Қызғандым сені –
Жанардан көшкен бау-бақтан.
Қызғандым сені –
Самалдан ескен тау жақтан.
Өкіндім талай,
Өксідім талай
Өсек боп,
Дұшпанның сөзі естіліп жатса аулақтан.
Қызғандым сені –
Сылдырап жатқан құрақтан.
Қызғандым сені –
Былдырап аққан бұлақтан.
Ылғи да сенің иығыңдағы періштең
Тұратын сынды жеткізіп хабар жырақтан.
Қызғандым сені –
Қызғанбай тегі қалмаспын.
Арғымақ болсаң жалыңа талай жармастым.
Ағыл да тегіл көрсетіп тұрып көз жасын
Ағытсам жырды,
Айтсам бір сырды – нанбассың!
Қызғандым сені –
Шуақты күннің көзінен.
Қызғандым сені –
Қуатты жырдың сөзінен.
Қызғанған сайын жаным бір кіріп жанығып,
Өзімді сондай,
Бақытты жандай сезінем.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ