ІІІ-VI ғ.ғ. Жапонияның әлеуметтік-экономикалық дамуы. Жапонияның неғұрлым ертеректегі тұрғындары қазіргі айнулардың ата-бабалары эбисулар деп есептелді. Жаңа эраның басында олар Хонсю аралының солтүстік-шығысында өмір сүрді. Олардың этникалық шығу тегі әлі анықталмаған, бірақ кейбір зерттеушілер олардың оңтүстіктен шығуын Малаямен, Үндіқытай түбегімен және қазіргі Индонезия аралдарымен байланыстырады. Жапон аралдарына бірнеше рет корейлер, қытайлықтар жәнеәртүрлі манчжуртунгус тайпалары қоныс аударып, эбисуларды солтүстікке ығыстырды.
Кескілескен күрестер барысында бір тайпаны екінші біреуінің бағындыруы нәтижесінде біртіндеп араласу процесі жүрді. Күшті тайпалардың арасынан Ямато тайпалары іріктеліп шықты. ІІІ ғасырдың соңы мен ІV ғасыр ортасында олар барлық қарсыластарын жеңіп, Хонсю аралының оңтүстік бөлігінде Ямато тайпалар одағын құрды.Осы атаудан Япония атауы пайда болды.
Қазіргі жапондықтардың ата-бабалары егіншілікке жарамды, құнарлы аудандарға қоныстанды. ІІІ-VІ ғ.ғ. өзінде-ақ негізгі ауылшаруашылық өнімі құрғақ және игерілген жерлерде өндірілетін – күріш болды. Суландыру каналдары мен тоғандар сала бастады. Негізгі дақыл күріш пен дәнді дақылдармен бірге, V ғасырдан бастап жібек өндіру басталды.
Қытайлықтардың Жапонияға қоныс аударуы ІІІ ғасыр аяғында Қытайдың батысынан көшпенділердің шабуылы нәтижесінде күшейіп, V ғасырда корей-қытай қоныс аударуы қарапайым құбылысқа айналып қалды. Қонысаударушылар тұрғындардың әртүрлі тобына жатып, “бэ” деп аталды. Бұларға тағы жеңіліп қалған қауымдардың басшылары, пұтқа табынушы абыздар, “грометейлер” – яғни қытайша оқып, жаза алатын қалыптасып келе жатқан мемлекеттің алғашқы чиновниктері, сонымен бірге қылмыс істеп құлға айналған қауым мүшелері жатты. Үй шаруашылығында құлдар еңбегі қолданылды, дегенмен олардың саны аз болды.
Қарапайым сауда қатынастарының даму нәтижесінде V ғасыр басында рыноктар пайда болды. Ең алғашқы рынок Хонсю аралының орталық бөлігіндегі қазіргі Осака қаласы ауданындағы “Қытай рыногы” болды. Жапон қорғандарынан табылған қытай тиындары осы континентпен сауда қатынастарын жүргізген деп болжауға мүмкіндік береді. Қоғамдық еңбек бөлінуінің негізінде мүлік теңсіздігі өсіп, аристократтық отбасылар бөлініп шыға бастады және құлдар мен бэлерді қанау күшейді. ІV ғасыр соңы мен V ғасырда патша функциясын атқаратын тайпа одақтарының көсемдерінің билігі күшейді. Оның билігі маңызды жер көлемін иелену, қауым мүшелеріне салық салу, құладар жаулап әкелу, егінші, қолөнерші бэлердің еңбегін пайдалану болды. Дамыған таптық қоғамда егіншілікпен шұғылданушы қауымның ролі күшті болды.
Жеке-жеке ақсүйектер отбасыларының билік үшін күресі барысында Сого әулеті 592 жылы патшаны өлтіріп, билеуші жағдайды егеленді. Өздерінің ықпалдарын күшейту мақсатында елге корейліктер мен қытайлар әкелген, VІ ғасырдан кең тарқай бастаған буддизмді қолданды. Сонымен бірге жапон тайпаларының ежелден келе жатқан пұтқа табынушылық діні синтоизмге (құдайлар жолы) үлкен соққы берді. Буддизм қалыптасып келе жатқан ерте феодалдық қоғамның алғашқы қауымдық қалдықтарына қарсы қолданған идеологиялық қаруы болды.
Билік үшін кескілескен күресте бұрынғы патша үйінің өкілі Сетоку Тайси билікке келеді. Сетоку-Тайси қызметінің атақты ескерткіші 604 жылы жасалған “17 статьялық заңы” болды. Бұл ескерткіште буддалық және конфуцилік діннің ықпалы күшті болды. Мұнда алғаш рет жапон аұсүйектерінің талабына сай мемлекеттік құрылысы анықталды. Бұл заң патша билігін күшейтуге жағдай жасады. Сетоку Тайси саяси тіректі сырттан табуға тырысты. 607 жылы Қытайға елшілік жіберді. Мәдени байланыстар орнатты. Сога әулетінің қарсыластары бірігіп, төңкеріс ұйымдастырды.
2.Тайк төңкерісі және елдегі реформалар, мемлекеттік құрылысы. VІІ ғасырда Жапонияда орталықтанған мемлекет құрылды. Мұнда тарихта “Тайк төңкерісі” деген атқа ие болған (сөзбе-сөз аударғанда “Ұлы өзгерістер кезі”) саяси төңкеріс үлкен маңызға ие болды. Принц Наканооэ мен Накатоми Камако бастаған ақсүйектер император сарайындағы Сого руының билігін жойды. Бұл төңкеріс және елде жүргізілген реформалар “Тайк реформалары” қоғамдағы дағдарысты жағдайлардан келіп шықты. Халықты алдыңғы басқару құрылымымен қанау мүмкін емес еді.
Реформаларды жүргізуге сыртқы факторлар да әсер етті. Қытайдағы Тан империясы күшейіп Корей түбегін тіпті Жапонияның өзін жаулап алу қаупі күшейді.
645 жылдан бастап-ақ үкіметтікбасқару аппаратын қайта құру басталды. Арнайы министрліктер құрылды. Императордың кеңесшілері тағайындалды. Жергілікті дәрежеде де өзгерістер енгізілді. Шығыс облыстарда жерді өлшеу жүргізілді, тұрғындарға тұрақты салық жүйесі енгізілді, провинциялардың губернаторларымен, уездердің басшылары тағайындалды.
Сотқа арыз берудің жаңа жүйесі енгізілді. 646 жылғы Үкімет жарғысынан көрінгендей реформалардың мәні төмендегідей:
- Жеке жер иеленуді өзгерту, император отбасымен аристократтарға тәуелді адамдар категорияларын жою, адамдар мен, жерді түгел мемлекет меншігі деп жариялау. Аристократтар компенсация ретінде ранглік, қызметтік және басқа үлестер алып, қанаушы тап жағдайын сақтап қалды.
- Басқарудың орталық органдары құрылды, территориялық әкімшілік бөлу енгізілді.
- Жер есебі алынды, қауым санағы жүргізілді, әрбір шаруа жер үлесін алатын болды.
- Ұйымдастырылған жаңа салық жүйесі енгізілді.
Бұл реформалар орталықтанған мемлекет құруға бағытталған еді. Бұл реформа кейін 647,649 және 664 жылдары өз жалғасын тауып отырды.
3.VII-X ғасырлардағы Жапонияның әлеуметтік-экономикалық дамуы, сыртқы саясаты. Белсенді сыртқы саясат қарастырып отырған кезеңнің тек бас кезінде ғана жүргілді. 663 жылы Кореяның ішкі істеріне араласу жеңіліспен аяқталды. Аралға Қытай шапқыншылығының қаупі төніп, жапондар жағалауда бекіністер сала бастады. Астана 667 жылы Нанива портыван елдің ішкі Оми ауданына көшірілді. 653, 654, 659, 665 жылдары Қытайға арнайы елшілер жіберілді. 668 жылы император Тэндзи (бұрынғы принц Наканооэ) тұсындағы алғашқы заң кодексі “Омире” кодексінің жарық көруімен және 670 жылы алғашқы бүкіл ел көлемінде тұрғындардың санағының жүргізілгенінен орталықтанған мемлекеттің негізі қаланды.
Ерте орта ғасырлардағы Жапониядағы жер иелену екі формада мемлекеттік үлестік жүйеде және ірі жеке феодалдық вотчина (ірі жер иелеріне рулық мұра есебінде берілген иелік) негізінде (сеэн) берілді. Үлестік жүйені ресми түрде енгізу VІІІ ғасыр жатады. Осы кезде 702 жылғы “Тайхоре” кодексінде ерте феодалдық аграрлық құрылымдардың негізгі принцптері заң жүзінде бекітілді. Әрбір шаруа жерді отбасы мүшелерінің санына қарай 6 жастан асқан баланың есебіне қарай алды. Ер адамдардың үлесінің мөлшері 2 тан (1 тан -0,12 га) болды. Ал әйелдерге 2/3 берілді. Әр 6 жыл сайын отбасы мүшелерінің өзгеруіне байланысты жер қайта бөлініп отырды. Үлестік жері бар шаруалар мемлекетке дән салығын және қолөнер бұйымдарының салығын төлеуге мәжбүр болды. Азық-түлік рентасынан бөлек шаруалар барщиналық міндеткерлік өтеді. Шаруалардың үлестік жерден кетуі немесе одан бас тартуға тыйым салынды. Үлестік шаруалар “Тайхере” кодексі бойынша “қайырымды адамдар” деп аталды, ал құлдар “төменгі адамдар” деп аталды. Сонымен ерте феодалдық заң бойынша құлдық сақталып қалды. Құл иелену қосымша жер иеленуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік құлдарға азат адамға берілетін жер үлесімен бірдей үлес берілсе, ал жеке тұлғалардың құлдарына азат шаруа үлесінің 1/3 бөлігі берілді. Ақсұйектердің құлдары өте көп болды да, ол құлдар есебінен көп жерге ие болды. Билеуші топтар өздерінің құлдарын көбейтуге тырысты. Құлдарды негізінен жаулап алған жерлерінен әкелді десек бұл кезде жаулап алу соғыстарының болмауына байланысты құлға айналдырудың басқа жолдарын қарастыра бастады. Ақсүйектер шаруаларды ұрлауға, күшпен әкетуге, әсіресе кішкене балаларды әкесінен сатып алуға көшті. Салық төлемеген және қылмыс істеген шаруалар құлдарға айналып отырды. VІІ ғасырда бүкіл халық саны 6 миллион болды, оның 10-15 % құлдар құрады. Құлдар еңбегі негізінен құрылыс істерінде қолданылды. Нира қаласын негізінен құлдар салды. IX ғасырдан құл еңбегі сирек қолданылып, кейін мүлде жойылды.
Елді билеушінің абыройын көтеру мақсатында оған император (тэнно, сөзбе-сөз “аспан ұлы”) титулы беріліп, оның шығуы жөнінде құдаймен байланыстырылған аңыз қалыптасты. Император жанындағы жоғарғы мемлекеттік орган Мемлекеттік Кеңес болды. Орталық үкімет құрамына 8 ведмоства кірді. Олар: діни істер, қамба және қаржы, жалпы мемлекеттік істер, азаматтық істер, әкімшілік істер, сән-салтанат және шендер, сарай ведмоствасы, әскери істер, қоғамдық істер ведмоствасы. Ел провинцияға, провинциялар уездерге бөлінді.
Ерте феодалдық мемлекеттің қалыптасуы әкімшілік-саяси, қолөнер-сауда және діни орталықтардың құрылуына жағдай жасады. 320 жылы корей-қытай қонысаударушылары Нанива қаласының негізін қалады (қазіргі Нанива қаласы). 593 жылы Асука қаласы салынды. Бұл қалаға солтүстік Корей мәдениетінің ықпалы күшті болды. VІІІ ғасырдан қалалардың салынуында Қытай ықпалы күшейді. 710-787 ж.ж. және 792-1192 мемлекеттің астанасы Нара, Хайан қалаларының салыну жоспары Қытайдың Чанань қаласының үлгісімен салынды. Нара, Хайан қалалары ірі сауда және қолөнер орталығы болып онда жоғары сапалы сән салтанатты қолөнер бұйымдары, парча, металл бұйымдар мен ауылшаруашылық құралдар тағы басқа тауарлар қала рыногына шығарылды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- История стран Азии и Африки в средние века. В 2-х частях. Ред.кол.: Ф.М.Ацамба.,З.Г.Лапина, М.С.Майер. –М.,МГУ, 1987
- Семенов В.Ф. История средних веков.-М.,1970.
- Всемирная История 12-томах. Т.2-3. М.,1957.
- Васильев Л.С. История Востока. В 2-х томах, Т-1. М., 1998.
- История Востока В 3-х томах /ІІ-том Восток в средние века М.,РАН-1995
М.,РАН-1998.
- История средних веков (под ред. Сказкина) М.,88
- С.А.Тортаев. Орта ғасырлардағы Шығыс елдерінің тарихы А.1998ж.
- История стран зарубежной Азии. Л.,1970.
- Жуков Е.И. История Японии. М.,1969.
10.История Японии (с древнейших времен до наших дней) М.,1988.