Шәйкен әкем әңгіме айтты төтелеп,
– Әйда, бала, анау-мынау не керек?! –
Тұрғызып ап таңғы сағат сегізде
Қыз үйіне алып келді жетелеп.
Тұлпар көңіл шарлап келгеп қиырды,
Болдыртқандай тез арада тиылды.
– Әкесі де, шешесі де сері адам,
Ән салмасаң болмайды! – деп бұйырды.
Жөні бөлек қайран көңіл ғашықтың,
Ән айтуға қалай сонда асықтым?!
Ала салып домбыраны төргі үйден
Мен де бірден «Қарғам-ауға» басыппын!
Қызып кетіп көрмегендей той көптен,
Қыз үйіне сығаладым әйнектен.
Сонда менің шырқап салған әнімнен
Шырқ ұйқыдан ояныпты бойжеткен.
Дүрліктіріп домбырамен үн қатқан
Ауа көшіп келгендей-ақ бір жақтан.
Депті сонда ұйқысынан тұрған қыз:
– Мынау өзі қандай адам жын қаққан?!
Батыл болса жігіт деген сол нағыз,
Деді Шәйкен:
– О, Тәңірі, қолдаңыз!
«Жын қаққанмен» тағдыр жібі байланып,
Тұрғандығын байқамапты-ау, сонда қыз.
Ақырында жарым болған сол Жанна
Енді бүгін қырық жасқа толғанда,
Қайран Серік, қайтадан бір шырқашы,
Сол баяғы домбыраны қолға ал да!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ