Таң атады, күн шығад деп сенеді.

Таң атады, күн шығад деп сенеді.
Бұл майданда албырт ақын, жас ұлан
Түн қысымын көп көріп, зар шегеді.
Күңіренеді, көзден жасын төгеді.
Көңіл көгін қара бұлт торлайды.
Талай рет түн түнегі төнеді.
Амал қанша, зарлатады зар заман,
Жауыз тағдыр жас ұланды жеңеді…
Амал қанша! Жалмауыздар желікті,
Аямапты, ақын қанын төгіпті.
Ақын ұлан қоштасарда жанымен,
Ақтық рет: күндей күлген көрікті
Жас сұлуын – Музасын бір көріпті,
Көріпті де, көз жұмыпты, өліпті…
Өңшең сұмдар өлі тәнді басынып,
«Тұрмасын» деп, тереңірек көміпті…
Ақын өлед – жан иесі күңіренед…
Өтеді өмір. Жылдар өтіп, жыл келед.
Сол өмірден жан сезімге, құлаққа
Үн келеді, жыр келеді, сыр келед…
Өтті өмір. Ақырында күн жеңді,
Ақын жыры күн нұрымен гүлденді.
Ақын аты, ақын күші ақталар,
Заман туды. Жан иесі кенелді.
Ақын жыры мәңгілікке жатталар,
Шаттығы мол жүректерге бөленді,
Бақыт қонған, құмар қанған заманда
Ақын жыры күн нұрына теңелді.
Ақын жыры әсер берді маған да,
Ақынға арнап жаздым мен де өлеңді!
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *