ФЕСТИВАЛЬ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕР

Алатау қойнын ашты асылымен,
Алматы жайып қойды жасыл кілем.
Күлкішіл күміс бұлақ сыңғырлады,
Айнала атырапқа шашып өлең.
Жарқ етіп жүздерінен жаз нышаны,
Әлемнің әнге басты жастық шағы.
Көгіме көгершіндей көтерілді,
Жастық шақ – жақсы тілек, дос құшағы.
Бар мұнда Қостанайдың қоңыр желі,
Бар мұнда Көкшетаудың мөлдір көлі.
Бар мұнда Қызылорда қиғаш қасы,
Бар мұнда Гурьевтің өндірлері.
Даланың ілеспейтін киіктері,
Бар мұнда әрбір жердің жүйріктері.
Аққу күй сабалаған қанатымен,
Ақ үйдің желпілдейді түндіктері.
Саңлақтар көзге түсті шыға шаппа,
Ән-күйді тұр көтеріп дала шаққа.
Жас жалын дүниені дүбірлетіп,
Ту ұстап бара жатыр болашаққа.
 
Сырбай Мәуленов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *