Тілегім менің!
(Іске асар түбі ол-дағы)
Кеудемнен кетпес өлең мен жырдың толғағы.
Ұстара сезім
Ұстауға келмей тұрғанда,
Ұсақтап кетпей,
Құшақтап кетсең болғаны!
Өзіңдей ару керек-ақ мендей қазаққа,
Сау болса басым
Салмаспын сені мазаққа!
Сезімі таза,
Сүйген жүректің қадірін
Сезе білгендер
Төзе де білер азапқа!
Сен қайғыға батқан кезде
Айықпадым мұнардан.
Сен жылы сөз айтқан кезде
Күлім қақты күн алдан.
Сен қиналсаң мен де бірге
Ауыр мұңға батамын.
Тілдің дәмін бергеніңде
Бақыт балын татамын.
Сен жыласаң
Мен де жылап,
Сен қуансаң – қуандым.
Сен құласаң,
Мен де құлап,
Сосын қайта тұрармын!
Қалай бұдан аман қалам,
Қиналмай да, ойланбай.
Тағдыр мені
Саған ғана
Байлап-матап қойғандай.
Таба алмадым – мен амалын
Сенсің құштар – ынтығым…
Түсіне алмай келем әлі
Махаббаттың сиқырын!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ