Үшінші сөз

Хат жаздым, қан тамызып мен сияма.
Айт сәлем туған елге, Ғали аға.
Мен үшін сүй бетінен сәбилерді,
Бер сәлем жолыққан әр қарияға.
Жанымның жалын шалған жапырағын
Жібердім салып хатқа, аға жаным.
Жый-дағы достарымды көрсет озің,
Жапсырып кеудесіне домбырамның.
Айтар ем туған жердің сүй, – деп, – тасын
Аяймын, кетер тамып ыстық жасың.
Жанымыз сіз бен біздің жатқан майдан,
Тамшы жас тамып түсер бір қорғасын.
Ажалдың мен бе көнер дегеніне!
Келермін күтші, достар,мен еліме.
Біреулер жанарымнан жанымды ұғып,
Біреулер қарар ескі шинеліме.
Сыпырып кіреукесін жеті түннің,
Жүзіне қараймын тік келер күннің.
Жұлығын қан жалаған ботинкаммен
Төріне шығармын бір мен елімнің.
Тынар ма кеудем менің, жұтса да оқ?
Күйер ме тілім менің, шайнасам шоқ?
Туған ел кеудесінде арпалысып,
Соғармын ыстық қанды жүрегі боп.
 
 
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *