– Тас түрмеде тудым, – дейтін, – Торғайда, –
Ұлы сазгер Байқадамов Бақытжан.
Ада болмай шатақтан да, атақтан,
Бәрі бірдей жазым болып жат оқтан.
Кілең боздақ – бір молаға көмілген,
Он жеті адам шейіт болып нақақтан.
Қайран Торғай –
Әрбір тасы тіл қатқан,
Сағыныштың тамшылары мың батпан.
Кең сарайдай мынау үйдің төрінде,
Сырбай – Ғафу құшақтасып бір жатқан.
Мынау үйде Қайнекейді кез қылғам,
Анау үйде Нұрхан атам көз жұмған.
Мына бір үй «Жаңа өмірдің» кеңсесі,
Өлең әкеп есіктерін тоздырғам.
Құйттай Торғай,
Кіп-кішкентай қалашық.
Бәрі де аян бергендей-ақ бал ашып.
Мына арада Кеңшілік пен екеуміз
Төбелестік – қызға бола таласып.
Айтқан серттен,
Берген сөзден бұлтармай,
Келе жатыр бұл Торғай ма?!.
Бұл Торғай!
Батырлары шеттерінен сұр мерген,
Ақындары шеттерінен сұртаңдай.
Таңнан сайрап,
Талмай сайрап тұратын
Торғай деген бір данышпан – Ұлы Ақын.
Тарихымнан бастау алған –
Бір Бұлақ –
Бүкіл елді сусындатып тұратын.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ