Деп қоршап орыс, қазақ жан-жақтағы

Деп қоршап орыс, қазақ жан-жақтағы.
Советтің өңшең сұңқар саңлақтары,
Алдына келді алып Қойшы-екеңнің
Аттан да жүйрік затты таңғалтқалы.
Япыр-ай, болмадыңдар, балаларым,
Көрмеген тұлпар екен бабаларым, —
Деп мініп машинаға Қойшыбай қарт,
Байтақ ел кетті аралап далаларын.
Қойшекең бұл сапардан қайтып келді,
Ғажабын көрген-білген айтып келді;
Қарттықтан ұялғандай болса-дағы
Өлерін білмеді қарт қайтіп енді.
Балалар! – деді тағы ойлап-ойлап, —
Дүниеде жүрдім біраз күліп-ойнап,
Оллаһи, арманым жоқ тіпті менің,
Көрейін ол дүние тойын тойлап.
Қойшеке, қай жақта еді ол дүниең?
– Балалар, қайда екенін қайдан білем,
Әйтеуір естуімше аспан жақта,
Отырған болар күтіп ұлы әулием.
Қойшеке, олай болса, кеттік көкке, —
Деп оны отырғызды самолетке;
Төбесі көкке тиген бұл Қойшекең
Қояды күлімсіреп оқта-текте.
Аспанды аралатты, еркін самғап,
Қойшекең бүл ғажапқа отыр таң қап.
Астында қардай қалың тұтасқан бұлт,
Япыр-ай қайда қонбақ, қайда бармақ?!
Үстінде кәдімгі Күн күлімдеген,
Айнала тұнық ауа дірілдеген,
Қарасы «ол дүние» керінбейді,
Еш жерде, ешбір белгі тігілмеген.
Ыдырап сөгілді бұлт, көрінді жер:
Жапқандай алуан кілем төгілтіп зер,
Құлпырып көз алдында Қойшекеңнің
Бойына ғажайып бір құйды жігер.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *