Сол қызыл ту астында

Сол қызыл ту астында
Күн келбетті қазақпын.
Отар емес телмірген,
Азаматпын, азатпын.
Енді сірә, дүние,
Танисың ғой мені сен.
«Танысамын соғысып»
Деп ойлама тегі сен.
Төрт құбылаң түгел сай
Қорқытпайды соғысың.
Жетпіс қабат қорғандай,
Батысымда – орысым.
Шымдай болат киінген
Шұғылалы шығысым.
Тас түлектей түйілген
Қырғыз, якут туысым.
Қазақ деген атымды.
Өшіре алмас ешбір жау!
Төбесінен, тиіссе,
Төңкерілер Алатау.
Аумағы мол алыппын,
Кең-ді менің құшағым.
Британия аралын
Қолтығына қысамын.
«Тағы» емеспін тағы айтам,
Адаммын-ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.
Тәкаппар ұлы дүние!
Қазақ деген – мен деймін.
Мылтығыңды ұсынба.
Қолыңды ұсын, кел деймін!

Қасым АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *