Қара жаңбыр аяғы қарға айналып,
Қара жердің төсіне шор байланып.
Бауырымен жер сызып,
Баяу ғана –
Қалың бұлттың салмағы қорғайланып.
Бірте-бірте түйіліп күн қабағы,
Мына маңай мазасыз мұңданады.
Қарайламай қарасын батырды күн,
Дала, сірә, айтқанын тыңдамады.
Қысқы аяздай кеудемді қарып бір мұң,
Төсегіме мен дағы барып тындым.
Қапа болып қалады
Дәл осылай
Қасиетін білмеген жарық күннің!
***
Аяз сорып жер төсін,
Сұрланып тұр ерке аспан.
Қымтана алмай көрпесін,
Қитығады желтоқсан.
Көкте тұрған мекендеп,
Күн көзінде уайым бар.
«Қалай болар екем!» – деп
Қалтырайды қайыңдар.
Бойындағы күш тасып,
Дала қауырт қозғалар.
Қатты болса қыс басы,
Қайтымы да тез болар.
***
Қар жауды да,
Қыс болды бір-ақ күнде.
Жаз дегенің жоғалды жырақ мүлде.
Көктемнің де төбесін көрсетпеді,
Ғашық едім әуелден бұлақ, гүлге.
Табиғат та секілді қыз мінезі,
Мезі қылмай мезгілдің ізгі кезі…
Көзден бұлбұл ұшады
Енді бүгін
Кеше ғана жайнаған күздің өзі.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ