Жан саясын, ой шұғыласын іздеп асыл махаббаттан

Жан саясын, ой шұғыласын іздеп асыл махаббаттан,
Шын достыққа, шын ерлікке, бостандыққа дабыл
қаққан.
Қолын сілтеп қашқан патша Тамарадан, тәж бен тақтан,
Ақырында арманды ақын Күн боп туып, Ай боп батқан.
Көргем талай, күңгірттеніп, нұры кеміп батқан Айды,
Батар Айды басқан бұлттай, ақын жүзін жапқан қайғы.
Көз ұшында көлеңкедей ақын маған бұлдырайды,
Тіл қатпайды, томсарады, Тариелдей тұнжырайды…
Амандастым мен тіл қата, Алатаудан ән шырқата:
О, сабазым, ақын Шота, неге мұнша болдың қапа?
Өміріңе өкіндің бе, көрмедім деп, ешбір опа?
Әлде жаның қажыды ма жер жастанып жата-жата?
Сен тірісің? Мәңгі өлмейсің. Өлім сені басына алмас,
Сен жалынсың лапылдаған, түн түнегі жасыра алмас.
Сен болатсың жарқылдаған, тат та баспас, жерде
қалмас,
Сен алтынсың, жүрегінде сақтап келді Кавказ, Парнас.
Бір тынбады, зырылдады дүниенің дөңгелегі,
Ақырында атты алтын таң – адамзаттың көксегені.
Бақытты өмір құшағында еске алады бүгін сені,
Тариелдің інілері, Нестаныңның сіңлілері.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *