастар алдында қатысушыларды мінез-құлық ережелерімен таныстыру арқылы алдында тұрған мәселені шешуге бағытталған іс-әрекет келесі ережелер бойынша жүргізілетініне даярлау керек.

«Шеңбер» ұстанымы. Іс-әрекет барысында қатысушылардың барлығы бір-бірін көріп отыруы керек. Олар дөңгелене отырғанда барлығы бірдей жағдайда болады. Отырғаннан соң олар топтық жұмыс сертін қабылдайды:

«Біз дөңгеленіп отырған жер біздің тобымыздың кеңістігі. Осы кеңістікте біздің өзімізден басқа, өзімізбен алып келген жан дүниемізден басқа ешнәрсе жоқ. Бұл ең бастысы. Біз өзімізді тек осы жерде, тек бір-біріміздің бір-бірімізге көрсеткен көмегімізбен жетілдіре аламыз. Бізге өз-өзімізді толық түсінуге көмектесетін күш – біздің қарым-қатынасымыз. Осы жерде бір-бірімізге білдірген сезіміміз бен қалыптасқан қатынасымыз арқылы біз өзімізді танып білеміз. Біздің қарым-қатынасымыз тиімді болу үшін, әр қайсың өзіңнің алдыңа қойған мақсатқа жету үшін, топтың келесі ережелерін толық орында»

«Қазір және осы жерде» ережесі бойынша қатысушылардың осы жерде болып жатқан, қазіргі қажеттіліктерге байланысты сезімдері талданады. Топтық жұмыс барысында бір-бірі туралы қатысушының өзі және осы жерде айтқан мәліметтерін ғана пайдалануға болады. Оның бұрынғы тәжірибесіне мысалдар келтіруге тыйым салынады. Кездесу кезінде бөлмеден шығуға болмайды.

«Эмоционалдық ашықтақ» ұстанымы бойынша қатысушы осы жерде және қазір бір ойға бөленіп, одан шыға алмай жүрсе, ол туралы өзінің сезімін топтағыларға айтып, басқалармен бөлісуі керек. Сонда бұл ой, сезім, қайғы топтағылардың ортақ сезімін туғызады, ол топтың жаңа сезіміне, топтық жұмыстың жаңа перспективасын анықтайды.

 «ТОҚТА» ережесі әр адамға өзінің сезімін басқаларға айтқысы келмесе: «Мен өзімді мазасыздандырып тұрған мәселені айта алмаймын, өйткені мен одан да бетер қиналатын сияқтымын». Осы айтылған сөз, ой, сезім, қайғы топтағылардың ортақ сезімін туғызады, ол топтың жаңа сезіміне айналады және топтық жұмыстың жаңа перспективасын анықтайды.

«Адалдық» ережесі бойынша тек шынайы адамды қамықтырып тұрған сезімдер туралы сөз болғанда оны жұбататын, ақтайтын немесе сезімін тереңдететін нәрселерді ғана айтуға болады. Егер қарым-қатынас жасап отырған серігіңнен сырыңды жасырсаң оның нәтижесінде басқаларда өзің туралы теріс пікір қалыптасуы мүмкін.

 «Кеңес беруге тыйым» ережесі. Берген кеңесің қанша бағалы болғанымен оны орындау қиын немесе тіптен мүмкін емес болса, оны айтуға тиым салынады. Өйткені ондай кеңес адамның осы топта қолы жеткен бостандығын шектейді, сондықтан ол бейсаналы түрде кеңес берген адамға бағытталған агрессия тудыруы мүмкін.

«Мен айтамын» ұстанымы бойынша әр кім өз пікірін, әр сөзін тек өзімен болып жатқан нәрселерге байланысты сезімін, тек өзінің атынан айтуына болады.

Диагноз қоюға және бағалауға тиым. Бұл ереже сұраныс болмаса өзгелерге сын айтып, олардың саулығы бойынша ойдағыны айту оның содан кейін орын алатын бағалауы бойынша мазасыздануға, түйсініп қалуына, басқаларға икемделуге алып келуі мүмкін, сондықтан ешкімнің бостандығын шектемеу керек.

Жауапкершілікті өзіне жүктеу ұстанымы. Топтық жұмыс барысында адамның өзінің көрсеткен белсенділігіне байланысты орын алған және болатын нәрселерге жауапкершілік өзінің мойнына жүктеледі. Кедесу барысында тек қана өзің жауап бере алатын нәрсені айтуға болады, өйткені өз сөзіңе өзің жауап бересің.

Өз үлесіңді қосу ұстанымы бойынша қатысушы қанша белсенділік білдірсе, сонша оның топ жұмысына қосқан үлесі мол болады да, өзін дамытуға мүмкінішілігі кеңейеді. Топтық іс-әрекеттердің барлығына қатысушылардың барлығы бірдей қатысуға құқықты және міндетті.

 Құпия сақтау ұстанымы топтық процестегі айтылған сөздер, жасалған істер, шешуін талап еткен проблемалар, талданған мәселер туралы басқа еш жерде айтылмайды.

 «Саулық презумпциясы» бойынша барлық қатысушылар өздерін  сау адаммын деп қабылдайды және дені мен жанының саулығына жауапкершілікті өз мойынына алады.

Қатысушылардың ынталығы талабы бойынша бірінші кезекте ең өзекті деп табылған проблемалар талданады (хирургия ұстанымы бойынша аурудың «өмірлік көрсеткіші» бойынша ең ауыр жарақатты бірінші кезекте емдейді). Сондықтан қатысушылардың шағымдарының иерархиясын жасап, талдау сол ретімен жүреді.

«Ендірілген болу» барлық кездесулерде барлық қатысушылар (психологта), барлық әрекеттерге толық қатысады, супервизор, бақылаушы, бағалаушылар қажет болғанда ол ролді кезектесіп орындайды..

«Тұрақтылық» ұстанымы топ мүшелерінен тұрақтылық көрсетіп, сабақтардан, кездесуден қалмауын талап етеді. 

Психокоррекциялық тренингтерді жүргізуде «Мәдениаралық өзара әрекет» тренингі алдымыздағы мақсатқа жетуге негіз болады деп таптық.

Мақсаты: Топта әр адамның өмір сүруіне қолайлы жағдайларды қалыптастырудың ең тиімді жолы – ойын тренингін жүргізу. Ойын адамның мінез-құлқын, қабілетін, әлеуметтік ортада өзін ыңғайлы сезінуге үйретіп, өз құрбыларымен, оқытушылармен қарым-қатынас жасау жолдарын көрсету, мінез-құлық нормаларын меңгертіп, құндылықтары мен таныстыру үшін тиімді әдіс-тәсілдер жинағы болып табылады. Сондықтан коррекцияның басым көпшілігі ойын арқылы жүргізіледі.

Ойын барысында қатынасушылар талап ететін тұлғааралық қатынасты құру арқылы балалардың жалпы мәдениетін көтеруге мүмкіндік туады. Топтағы балалардың бір-біріне сенімі артып, қарым-қатынастағы кеңістіктің маңыздылығын жете түсінуге көмек көрсетіледі және серіктерстік қатынас барысында кеңістікте орналасудың өзінің өте маңызды екенін, оның әсерін түсінеді.

1-ші жаттығу. «Тұсаукесер».

Топтағы қатысушылар шеңбер құрып, психолог бастап, топқа өз бейнесін таныстырады. Психолог: «Ыммен, қол қимылы, дене қимылы арқылы, бір-екі ауыз сөзбен өзіңізді топқа таныстырыңыз. Таныстыру барысында өзіңізді қандай адам тұрғысында сезінетініңізді, топтың Сізді қалай қабылдайтынын көз алдыңызға елестетіп, сол туралы айтып беруге ұмтылыңыз»- деп түсіндіреді. Психолог өз сөзінен кейін топқа өзі туралы мағлұмат береді. Содан кейін әр қатысушы сағат тілі бойынша шеңбер бойымен өзін басқаларға таныстырады.

Тұсаукесер аяқталғаннан кейін, өзі айтқаны жайлы, қалай жүргені туралы талқылау жүргізіледі. Психолог келесі сұрақтарды қояды:

— Сізге кімнің өзін таныстыруы өте айқын, есте қалатындай әсерін тигізді?

—  Сіз үшін қандай танысу өте ерекше, әрі күтпеген танысу болды?

—  Кімнің өзін таныстыруы Сізге бірден жақын адам екенін сездірді?

—  Кімнің айтқан ойы Сізге түсініксіз немесе таң қалатындай болды?

—  Мүмкін, сол адамға Сіздің қоятын сұрағыңыз бар шығар?

Бұл сұрақтардың көмегімен балалардың тілдік белсенділігін         шақырып,  олардың ойындарға, жаттығуларды орындауға қызығушылыгы бар ма, жоқ па екенін анықтап алуға мүмкіндік туады. Барлық сұрақтарды талдап алғаннан соң келесі жаттығуды немесе ойынды балалардың ұсынысы бойынша ұйымдастырған дұрыс.

2-ші жаттығу. «Көпір».

Қатысушылар шеңбер құрып отырады. Психолог диагонал бойынша бормен сызық сызып, ойынның мәнін былай түсіндіреді: «Бұл сызық — тасып ағып жатқан тау суынан өтетін көпір. Төменде желге теңселген, тартылып байланған көпірдің астында сарқыраған өзен. Көпірдің аяғына дейін бір ізді жол. Одан тек бір адам ғана өте алады, әрі артқа шегінуге, қайтып кетуге жол жоқ. Бір-біріне қарама-қарсы келе жатқан екі адам — екі ұлттың өкілі. Олар бір-бірінің тілін түсінбейді. Қалай да болса көпірден құламай, аяғына дейін жүру керек. Тапсырманы орындауға бір минут уақыт беріледі».

Талқылау:

—     Тапсырма ненің көмегімен орындалады?

—     Қатысушылар бір-біріне көмектесті ме?

—   Осы  жағдайда  қарым-қатынастың  қандай  құралдары (вербалды немесе вербалды емес) маңызды?

—   Қай ұлттың   вербалды  емес  қарым-қатынасы   Сізге жақын және түсінікті көрінді?

3-ші жаттығу. «Танысыңыз, шетелдіктер»

Топ бір қатарға тізіліп отырады. Әр адамға карточка таратылады. Ол карточкада әр адамға белгілі бір ұлттың (ағылшын, француз, итальяндық, түрік, жапон, кәріс және тағы басқа ұлт өкілдері) мінез-құлықтағы қол-дене қимыл-қозғалысын, бет қимылын, позасын, жүріс-тұрысын көрсету керек екендігі туралы тапсырма берілген. Қалған қатысушылар тапсырма алғандардың қай ұлт өкілі екендігін табуы керек.

Талқылау:

—  Ұлтын қандай көрсеткіштерге сүйене отырып анықтадық?

—   Ұлттық ерекшеліктерін табу оңай ма?

—   Қазақ   халқын   қандай   ерекшеліктермен   сипаттауга болады?

Топ екіге бөлінеді. Бірінші топ таптауырындардың қажеттілігін дәлелдесе, ал екінші топ — оның қажет еместігін дәлелдеуі керек.

4-ші жаттығу. «Елсіз арал»

Психолог ойынның шарттарымен қатысушыларды таныстырады: «Мұхит бойындағы бірнеше күнгі болған оқиғадан кейін адамдар елсіз аралға орналасады. Осы уақыт аралығында тек үрленген салдан басқа ештеңе қалмады. Әрі ол да жарамсыз екені анықталды».

Ойынның шарты: «Сіздер елсіз аралда қалдыңыздар. 20 жылға дейін Сіздер басқа адамдармен кездесе алмайсыздыр. Енді үш топқа бөлініңіздер».

Топтардың әрқайсысында бір ұлттың халқы. Ұлттарын шек тастап анықтап алуға болады. Ойынның аяғына дейін ұлт өкілдері басқа топтағылардың ұлтын білмейді және өздерінің ұлтын басқаларга айтуына болмайды.

Жиырма жылдың аралығында әр ұлт өкілдері қалай өмір сүретінін, қандай заттарға сүйенетінін, нені өсіретінін, оларды кім басқаратынын, құндылықтары мен салт-дәстүрі тағы сондай ерекшеліктерін мейрам-тойлар өткізіп, басқаларға өздерін таныстыруы керек. Әр топ қағаз, түрлі-түсті қарандаш, фламастер, желім және тағы басқа заттармен қамтамасыз етіледі.

Әр топ тапсырманы алғаннан кейін, екі сагаттай дайындық жұмысын жүргізеді. Топқа көріністі көрсетуге 30 минут уақыт беріледі. Топ қай ұлт өкілдері екенін ешкімге айтпайды. Олар өздерін жан-жақты таныстыру үшін көрнекі құралдарды көп мөлшерде дайындайды. Көрермендер олар қай елдің және қай ұлттың өкілдері екенін анықтайды.

Талқылау:

—    Қандай белгілер арқылы ұлтты анықтауға мүмкіндік болды?

—    Аралды «мәдениеттендіру» мәселесі қалай шешілді?

5-ші жаттығу. «Көзқиық».

Қатысушыларға адам санымен бірдей ішкі және сыртқы шеңберлер құру ұсынылады. Ішкі шеңбердегілер сыртындағыларға қарап тұрады. Олар бір минуттың аралығында бір-біріне көздерін тасаламай, күлмей, бет-ауызын қисайтпай, тыжыраймай карап тұруы керек. Содан кейін сыртқы шеңбердегілердің барлығы сағат тілі бойынша бір орынға жылжып, келесі серіктеске барады. Сонан соң осы көрініс қайталанады. Осымен жаттығу аяқталып, қатысушылар өз орындарына отырады.

Ескерту: Жаттығу көптеген жеке түлғалық тосқауылдарды жеңуді талап етеді. Топтың барлық мсүшелері өздерін шаршаған және тітіркенген адам сияқты сезінуі мүмкін. Мұндай жағдайларда келесі жаттығуларды немесе олардың біреуін орындатуға болады:

А) бәрі бірге дем тарту мен оны шығару;

Б) шеңбер құрып, барлыгы бірге тебінуі, бір мезетте қолы жұдырықтап сілкуі;

В) Барлығы бірге бар дауысымен а-а-а деп айқайлауы.

Талқылау:

Қатысушыларға келесі сәттерді еске түсіру ұсынылады:

а) жаттығудың басында және аяғында өзінің күй-жағдайы қандай болғанын;

б) не айтқысы, қандай әрекет жасағысы келгенін;

в) бір-біріне қарап тұрғанда қандай ойлар пайда болғанын;

г) серіктесің не туралы ойлағанын болжамдап айтып бер.

Талқылау барысында бір-біріне талап қою немесе ақыл айтуға тиым салынады.

6-шы жаттығу. «Құрметті қонақ».

Жетекші қатысушыларға ойынның мәнін түсіндіреді: Қазір арамыздағы бір адам осы ортадан сыртқа шыға тұрады: Ол бөлмеге тек біз шақырғанда ғана кіреді. Қалған адамдардың бесеуі ойынға қатысатын әр адамның мінез-құлқын бағалауға әділқазылар құрамын құрады. Есіктің сыртындағы адам — біздің құрметті қонағымыз. Ол шетелдік, өзінің және біздің халық аралығындағы шынайы қатынасты дамытуға белгілі үлесін қосқан адам.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *