Бірі айтты: – қателеспе, өлген, – деді

Бірі айтты: – қателеспе, өлген, – деді,
Жырын да, өзін де оның көмген, – деді.
Болған соң өзі дұшпан, сөзі арам,
Тарихқа жазып солай бергем, – деді.
Жанжалы екеуінің кетті қызып,
Аң қарап, құстар ұшып етті қызық.
Дүбірі екеуінің жер сілкінтіп,
Соғысты бір-бірінің аузын бұзып.
Толқып су, дүрілдеп тау, қалшылдап тас,
Сұрапыл қабір басы болды айқас.
Жыртылған жаға мен жең желге ұшып,
Бұлттай боп бұрқырады жұлынған шаш.
Ғажайып күн күркіреп, етті жалт-жұлт,
Қабірдің бет тақтайы сынды сарт-сұрт.
От шашып екі көзден, «тоқтаңдар» деп,
Бейіттен шыға келді Сұлтанмахмұт.
Екеуі тұра қалды есі кетіп,
Мұздай боп тұла бойы, дір-дір етіп.
Қорыққанын екеуінің білгеннен соң,
Сұлтекең амандасты жайлап жетіп:
– Жігіттер, қош келдіңдер, жоғарылат.
Рахмет, ұмытпапсыз ер-азамат.
Қабірді жай қақсаңдар шығамын ғой,
Жанжалыңыз азырақ болды-ау ағат.
Жас ақын Махмұтқа айтты сырын,
Жолдасы өсек айтып жүргендігін.
Сұлтекең сабырлы ойымен тыңдап болып,
Мырс етіп бір күлді де, деді: – Інім!
Өлгем жоқ, иланыңдар, шынымды айтам,
Өлді деп айта берсін кейбір сайтан.
Жүр, баста, жазушылар Союзына
Мүшелік билетімді алып қайтам.
Сен жігіт өсек айтып жүргенше құр,
Моламды мен қайтқанша күзете тұр.
Деді де қолтықтап ап жас ақынды
Сұлтекең жүріп кетті шырқатып жыр.
20 мамыр, 1940
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *