Төзе білген қайғыға,
Төгіп көзден жас талай…
Торғай кірді қойныңа,
Құшағыңды аш, Қостанай!
Түсінбейді тірілер,
Тартсын мейлі ғасыр күй…
Торғай деген – ұлы жер,
Ұлылыққа басыңды и!
Жан жүрегім жарадар,
Таңылғандай тағанға.
Онда туған даналар,
Саған да ортақ, маған да.
Талай азап шеккенмен,
Мұқалмайды от – алмас.
Ел бөлініп кеткенмен,
Жер бөлініп кете алмас.
Кімдер, қайтіп қорғайды
Азабы артып азғанда.
Тағдыр ылғи Торғайды
Торығуға жазған ба?!
«Аша тұяқ қалмаған»
Аштық та өтті басынан.
Жайсаңдарды жалмаған
Қастық та өтті басынан.
Төреліктен, бектіктен,
Дертім қалай айығар.
Зиялысы көптіктен
Зиян шеккен жайы бар.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ