Сарыжайлау, сағынышым мәңгілік!…
Жүк артушы ек, сарыатанға қом қылып.
Бозторғай-таң шырылдамай аттанып,
Сары жонға көш жетуші еді болдырып.
Сары атандар көрсететін паң қылық.
Сары жайлауда бала өсер ой қуып…
Атан жілік көкпар тартып ағалар,
Бозбалалар ойнаушы еді қыз қуып.
Саба-саба қымыз пісіп жеңгелер,
Жүздерінен тарататын ізгілік.
Бабалардың қоныстары құлазып,
Сары жонда кейде жатар қайғы ұлып…
Асқарларды мекен еткен құлжалар,
Сайысушы ед, көрген жанды таң қылып.
Шыңның басы суретке ұқсас текелер,
Аңшы әкелер кетуші еді жол қуып…
Шағаладай аппақ шаңқан үйлерге,
Күн түстеніп кетуші еді, Ай қонып.
Шаңырақтан жұлдыздарға сыр ашып,
Армандарды ақша бұлтқа қондырып.
Түнгі аспан қиялымды қымталап,
Шолпан туып, көрсететін қыз қылық.
Жеті жұлдыз жер-анаға жерік боп,
Күн-Анамыз таратушы ед, ізгілік.
Ақсақалдар ауыл санап түстеніп,
Бозбалалар ойнаушы еді қыз қуып.
Ауыл сайын, сайран-сауық, биебау
Алтыбақан, атушы еді түн күліп.
Өтпелі өмір өкпелейтін бір демде,
Сырға толы сарыжайлаудың шаттығын,
Бұзушы еді, сарыала алтын күз келіп…
Өркеш-өркеш жоталармен қоштасып,
Ел қайтатын сарыжайлаудан мұңға еріп..
Ербол Бейілхан