Кінәлап босқа өткенді,
Қайтемін айтып өкпемді.
Онан да, досым,
Осы күн
Сағынып жүрмін көктемді.
Ғаламат болды бұл неткен?!
Арылмай ғалам дүрмектен.
Жадырап,
Жайнап,
Жарқырап
Келмей-ақ қойды-ау бір көктем.
Кетпей-ақ қойды-ау қыс бірден,
Аязы бар ма үскірген.
Аяқта әлі бәтіңке,
Түскен жоқ тоным үстімнен.
Оранып үлде-бүлдеге,
Жетемін қашан шілдеге?
Кесірі кімнен,
Көктемім –
Кешігіп жатыр бұл неге?!
Өрілмей бұлақ жайлаудан,
Көрінбей гүлдер қойнаудан.
Жалықтым ба елде тойлаудан,
Қалыппын ба әлде ойлаудан?!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ