Шіркін, ақша,
Жолда жатса,
Бұрмас па едің мойныңды!
Төніп барып,
Уыстап салып
Толтырмас па ең қойныңды!
Жүрек ойнап, лүпілдеп,
Жетсең үйге бүлкілдеп!
Келсең үйге…
Бассаң биге –
Тасып көңлің шаттанып,
«Таптым ақша!!! –
Деп жолдасқа –
Қойныңды ашып ақтарып,
Күлім қағып қарасаң,
Жата қалып санасаң!
«Бар, тез бар!» деп,
«Мол ғып ал» деп,
Жіберсең-ау тамаққа:
Ет пен майға,
Сүт пен шайға,
Папиросқа, араққа, –
Шашсаң еркін ақшаны,
Сонда көңлің тасқаны!…
Бірақ… ол жоқ…
Тек көңлің тоқ, –
«Ақша» деген қиялға.
(Сыртта мін жоқ),
Іште дым жоқ,
Сүйенесің құр нанға.
Ет те, май да, шай да жоқ,
Құр қиялдан пайда жоқ.
Қасым АМАНЖОЛОВ