Әлі күнге өшкен емес кеудемнен
Өзің жазған «Әубәкірің», «Өгізің».
Қалжыңдасам табушы едім қанағат,
Кешіруші ем кетсең-дағы сен ағат.
Ашық күнде жай түскендей төбемнен,
Ессіз-түссіз күйге түстім, жамағат!
Енді қашан жан отымды жағармын,
Енді қашан қанатымды қағармын?
Алматыдан алаң болып өзіңе
Торғай жаққа қайта-қайта қарармын.
Күннің нұры шашыраған көзіңнен,
Қасиетіңді енді ғана сезінем.
Өмірде де өзге туған өрен ең,
Өзгешесің өліміңнің өзімен.
Адам едің
Етегі жаз, басы қыс.
Мінезі бар тау суындай тасығыш.
Ойыңа алған шаруаң бардай бір жаққа
Жөнеп кеттің жолаушыдай асығыс.
Түсінбедім сапарыңның мәнісін,
Ол жақтан да табылардай танысың.
Алды-артыңа қарамастан жөнелдің,
Қатарынан асып туған арысым!
Әлі талай зар болармын үніңе,
Өнеріңе – өлеңіңе кім ие?!
Бүгін тіпті тым тарылып кеткендей
Өзің барда кең көрінген дүние.
Әлі талай күлермін де жылармын,
Әлі талай жүрермін де құлармын.
Қабырғама батқан кезде бір қайғы,
Қабіріңе келіп-кетіп тұрармын!
Елі-жұртың
қалған кезде аңырып,
Қан жұтқандай күйге түстім қамығып.
Бір ғажайып түс көргендей жата бер,
Туған Торғай топырағын жамылып!..
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ