Қараймын да ескерткішке, терең ойға батамын,
Сырымды айтам, шынымды айтам, ақынға
тіл қатамын:
– Шіркін жалған, опасы жоқ, әттең сұмырай,
зар заман,
Не көрсетпеді, не қылмады, не қылмады ол саған!
Ақын едің, албырт едің, сұм жалғанмен алыстың,
Таң жолынан тапжылмадың, қайтпадың сен,
қарыстың.
Ақын едің, күн боп едің, мезгіл жетпей сөндің сен,
Сонда-дағы борышыңды адамзатқа бердің сен.
Ақын едің, жалын едің, желмен ойнап өрт болдың,
Ақын едің, соққы жедің, сұм жалғаннан мерт
болдың.
Бірақ, сені жоя алмады, құрта алмады сұм жалған,
Мәңгі сақтар, жүрек жаттар сенен асыл жыр
қалған.
Сені қысқан сұм замана, болды міне күл-талқан,
Сен аңсаған, құмарланған атты міне, атар таң,
Жаңа заман сені бүгін жүрегіне бөледі,
Жаттап жырың, ақтап атың, сені тірі көреді…
Деймін-дағы, ескерткішке қайта-қайта қараймын,
Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын,
Қарсы алдында ескерткіштің кетем жырлап
тағы да,
Жырлаймын да, гүл орнатам ескерткіштің маңына.
1937, Алматы
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ