Өмір – Өмір! Басқа атауы бар ма оның?!
Таңда өзің ауыры мен жеңілін.
Өмір – сенің үмітің мен арманың,
Қуанышың, қайғы-мұңың, сенімің.
Маңызды емес қашан, қайдан басталды,
Соңын іздеп, не етесің, дос, не үшін деп!..
…Сағындырып тұру керек достарды,
Сағынышын басу үшін «досым!» деп.
Қойшы, қалқам, пәлсапаны, түйгенді,
Бір анық қой түбіне оның жетпесің.
…Өкпелетіп қою керек сүйгенді,
«Жарығым!» деп жазу үшін өкпесін.
Осы ғана! Жеңісің ғой – әр күнің,
Болады оның жемісін де жиюға.
…Ауырлаптау өзгелердің тағдырын,
Айтшы, күнім, бізге сонша қиын ба?
ЕРЛАН ЖҮСІП