Сонау жылы…
Жетпіс бестің күзі еді.
Көк аспанда ақша бұлттар жүзеді.
Алыстағы «Абай» деген ауылға
Ақын жігіт аттың басын түзеді.
Ақын жігіт әр тарапқа ой кеткен
Өмір жолын өлеңменен сөйлеткен.
Таран жақта қолаң шашын тараған
Бір қыз бар деп естуші еді бойжеткен.
Сәті түсті жауабына сұраудың
Құла түзге түскен кезі қыраудың.
Көшіп келген Қызылорда жағынан
Қызы екен ол Ізбасардай жыраудың.
Шешесі екен ақын Сара апамыз,
Ақындықтан болып кеткен аты аңыз.
Бойжеткен қыз шыққан кезде сыланып,
Тыпа-тыныш қалай ғана жатамыз.
Еліккен соң махаббаттың күйіне
Түстім барып Шәйкен әкем үйіне.
Көз ұшында көркем көкшіл қақпаға
Тек сыртынан қарап қоям сүйіне.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ