Ойлаймын да жазамын әр немені,
Дамылсыз-ақ еседі көңіл желі.
Байтақ жатқан сары дала сықылдымын,
Кең өмірдің қадырын білер елі.
1945
* * *
Құраулап жылқы шақырған,
Қоңырау үнді келіншек;
Қуалап құлын қайырған
Қайда жүрсің, жеткіншек?
1945
* * *
Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын
Өзімді, әйелімді, жас баламды.
1948
* * *
Әттең, жоқ қой, қанатым,
Жерім көп ұшып баратын.
Борышым көп беретін,
Сыбағам көп алатын.
1949
* * *
Бұл шытырман ойлардан
Әйтеуір шығып кетермін.
Арманым бар ойға алған,
Соған да бір жетермін.
1950
* * *
Жігіттің көрдік «жүйрік, шабанын да»,
Япыр-ай, бір шаба алмай қаламын ба.
Үстімнен қойды-ау түспей қара тоным,
Көк бөрік, көк жағаның заманында.
1951
* * *
Япырай! Тудым неге ойшыл болып?
Кеудем толып барады, кеудем толып.
Түгім қалмай жарылып аспанға ұшып,
Неге ғана атпаймын фонтан болып?
26 наурыз, 1952
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ