АҚЫННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ

Өмір – бақша: жемісі мол, қызыл гүлі жайнаған,
Жан иесі – бейне бұлбұл, гүлге қонып сайраған.
Сол бақшаны мен келемін тамашалап, аралап,
Гүлдің сырын, бұлбұл үнін жырға тізіп, саралап.
Гүлдің сыры, бұлбұл үні тербетеді жанымда,
Балқытады жас тәнімді, қайнатады қанымды.
Ұлы мұхит толқынындай тасқындайды көңілім,
Май айының бақшасындай құлпырады өмірім.
Нұрын төгіп, мейірленіп, күн қарайды күлімдеп,
Бақша ішінде музыкадан күй төгілед дірілдеп.
Шаттық жыры жүрегімді, көкірегімді кернейді,
Көңіл құсы шарықтайды, күнге қарай өрлейді.
Аралаймын гүл бақшаны, тамашаға тоймаймын,
Толқындаймын, тасқындаймын, толғанамын,
ойлаймын.
Ой шыңынан құлдырайды асыл сөздің бұлағы,
Жыр тыңдайды, түріледі бар әлемнің құлағы.
Жырлаймын да, шырқатамын шаттық жырын
өмірдің,
Еркіндеймін, орындаймын бар тілегін көңілдің.
Іркілмеймін, бақша ішінде тамашалап келемін,
Бақша ішінде, көз алдымда бір ескерткіш көремін.
Мрамордан орнатылған ескерткішке келемін,
Иілемін тәжім етіп, жырмен сәлем беремін.
Жыр тәңірінің, ұлы ақынның ескерткіші еді бұл,
Дақ түспеген, ескірмеген, өтсе-дағы талай жыл.
Бұйра шашы толқынданған, кең мандайы керілген,
Тапжылмастан ұлы ақын тұр, терең ойға көмілген.
Ескерткішке кірпік қақпай қадаламын, қараймын,
Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *