Сені көргім келеді

Сені көргім келеді –
Түн ішінде,
(Еркіндесін ер жігіт тірісінде).
Ақ жүзіңді ардақтап сипаттауға,
Алтының да тең келмес, күмісің де!
Сені көргім келеді –
Құмар қанбай,
Айтылмаған жүректе бір ән бардай.
Ашық күнде айрылған серігінен
Мен өзімді сеземін сыңар жандай.
Сені көргім келеді –
Сенесің бе?
Көз алдымнан кетпейді елесің де.
Калып қойған секілді қайғы-мұңым
Қайырлаған Аралдың кемесінде.
Сені көргім келеді –
Бір-ақ рет!
Бір-ақ рет – өмірдің сұрағы көп.
Тарықтырып қоятын, зарықтырып
Тағдырыма налимын тұрағы жоқ.
Сені көргім келеді –
Тербел, гүлім,
Асығамын жетуге елден бұрын.
Көре алмасам қайтемін,
Көрмегенім,
Көрмегенім – ол менің өлген күнім.
Кісідей әбден шаршаған,
Табылмай ойдың дерегі.
Жақындай беріп, мен саған
Қайтадан қашқым келеді.
Басқанда бір ой еңсені,
Үмітім дереу демеді.
Құшақтай беріп мен сені,
Тартынып қалғым келеді.
Осындай ғажап күй менде,
Шеше алмай қойдым жұмбағын.
…Денеңе денем тигенде,
Ұмытып кетем мұң барын!
 
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *